«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Туған елін өзектен тепкені ме?

0 47

«ҚАЗАҚСТАН ГЕОГРАФИЯСЫ» МЕКТЕПТЕРДЕ НЕГЕ ОҚЫТЫЛМАЙДЫ?

Жаңа бағдарлама бойынша өткен жылдан бастап мектеп бағдарламасы­нан  «Қазақстан географиясы» пән ретінде алынып тасталды. Күзден бері наразылық білдірген ғалымдар мен ұстаздардың жан айқайына депутаттар құлақ асты. Күні кеше өткен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Нұр Отан» фракциясының депутаттары Үкімет басшысының орынбасары Ерболат Досаевқа сауал жолдап, «Қазақстан географиясы» жеке пән ретінде не үшін оқытылмай жатқанын сұрады. 

Тәуелсіздіктің ширек ғасырында елімізде 8 миллионнан астам адам дүниеге келіпті. Бұл халықтың 50 пайызға жуығы екенін ескерсек, жаңа буын өсіп келеді. Ал қалыптасып келе жатқан жаңа буынның білім жолындағы болашағы дау-дамайдан арылмай-ақ қойды. Соңғы 25 жылда білім және ғылым саласы басы жоқ, аяғы жоқ реформалардан көз ашпады. Осы уақытқа дейін басшылығы ең көп ауысқан, яғни 14 адам басқарған да осы Білім және ғылым министрлігі еді.

Жылдың басы – халық қалау­лыларының өңірлерді аралап, ел ішіндегі мәселелерге назар аударатын кезі. Халықтың көкейінде жүрген мәселенің бірі тағы білім саласына қатысты болып отыр. Парламент депутаты Бақытгүл Хаменова «Оқу стандарттарындағы өзгерістерді кезең-кезеңімен әр пәнге енгізу» жөнінде Үкіметтің №1080 қаулысы барын, десек те білім саласына жауапты министрлік тарапынан берілген тапсырма мен айқын бағытты орындауда бұрмалаушылықтардың болатынын айтады.
«Нақты дәйек – жалпыға білім беру білім стандартынан кейін, оқу бағдарламасын әзірлеген жауапты мамандар бас­ты жәйтті ескермей қалған. Кезең-кезеңмен енгізілген өзгерістер қатарынан еліміздің егемендігін танытатын пән – «Қазақстан географиясын» жеке пән ретінде таппадық. Дүние жүзіндегі барлық ел өздерінің тәуелсіздігін таныту үшін географиясын жеке пән ретінде оқытатындығы анық. Жер бедері бойынша ең кішкентай мемлекеттердің өзі бұл тізімнің алдында. Ал Қазақстан Республикасы 193 мемлекеттің ішінде 9-орынды иеленген. Айталық, Израиль мемлекеті төл географиясын екі жыл меңгертсе, көршілес Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдері үш жылға жуық уақытқа жоспарлайды екен. Бізде Қазақстан географиясы 1993 жылдан бастап мектеп қабырғасында оқытылып келеді. Аптасына әупірімдеп оқытатын екі сағаттың өзі бүгінде көзден бұлбұл ұшқалы тұр» дейді ол.
Депутаттың айтуынша, білім саласында алдымен стандарт бекітіліп, бағдарлама жасалып, сосын барып оқулық даярлануы тиіс. Ал қазіргі жағдай басқаша. Бүгінде стандартты аттап өтіп, тіпті бағдарламаға дес бермей, алдымен оқулық даярлауға нұсқау беріледі.
«Сөзімізге дәлел, биылғы оқу жылынан бастап «География» деген атаумен жаңа оқулық енгізілген. Ал «Қазақстан геогра­фиясы» жоқ. Бұл оқулық­тың да еліміздің төл географиясын насихаттауға қаншалықты қыз­мет ететіні күмән тудыра­ды. Бұқаралық ақпарат құ­рал­дары беттеріне берген мәлім­демесінде министр Ерлан Сағадиев мырза аталмыш мәселеден бейхабарлығын танытса, министрліктен алынған ресми жауапта «Бүгінгі күнге дейін «Қазақстан географиясы» пән ретінде емес, оқу бағдарламасы есебінде ғана қаралған» деген жауап алдық. Жауапты басшылықтың жауабы осындай түсініксіз болса, жаңа оқу бағдарламасы мен жаңа оқулықтың шикілігі де айқын» дей келе, халық қалаулысы Білім және ғылым министрінің шығарған оқу бағдарламаларын қайта қарауды ұсынды. Ешқандай бұйрықсыз ауыстыра салынған «Қазақстан географиясы» пәнінің атауы оқу бағдарламасында қайта сақталуын және осы депутаттық сауалға жауапты заңдылыққа сәйкес жазбаша беруді өтінді.
Ал он бес жылдан астам еңбек өтілі бар география пәнінің мұғалімі Жазира Мүсілімқызының айтуынша, 1, 2, 5 және 7-сыныптар бұрынғыдай жүйе­лі тақырыптарға бөлінген «Қазақстан географиясын» емес, «Гео­графия» атты жалпылама жаңа оқулықты оқып жатыр. Әрине, мұнда Қазақстанның та­биғи байлықтарына, жер-су немесе географиялық-экономи­калық жағдайына арнайы тоқ­талмайды. Ақпарат ретінде ғана қысқаша берілген.
– Ұстаз ретінде айтар болсам, бұған дейінгі бағдарлама өте тиімді еді. «Қазақстан географиясы» әр сыныптың деңгейіне байланысты жүйелі оқытылатын. Қазір бәрі араласып кетті. Тіпті тарқатып та түсіндіре алмаймыз. Ал 6, 8, 9, 10-сыныптар ескі бағдарламамен қалды. Олар 2018 жылдан бастап көшеді. Оқулықтың жаңаша өзгерісі білім сапасын дамытады деп айта алмаймын. Керісінше, туған елі туралы түсінігі тар шәкірттердің санын көбейтеміз, – дейді ол.
Ұлттық мүддені ескермеген қазіргі білім саласы тағы қандай қателіктер мен кемшіліктерге бой алдыруы мүмкін?!

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды