«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Целиноград оқиғасы

0 151

(Соңы. Басы газетіміздің  №100 (3915) санында)

Жұрт осымен тарап кетті. Дегенмен халық егер Морозовтың айтқаны өтірік болып шықса, қайтадан шеруге шығатындарын бұдан кейін де білдіріп жатты. Толқу осылай біртіндеп бәсеңдей берді. Қорытындыда билік шерушілердің талап-тілектерімен келісіп, Қазақстанда неміс автономиясын құру жөніндегі мәселенің күн тәртібінен толық алынып тасталғанын жариялады. Ал Орталық партия комитеті Неміс автономиясын құру туралы шешімді жоққа шығару жөніндегі ұйғарымды тек 1980 жылғы ақпанда ғана қабылдады. Республика өмірі үшін аса маңыз­ды бұл мәселе жөнінде жұрттың пікірі екіге жарылды. Бұлардың бір бөлігі немістерге автономия беруді жақтаса, екінші бөлігі бұған аттандап қарсы шықты. Шеруге шығушыларды қолдаушылар тек Алматыдан ғана емес, сол кездегі Одақтың көптеген мүйістерінен табылды.Ал Кеңес Одағы басшылығын сол кезде мұндай көзсіз қадамға итермелеген не? Тарихшылар мен саяси сарапшылар қазір бұған бірінші кезекте КСРО-да тұратын көп санды немістердің 70-жылдары Батыс Германияға жаппай көшуді үдете бастаулары түрткі болғанын себепкер етеді. Себебі олар Еділ бойындағы баяғы автономияларын қалпына келтіріп алудан үміттері үзілгесін, болашақтары қалай боларына көздерін жеткізе алмай, дағдарысқа түскесін елден кетуді жөн санаған көрінеді.
Арада көптеген жылдар өтіп кеткеннен кейін осы оқиғаның басы-қасында жүрген бірқатар тұлғалар шын мәнінде оның қалай басталып, қалай өріс алғаны турасында өз көргендері мен білгендерін жаза бастады. Солардың бірі – құрылмай қалған неміс автономиясының бола алмай қалған басшысы Андрей Браун өзінің естеліктерінде біраз жайдың бетін ашты. «Қазақстан территориясында Неміс автономиялық облысын құру жөніндегі шешім 1979 жылдың маусым айында Мәскеуде СОКП ОК Саяси бюросының отырысында Ю.Андроповтың ұсынысы, Л.Брежнев пен М.Суслов және басқа да Саяси бюро мүшелерінің қолдауы бойынша қабылданды» деп жазды ол. Бірақ бұл отырыс, жоғарыда айтқанымыздай, маусымда емес, мамырдың ең соңғы күні өткен еді.
«Бәрі әдеттегідей құпия, асығыс-үсігіс, жергілікті жұрттың пікірімен санасылмай жүргізіліп жатты. Бұл жерде Ерейментау ауданы жерінің қазақтар үшін айрықша тарихи орны бар екені де ескерілмеді. Жоңғарлармен күрес қолбасшыларының бірі Бөгенбай батыр тап осы өңірлерде туған болатын, – дейді бұдан әрі А.Браун. – Бірақ билік қанша жерден жасырғанымен, көп ұзамай облыста автономия құрылғалы жатқаны жөніндегі қауесет желдей есіп тарай бастады, біраз уақыт өткеннен кейін кейбіреулер тіпті маған телефон арқылы хабарласып, мұның шындық не өтірік екенін сұрап, менің бұл жайында не білетінім жөніндегі сауалдарды қабырғадан қоятын болды. Облысқа А.Коркин бастаған комиссия келіп, Ерейментаудан әкімшілік мекемелер үшін ғимараттар қарастырды, болашақ автономияның шекарасын анықтап, кадрлар таңдай бастады. Облыстың бірінші хатшысы етіп мені белгілесе, облыстық атқару комитетінің төрағалығына М.Сағдиев және екінші хатшылыққа А.Шабатов көзделді, басқа да лауазымдарға кадрлар таңдау жүргізілді».
Әлбетте, бұл іс-шаралардан ке­йін жасыратын ештеңе қалмайды. Сол күндері Андрей Браун өзіне Социалистік Еңбек Ерлері Яков Геринг, Вильгельм Бурбах секілді басқа да танымал шаруашылық басшылары жолығып, автономия­лық облыстың құрылуын мақұлдаған пікірлер білдіргенін сөз етеді. «Баз біреулер немістерді тағы да жерді игеру үшін адам тұрмайтын иен далаға қуып тыққылары келеді деген қауіппен бұған мүлде қарсы пікірлер айтқандар да болды, – дейді ол сосын. – Бір есеппен мұның да жөні келетін, себебі автономия құрамына, негізінен, облыстың шеткері аймақтардағы тұрғындар аз тұратын және экономикалық әлеуеті өте төмен аудандары енуге тиіс-тін».
А.Браунның баяндауынша, алғашқы 16 маусым күні Ленин атындағы орталық алаңда өткен шеруге мыңға жуық қазақ студенттері мен училище-техникумдардың оқушылары қатысқан, олардың арасында ересек кісілер болмаған есепті. Бұл жерде оның бұл мәлімдемесімен келіспейтіндер де аз емес екен. Мәселен, шеруге шыққандарды, негізінен, қазақ жастары құрады деген байламға қарсылық білдіргендер акцияны, негізінен, соғыс ардагерлері құрағанын, ал жастардың тек оларға қолдау көрсетушілер болғанын айтады. Ал ардагерлердің арасында қазақтар ғана емес, орыс және басқа да ұлттардың өкілдері болған көрінеді. Бұған қоса, Целиноград ауыл шаруашылығы институтында оқитын неміс студенттер бұларға қарсы митинг ұйымдастыр­мақ болыпты, бірақ оқу орнының оқытушылары оларды дер кезінде тоқтатыпты деген де болжам бар.
«Ұрандар орыс және қазақ тілдерінде жазылды, – деп атап өтеді А.Браун. – Олар «Қазақстан бөлшектенбейді», «Неміс автономиясына жол жоқ», «Немістер жойылсын», «Келген жақтарыңа кетіңдер» деген сөздерден құралды. Бір жас жігіт Кеңестер үйінің тепкішегінде тұрып, сол кездің рухына сай келетін үндеу оқыды. Облыстық партия комитетінің екінші хатшысы З.Шайдаров шерушілерге қарата екі тілде кезек сөйледі. Ол облыс басшылығында автономия құру туралы ақпар жоқ екенін, мұндай құжаттардың Мәскеуде де, Алматыда да қабылданбағанын айтты.
Естелігінің соңында Андрей ­Браун өзінің Қазақстанда неміс автономиясы шаңырақ құруына қарсы болғанын келтіреді. Ол өзінің бұл позициясын мұны бұрын немістердің автономиялық республикасы орын тепкен Еділ бойынан ашу керектігімен түсіндіреді. «Егер Ресей бұдан бас тарт­са, Қазақстан неге келісуге тиіс?» деп түйіндейді Браун. Оның бұл айтқанында қаншалықты шындық бары бізге қазір белгісіз, бірақ осы тақырыпта әңгіме көтерген қайраткерлердің барлығы дерлік уақыты өтіп кеткеннен кейін өздерін барынша жақсы жақтарынан көрсетуге ұмтылып баққандары айқын аңғарылады.
Қазақ жерінде автономиялық облыс ашу жөніндегі іс-шараның өтуіне жауапты болған генерал Филипп Бобков бастаманың неге сәтсіз аяқталғанын артынша өзінің чекистік құзыры бойынша тексеруге кіріседі. Ол құрылым құрылатыны жөніндегі ақпардың қалай тарап кеткені мен қарсылық акциясын кімнің ұйымдастырғанын анықтау үшін көп күш салады. Өйткені жоғарыдан белгілі бір деңгейде қолдау болмаса, мұндай жаппай саяси қарсылық қозғалысының кең етек алып кетуі өте-мөте қиын еді. Бірақ қатал генерал қалай шарқ ұрса да, бас көтеруді ұйымдастырушының кім екенін таба алмады. Оның қызметкерлері осыған байланысты көптеген адамды тергеуден өткізгендерімен, алға қойған мақсаттарына жеткен жоқ. Филипп Бобков кейін жарыққа шығарған өзінің «ҰҚК және билік» деген кітабында Қазақстанда Неміс автономиялық облысын құруға әрекет жасалғаны туралы арнайы сөз еткен жерінде де осынау шетін мәселе жөнінде бір ауыз ләм-мим демеген екен. Бәлки, Бобков толқуды ұйымдас­тырушыны табуға оншалықты тырыспаған да болар? Әлде Қазақстанда неміс автономиясын ұйымдастырудың жай ишарасын жасау елдің бас чекисі Юрий ­Андроповтың әдейі жасаған астарлы саяси ойыны ма екен? Олай дейтініміз, Кеңес Одағы аумағында Неміс автономиясын құру жөніндегі шешім ГДР және ГФР үкіметтерінің өтініштері бойынша қабылданған деген болжам да бар-тын. Мүмкін бұл әрекет сол өтініштерді қанағаттандыруға жасалған қадам ретінде ғана керек болған шығар. Осылайша күллі әлем мен екі Германияға Кеңес Одағы үкіметінің өз жерінде тұратын немістерге қатысты «ниетінің дұрыс» екенін, бірақ «бәрін өзі шешетін» кеңес халқының бұған қарсы шығып, болдырмай тастағанын көрсеткісі келген сияқты. Бұған осы мемлекеттік шараның жүзеге асырылуын қамтамасыз ете алмағандары үшін бірде-бір жауапты шенеуніктің жазаға тартылмағаны да айғақ бола алады. Рас, бастапқыда бірнеше қазақ студент жоғары оқу орындарынан шығарылған екен, бірақ көп ұзамай қайта қабылданыпты. Осының бәрі бұл істегі талай нәрсенің тайға таңба басқандай айқын емес екенін, мұның құпиясын сол тірліктің басында жүрген санаулы ғана тұлғалардың білетінін байқатады. Бүгінде олардың да барлығы әлдеқашан бақилық болған. Оның ең соңғы тұяғы Филипп Денисовичтің өзі биылғы жылғы 17 мау­сым күні (қандай сәйкестік!) 94-ке қараған жасында өмірден өтіп кетті.
Жасыратыны жоқ, талай жұрт ұзақ уақыт бойы целиноградтықтардың «стихиялық бас көтерулеріне» дем беруші ретінде Дінмұхамед Қонаевтың есімін атап келген еді. Алайда Қонаев естелік кітаптарында мұндай жауапкершілікті өзінің мойнына алмайды. Сол себепті бұл оқиға туралы ол өз мемуарында тек былай деп қана атап өтеді: «Саяси бюро қабылдаған қаулылардың әртүрлі себептермен орындалмай қалған кездері де болды. Тап сондай жағдай сол уақыттарда Қазақстан аумағында Неміс автономиялық облысын құру жүзеге асырылмаған кезде орын алды. Бұл шешім Андропов­тың бастамасы бойынша жаңа автономия құру жөнінде өтініш білдірген хаттарға, ұсыныстарға жауап ретінде қабылданды. Бірақ осыған байланысты қабылданған құжаттың мазмұны қалың бұқараға белгілі болмай жатып, Одақ пен республиканың Орталық Комитеттеріне бұған қарсылық пен наразылық танытқан хаттар мен жеделхаттар легі ағылып келе бастаған.
Қазақстандық белгілі неміс жазушысы Герольд Бельгер де бұдан көп жыл бұрын «Азаттық» радиосының тілшісіне берген сұхбатында аталмыш оқиғаға өз қырынан баға беріп еді. «Мен Қазақстанда Неміс автономиялық облысын құру жайы қозғалған кездегі немістердің көңіл күйлерін жақсы білемін, – деді ол. – Бұл акцияның бастамашылары әсте немістер емес. Біздің көбіміз тіпті бұған қарсы болдық. Немістер бір ғана нәрсені – Еділ бойындағы өз республикаларын қалпына келтіруді қалады. Қазақтар өз жерінде неміс автономиясы құрылуына қарсы шығып жатқанда, мен солардың ортасында жүрдім. Неге? Себебі қазақстандық немістердің барлығы өздері үшін қиын кезде қазақ халқының жылы қабылдағанына дән риза болатын. Сондықтан аяғымызға тұрып алғаннан кейін қазақ жерінен пұшпақ кесіп алмақ болу біздің тарапымыздан жасалған қаскөйлік болып шығар еді. Бұл идея Брежневтің басында ГДР мен ГФР-дың өзіне қысым жасауымен туындады. Бір жақсысы, ол орындалмай қалды».
Белгілі публицист Бейбіт Сапаралы өзінің «Қазақ әдебиеті» газетінде 2016 жылы жарық көрген «Мәңгілік елдің мәні мен мағынасы» атты мақаласында бұл оқиғаны кеңес билеушілерінің қолдан ұйымдастырғанын, қазақ студент жастарын мыңдап Целиноград көшелеріне шығарып салып, жоғарыда аталған қаулының қайтадан күшін жойғызғанын, сосын ешкімді жазаламастан, әсіре өтірік ақпараттар беріп, Батыс алпауыттарын біраз заман тыныштандырып қойғанын әңгімелейді. Кім білсін, бұл байламның да жаны бар сияқты. Қалай дегенде де, кезінде Одақ қана емес, дүйім әлемді шулатқан Целиноград жастары бас көтеруінің халқымыздың рухын көтеруге, еліміздегі ұлттық-демократиялық үдерістерді жандандыруға бастау болғаны анық. Ол, айналып келгенде, 1986 жылдың соңында өтетін Желтоқсан оқиғасына да өзінше дүмпу берді.

Дамир ҚОЖАМҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды