«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тосын көзқарас немесе ерлікке ескерткіш

0 24

Елордадағы «Fоrte Bank Kulanshi Art Space» галереясында «L’art de dialogue» халықаралық жобасының шеңберінде «Тосын көзқарас» атты фотокөрме ашылды. Онда Польша антропологы, саяхатшы, кәсіби фотосуретші Марта Виечорек пен бір топ қазақстандық талантты фотосуретшілердің туындылары топтастырылды.

 

Марта Виечорек осы күндерге дейін 50-ден астам елді аралап шықты. Европа мен Азия­да, Таяу Шығыста өзін қызықтыр­ған көрініс­терді фотообъективтің назарына іліктірді. Аталмыш көрмеге оның бірнеше мемлекетте түсірілген фотосуреттері қойылды.
Ал қазақстандық фотосуретшілерден Жақсылық Байғазы, Әнел Құрбанова, Анар Мергенбаева, Вероника Лернер, Данил Потапов, Дарья Демиденко, Екатерина Заечковская, Натали Карпушенко, Наталья Болгарова, Нәзира Қожанова және Оспан Әлидің туындылары қатар орналасты.
Осының ішіндегі Оспан Әлидің шын есімі – Әлібек Ибраев. Ол – «100 жаңа есім» жобасы екінші мау­сымы жеңімпаздарының бірі, браконьерлердің қолынан қаза тап­қан «Охотзоопром» мекемесінің жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі инспекторы Ерлан Нұрғалиевтің фотосуретінің авторы.


Бұл суретте Ерлан марқұм киіктің құралайын асқан мейіріммен жоғары көтеріп тұр. Фотосуретші Қорғалжын мемлекеттік қорығына пресс-турмен барғанда инспектормен сөйлесіп, осы суретті түсіріп алған.
«Ерлан Нұрғалиев ерлігінің өскелең ұрпаққа берері көп. Сол себептен, ағамыздың мүсіні Ботаникалық бақтан орын тапса деген ұсынысым бар» деді Оспан Әли оны сөзге тартқанымызда.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды