«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Түйткілді жайттар шешімін табады

0 20

Бас қаламызда Байқоңыр ауданының ашылғанына жылға жуық уақыт болып қалды. Бұл ауданда қазір 226 мың адам тұрады. Осы кезең аралығында әкімдік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Кеше аудан басшысы Ерлан Қаналимов №49 орта мектепте кездесу өткізіп, жұртшылық алдына алғаш рет есеп берді.

Жол мен аялдама жайы

Жиын барысында түйткілді мәселелердің шешілу жолдары қозғалды. Аудан басшысы алғысөзінде өткен жылдың қараша айынан бері жергілікті тұрғындардан 50-60-қа жуық сұрақ түскенінен хабардар етті. Бұл кездесуін осы сұрақтардың төңірегінде өрбітіп, әңгімесінің басын жол және көлік инфра­құрылымы тақырыбында бас­тады.
Әкім басқосуда аудандағы жолдардың жағдайын, сондай-ақ аялдамалардың мәселелерін жан-жақты баяндап берді.
– Былтыр ауданымызға қарас­ты 16 көшенің, яғни бас-аяғы
8,37 шақырым жолы асфальтталды. Бұған қоса 36 үлкен және
тұйық көшеге уақытша жол төселді. Ал биыл 14 шақырымды құрайтын 26 көшені жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Оның ішінде Алаш тасжолы да бар, – деді аудан басшысы.
Аудан бойынша қазір мұнда 28 аялдаманың 13-і жөндеу жұмысын, 10-ы толығымен ауыстыруды қажет етеді. Биыл Өндіріс көшесінің бойына 4 аялдама орнатылмақ. Ал тұрғындардың қолайлығы үшін 11 жылы аялдама орнатылса, оның 6-уы жекелеген инвестицияның есебінен салыныпты.

Газбен жылынатын болады

Астана еліміздің бас қаласы болғалы бері газ жеткізу жобасы үш рет қозғалып, үшеуі де сәтсіз аяқталды. Жиында ауданды газдандыру жүйесінің жайы қозғалды. Әкімнің айтуынша, қазіргі уақытта техникалық-­экономикалық жоспары жасалыпты. Оның бастапқы кезеңінде, яғни 2020 жылға қарай ЖЭО-1, ЖЭО-2, ЖЭО-3 кәсіпорындарын көшіру басты назарда тұр. Ал тұрғын үйлерді көгілдір отынға ауыстыру 2021-2025 жылдары жүзеге асырылады.

Тұрғын үй салу жалғасады

Ерлан Қаналимов есеп беру барысында 2018 жылы салынған, сол сияқты құрылысы аяқталуы тиіс тұрғын үй кешендерінің, апатты үйлер мен аулалардың, ескі жатақханалардың жөнін атап өтті.
Ауданда 557 пәтерлі 3 тұрғын үйдің құрылысы аяқталған. Ал қазіргі уақытта 1918 пәтері бар 3 тұрғын үй кешені салынып жатқаны белгілі болды. «7-20-25» бағдарламасы бойынша 12 адамға 1 млн теңге көлемінде тұрғын үй сертификаты беріліпті.
Есеп беру кездесуінде Байқоңыр ауданында 234 аула барын, оның 134-інің жағдайы ойдағыдай болғанмен, 90-ы жөндеуді қажет ететіні айтылды. Ол 2019-2020 жылдары жүзеге асырылмақ. Былтыр 53 көше абаттандырылып, 96 көше тренажері орнатылған.
«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша былтыр апатты жағдайдағы 8 тұрғын үй сүріліпті. Ондағы 113 отбасы қаланың өзге аудандарына көшірілген. Сөз арасында аудандағы 20 жатақханада 5816 тұрғынның 2908 бөлмеде өмір сүріп жатқаны айтылды. Оның бәрі ескіргені, басым бөлігінде қызмет көрсететін ұйымдардың жоқ екені қозғалды. Соның салдарынан түрлі мәселелер шешімін таппай отырған көрінеді. Ерлан Қаналимов осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын, жақын уақытта нәтижесі жарияланатынын мәлім етті. Биыл аудан аумағында әрқайсысында 900 орны бар 2 білім беру нысанының құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.

Дене шынықтыру кешені ашылады

Аудан әкімі сауда нысандары жаңарып, қоғамдық көліктердің саны артатынын, жаңбыр суы ағатын кәріз жүйесі жөнделетінін жеткізді. Осыдан соң жиылған жұртқа кезек беріп, сұрақтарына жауап берді.
– Дәл қазір жиын өткізіп жат­қан орын Астананың шеткері тұсында орналасқан. Мұнда да көңіл көтеріп, сауық құрғысы келетін жастар бар. Алайда кинозалы бар ғимараттар қаланың көрікті тұсында ғана орналасқан. Бұл мәселені шешуге бола ма? – деген Асылзат есімді тұрғынның сұрағына аудан басшысы былай деп жауап қатты: – Ірі сауда,
ойын-сауық орталықтарын жекелеген бизнес өкілдері салады. Сондықтан ол біздің құзыры­мыз­ға кірмейді. Алайда жоспарымызда дене шынықтыру-сауықтыру кешенін ашу бар, міне оның ішінде, өзіңіз айтқандай, кинозалдар да болады.
Осыдан кейін сөз алған тұрғындардың бірі ауданда зейнет жасындағы кісілердің аз еместігін, ал олардың нақты істейтін жұмысы жоқ екенін айта отырып, қарттарға арналған үйірмелер немесе бас қосатын орындар ашылса деген тілегін білдірді. Оған әкім де іле-шала жауап қатты. Ол қазір қарт кісілерге арналған мекемелер ашылып жатқанын, онда кітап оқып, шай ішіп, жиналып әңгімелесуі үшін қажет жағдайлар қарастырылғанын айтты. Игілігі мол мұндай орындар алдағы уақытта арта беретінін де қоса айтты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды