«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тұлға тағылымы

0 12

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында біртуар азамат, көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаевтың 119 жылдығына орай «Руха­­ни жаңғыру: тұлға тағылымы» атты халықаралық ғылыми-тә­жі­ри­белік конференция өтті.

Бүгін – қазақтан шыққан тұңғыш академик, еліміздегі Ұлттық ғылым академия­сын ұйымдастырушы және металлогения мектебінің негізін қалаушы Қаныш атамыздың туған күні. Яғни ғұлама ғалым 12 сәуірде құт қонған Баянауылдағы Имантай бидің отбасында дүние есігін ашты. Айтулы жиын осы датаға әдейі орай ұйымдастырылған. Шараны Елбасы кітапханасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС, «Зерайна» қоғамдық қоры және академик Қ.И.Сәтбаевтың мемориалдық музейімен бірлесіп өткізді.
Конференцияның пленарлық отырысында алғашқы болып сөз алған Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов академиктің өмір жолы мен қызметі жайында толығырақ сөз сөйледі.
«Қаныш Сәтбаев ХХ ғасырдағы еліміздің дамуына зор үлесін қосқан қоғам қайраткері болды. Оның ғылыми мұрасы – ғажайып дүние. Ұлтымыздың бетке ұстар азаматы Қаныш Сәтбаевтың саналы өмірі мен қызметі кейінгі жас буын үшін қоғамдық сананы жаңғыртудағы негізгі бағдары болып қалады» деп ойын түйіндеді. Тәжікстанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Назирмад Ализода өз баяндамасында: «Қаныш Имантайұлы қазақ ғылымын әлемдік деңгейге көтерді. Біздің елдің Ғылым академиясы оның есімін ғылымға және мемлекеттік қызметке сіңірген еңбегі үшін ардақтайды» дей келіп, Тәжікстан ғылым академиясы геология, сейсмикалық берік құрылыс және сейсмология институтының ғимаратында қазақтың асыл перзентіне арнап мемориалдық белгі орнатылғанын жеткізді. «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС бас директоры Бақтияр Қрықпышев асыл азаматтың мыс кен орнын ашып, өңірдің дамуы мен Жезқазған қаласының құрылысына зор үлес қосқанын баяндаса, жиынның сыйлы мейманы ретінде арнайы шақырған ғалымның немересі, Д.В.Сокольский атындағы Органикалық катализ және электрохимия институты директорының орынбасары Әлима Жармағамбетова атасы жайында жан жадыратарлық жылы естелігімен бөлісті.
«Ол өз халқының нағыз жанашыры, патриоты болды. Оның Уинстон Черчилльге айтқан: «Менің халқым менен де биік» деген сөзі туған жұртының жадында сақтаулы. 1951 жылы қуғын-сүргінге ұшыраған тұсында Қаныш Имантайұлына Мәскеуде жұмыс істеуге ұсыныс түседі. Алайда ғалым туған елінен кетпейді. Сол кездері оның құрастырған болжам картасы бүгінде Қазақстан геологиясы мен жер қойнауын пайдалану жұмыстарында кең түрде қолданылады» деді Әлима Қайнекейқызы.
Сондай-ақ, конференция барысында тағы басқа да азаматтар сөз алып, ұлы адамның ғылым жолындағы қайраткер­лік қырлары жайында парасатты ой өрбітті.
Шара соңында жиналғандарға тау тұлғаның өмірі мен қызмет жолына арналған кітап көрмесі ұсынылды.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды