«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Төрт құрлықтың «күмісі» – Тұрсынбаева

0 38

АҚШ-тың Анахайм қаласында мәнерлеп сырғанаудан өткен «Төрт құрлық чемпионатында» ел намысын қорғаған Элизабет Тұрсынбаева күміс жүлдегер атанды.

Элизабет қысқа бағдарламада 68,09 ұпай жинады. Бұл ұпаймен ол 6-орында тұрған. Ал еркін бағдарламада 139,37 ұпай жинап, өзінің осы маусымдағы ең үздік нәтижесін көрсетті. Сөйтіп екі кезеңді қоса санағанда, жалпы 207,46 ұпай еншілеп, күміс жүлдені иеленді.
Байрақты бәсекеде 221,99 ұпаймен жапониялық Рика Кихира жеңіс тұғырына көтерілсе, тағы бір жапон Майи Михара 207,12 ұпаймен қола жүлдеге қол жеткізді.
«Мен алдыңғы сайыс­тарға қарағанда, бұл жерде үздік өнерімді көрсеткеніме қуаныштымын. Бүгін мен алғаш рет төрт сальханы орындауға талпынып көрдім. Құладым, бірақ айналып үлгергенім көңіл көншітті. Екі аптадан бері осы элементті орындап жаттықтым. Сүрінгеннен кейін қалған секіру элементтерін мүлтіксіз орындап шықтым. Отандастарымды осы күміс жүлдемен құттықтағым келеді. Қалың қолдауларыңызға рақмет» деді Элизабет Тұрсынбаева.
Енді ол 4-11 наурызда Красноярск қаласында өтетін Бүкіләлемдік универсиадада және 17-24 наурызда Жапонияда өтетін Әлем чемпионатында бақ сынайды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды