«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Түлектер шеберлерден тәлім алды

0 10

Нұр-Сұлтан қаласында «Нұр-Сұлтан – жарқын болашақ мекені» атты техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының шеберлік сабақтары өтті.

Қалалық Білім басқармасы ұйым­дастырған бұл шараға елордадағы 35 оқу орнының түлектері қатысты. Оларға кәсіптік бағдар беру, жұмысшы және техникалық мамандықтардың мәртебесін көтеру мақсатында өткен шара колледж студенттерінің қызмет көрсету, білім беру, медицина, ақпараттық технология, көлік, байланыс, құрылыс және коммуналдық шаруашылық мамандықтары бойынша қала тұрғындары мен түлектерге тегін қызмет көрсету, мамандық таңдау бойынша кеңес беру түрінде өтті.
– Бұл шарада қалалық колледж студенттері үйренген білімдерін пайдалана отырып, өз өнерлерін көрсетеді. Бес жылдан бері өткізіліп келе жатқан шара студенттердің жұмысқа орналасуына оң серпін беріп қана қоймай, өз түлектеріміз жасаған өнімдердің ел іші нарығына өтуіне де өте тиімді, – деді қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Дулат Жәкенұлы.
Дизайн, алғашқы медициналық көмек көрсету, робототехника ісі бойынша көрсетілген шеберлік сабақтары шараға қатысушылар арасында үлкен қызығушылық тудырды. «Шеберлік сабақтары болады деген соң, балалар не үйреніп жатыр екен деп әдейі келдім. Себебі менің де өсіп келе жатқан балаларым бар. Болашақта оларға қандай мамандық оқыту керек деген де отбасымыздың өзекті мәселесі. Жастардың өнерлерін көріп қуанып қалдым. Әсіресе, робот жасаған балалардың қабілетіне тәнті болдым» дейді шараға қатысқан қала тұрғыны Майра Алтынбекова.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды