Түйткілдің бәрі – «БІЗДІҢ НАЗАРДА»

Жуырда «Хабар» арнасында жаңа жобаның тұсауы кесіледі. «Біздің назарда» деп аталатын сараптамалық телебағдарламаның көтерер жүгі жеңіл емес. Өйткені онда көпшілікті алаңдататын көкейтесті мәселелер талқыланып, күрмеулі проблемалардың түйіні тарқатылмақ. Халыққа тағы нендей пайдасы тиерін білмек мақсатпен аталмыш бағдарламаның жүргізушісі Жансая Қожахметованы әңгімеге тартқан едік.

Снимок

– Жаңа жобаның қандай ерек­шеліктері бар? Атауы да бізге ерекше ұнап тұр.
– 5 қыркүйектен бастап «Хабар» арнасында көрсетілетін бұл бағдарлама барысында әлеуметтік мәселелер терең қозғалып, таразыланады. Сондай-ақ, ұзақ уақыт бойы шешімін таппай келе жатқан сауалдардың жауабы эфир кезінде жұртшылыққа жеткізілетін болады. Шынар Сағындықова, Мырзабек Түсіпов, Нұршапағат Несіпбаев және Меруерт Сайлаубекова сынды біздің тілшілеріміз өздерінің журналистік шеберліктерін салып, бұқара арасында түйіні тарқамаған тақырыптарды зерттейді.
– Демек, оның шешілуіне жәрдемдесу де сіздердің мойындарыңызда ғой?
– Иә. Бағдарламаның басты мақсаты да сол – кез келген проблеманың шеші­летініне қалың жұртшылықтың көзін жеткізу. Осы орайда телевизияның, журналистер қауымының халық үшін қызмет ететінін дәлелдегіміз келеді.
– Оған көрермендердің өзі де көмектесе ала ма?
– Әрине. Бағдарламада «Халықтық репортаж» деген айдар бар. Кімде-кім кикілжіңге куә болса немесе проблеманың қайнаған ортасында жүрсе, смартфон, камера, планшет сияқты қолындағы гаджетіне әлгі оқиғаны түсіріп, бізге жолдауы керек. Ал біз өз кезегімізде сол мәселенің түбіне үңіліп, оны жоюға күш салатын боламыз. Сонымен қатар, бағдарламадағы «Эксперимент» деген айдарда журналистер кейпін өзгертіп, халықтың наразылығын тудырып отырған жерлерге барады. Сонда жасалған әлеуметтік эксперименттің көмегімен кейбір мәселелер туралы шешімдер шығарады. Тағы бір айрықша айтуға тұрарлық нәрсе, осы тележоба аясында мемлекеттік бағдарламалардың мән-мағынасы мен орындалу барысын халыққа түсіндіреміз.
– Бағдарламаның алғашқы бөлімдері қандай тақырыптарға арналады?
– Біз бұқара арасында зерттеу жүргізіп, бүгінгі күні күйіп тұрған бірнеше мәселені анықтадық. Оның ішінде пәтер сатып пайда тапқан қылмыстық топ, жабайы сау­да, телефон террористері, апатты үйлер, миграция, азық-түлік қауіпсіздігі тәрізді проблемалар бар.
– Яғни, Қазақстанның барлық өңір­леріндегі түйткілді мәселелер қамтылады ғой?
– Дұрыс айтасыз. Оған жоғарыда атап өткен журналистермен қатар, біздің арнаның әр облыстағы меншікті тілшілері де атсалысады. Әу баста осы жобаның шығуына мұрындық болған «Хабар» арнасының басшылығы да бағдарламаның мейлінше ауқымды болғанын көздеп отыр. Жобаның продюсері – білікті де білімді журналист Ысқақ Егемдердиев.
– Бағдарлама қай кезде көрсетіледі?
– Аптасына екі рет, дүйсенбі және сәрсенбі күндері сағат кешкі 18.00-де шығатын болады. Эфир ұзақтығы – 20 минут.
– Асыға күтеміз. Жұмыстарыңызға сәттілік!
Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Сонымен қатар

АЛАШ МҰРАТЫ

Осыдан тура бір ғасыр бұрын, яғни 12 желтоқсанда Орынбор қаласында өткен II жалпықазақ съезінде Алаш …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған