«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Төрінде тұр Ақорда

Жыр арқауы - Астана

0 50

АСТАНА – АРУ ҚАЛА

Қалқаман САРИН

Астанам! Ару қалам, асқақ ордам,
Қалың жұрт, қазағыма қақпа болған.
Ту ұстап, тұлпар мінген бабаларым,
Бермеген ел намысын жатқа қолдан.

Бозоғым, бозбеткейлім, баққа оранған,
Тарихтың қойнауынан тапқан олжам.
Баянды бақытымның бастауындай,
Айналдың Астанаға аппақ арман…

Жар болып Жаббар Ие жалғыз ғана,
Ғасырға аяқ бастық ал біз жаңа.
Сұрланып сырт айналған суық көздер
Қарайды әлі саған сәл қызғана.

Көш келді Қараөткелге өр тұлғалы,
Кеңесін ерлерімнің ел тыңдады.
Тұлғасы бой көтерді Хан Кененің
Жарасып жарқ-жұрқ еткен ер-тұрманы.

Ертеңің ұлтын сүйген ұлыңа сын,
Қашанда еркіндіктің құны басым.
Керіліп кербез далам көсіледі,
Сезініп бостандықтың шұғыласын!

Сан ғасыр армандаған Алаш бабам,
Жалғанды жалт қаратты
жаңа Астанам.
Бірлікті байрақ етіп болашаққа,
Барайын, уа, Жаратқан, жол аш маған!

ҚИЯЛЫҢДАЙ САМҒАЙДЫ

Кәдірбек ҚҰНЫПИЯҰЛЫ

Шат қуаныш сыйлаған
Кәріге де, жасқа да.
Құшақ жайып тұр маған
Әсем қала – Астана.

Араладым ертемен
Арман болған қаланы.
Ортасында ерке өзен –
Есіл ағып барады.

Ұжмақ шаһар ұққанға,
Ұя сыйлар ұл-қызға.
«Бәйтерекке» шыққанда
Төбең тиер жұлдызға.

Таңғалдырмай қоймайды
Сонша сәулет, сонша түр.
Қиялыңдай самғайды
Ертегі боп Хан Шатыр.

Төрінде тұр Ақорда,
Байырқалап барша бақ.
Тоғысады сан арна
Ел тілегін арқалап.

Күлімдейді шаттана
Күллі елімнің тілегі.
Әсем қала Астана –
Қазақстан жүрегі!

ЖҰЛДЫЗДАЙ ЖАНҒАН

Есенгелді СҮЙІНОВ

Нұрлантқан өмірді,
Көркейткен өңірді.
Ән қылып, жыр қылып,
Шалқытқан көңілді,
Киелі мекен – астанам менің!

Аңсатқан мені,
Тамсантқан мені.
Жыраққа кетсем,
Іздедім сені,
Жұлдыздай жанған – астанам менің!

Асықтым саған,
Ғашықпын саған.
Мөп-мөлдір махаббат,
Сыйладың маған,
Аяулым менің – астанам менің!

Толқиды жаным,
Ағады қаным.
Қызықтап жүрем,
Есілдің маңын,
Арманым асыл – астанам менің!

ЕРТЕҢІМ БҮГІНІМНЕН БАСТАЛАДЫ

Гүлсана ТІЛЕУБЕКОВА

Еске алсам айбарымды – Астананы,
Төл рәміз – содан тек басталады.
Төрткүл дүние түгелдей таныды ғой,
Қазаққа болған қазір бас қаланы.
Қазағымның қашанда асқақ әні,
Астананы айшықтар жастар әлі.
Салып берген Нұрағам нұрлы жолмен,
Болашағым бүгіннен басталады.
Көкорай шалғын, көк белді,
Еске алсаң сонау өткенді.
Қазағым менің қайысып.
Қиыншылық бастан көп көрді,
Өткеннің енді бәрі артта қалды.
Жырлайын Астананы, бас қаланы,
Ертеңім бүгінімнен басталады,
Елімнің мақтанышы – асқақ әні.
Астананың шырқалсын асқақ әні,
Өзіңде туып-өскен жастар жалын.
Ертеңі кемел елдің келешегі,
Ертеңім бүгінімнен басталады.

ЕУРАЗИЯ ЖҮРЕГІНДЕ

Ақбота ХАМИТ

Бой көтерген ерке Есіл жағасында,
Ғимараттар бар онда жарасымды.
Көркіне тең келердей жер бетінде
Қаланы мұнан артық табасың ба?!

Нұр себелеп жастардың санасына,
Алып қойған тарихтан бағасын да…
Үміттеніп қараймыз біз жолына
Айналар деп болашақтың қаласына!

Ғажайыптар орын алған бұл елімде
Азаматтар өсуде «тірегім» дер.
Мақтанышпен айтамыз біздер бүгін
Астана – Еуразияның жүрегінде!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды