«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тұғырда – қазақ күресі

0 130

Апта соңында Астанада қазақ күресінен Азия чемпионаты шымылдық түреді. Байрақты бәсекеде еліміз бен Жапония, Шри-Ланка, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Моңғолия, Иран, Пәкістан, Қырғызстан, Үндістан мемлекеттерінің 80 балуаны бақ сынамақ.

Бозкілем төрінде Азияның кіл мықтылары 8 салмақ дәрежесі бойынша белдесіп, түйепалуандық жүлдені де сарапқа салмақ. Мәдениет және спорт министрлігі мен Астана қаласының әкімдігінің, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының және ERG Еуразиялық тобының қолдауымен, Халықаралық қазақ күресі федера­ция­сының ұйымдастыруымен өтетін чемпионатта 16 спорт төрешісі жұмыс істейді.
Қазақ күресі қазақ халқының ұлттық спорт түрі ғана емес, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның материалды емес мұралар тізіміне де кірген болатын. Айта кету керек, өткен жылы құрылған Халықаралық қазақ күресі федерациясының президенті болып Энергетика министрі Қанат Бозымбаев таға­йындалған-ды. Ал федерацияның вице-президенттері қатарында қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров пен даңқты балуан Дәулет Тұрлыханов және ҚХР мен Польша Федерацияларының жетекшілері бар.
Жалпы, жыл сайын осы ұлттық спорт түрінен бірнеше халық­аралық және республикалық жарыстар дәстүрлі түрде өтіп тұрады. Атап айтар болсақ, соңғы 5-6 жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Қазақстан барысы», «Еуразия барысы», «Әлем барысы» турнирлері Алты Алаштан бөлек, алты құрлықтың назарынан тыс қалмайды десек, артық айтқандық болмас. Сондай-ақ, қазақ күресінен өткен былтырғы Әлем чемпионатына 40 елден 160 балуан қатысқан болатын.
Халықаралық қазақ күресі федерациясының бас хатшысы Азамат Тілеулесовтің айтуынша, алдағы Азия чемпионатының жүлде қоры 20 мың АҚШ долларын құрайды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды