-->

Төреғали ТӨРЕӘЛІ, эстрада әншісі: АЙТЫС МЕНІ, МЕН АЙТЫСТЫ ТАСТАҒАНЫМ ЖОҚ

Танымал әнші Төреғали Төреәлінің Астана күніне орай өткізетін шығармашылық кешін көпшілік асыға күтіп жүр. «Қазақ қызға үйленем» деп аталатын концерт 8 шілдеде Конгресс-холда ұйымдастырылады. Осынау іс-шара алдында эстрада жұлдызымен кездесіп, оқырмандарымыз жолдаған он сауалды назарына ұсынған едік.

Төреғали Төреәлі

– Бірнеше күннен кейін бас қалада концерт бермекшісіз. Онда көрермендерді нендей нәрселермен қуантпақсыз?

Рауан ҚАЛИМОЛДА, мұғалім

– Алла қаласа, әсем Астанамыздың туған күні қарсаңында жеке ән кешімді берудің сәті түскелі отыр. Ондағы мақсатым – мағынасыз концерт қойып, қаражат табу емес. Жиналған жұртшылық құлақ құрышын қандырар әдемі әннен ләззат алып, бір демалып қайтса екен деймін. Қандай жаңашылдық боларын сонда барғанда біле жатарсыздар. «Арық айтып, семіз шық» демей ме қазақ?!

– Сіздің қай әніңізді алсақ та билей кетуге ыңғайлы, әуені ойнақы. Соңғы уақыттағы тойлардың бірде-бірі оларсыз өтпейтін болды. Алайда қазіргі эстрадада онсыз да жеңіл ән көп. Бірнеше жыл хит болып, соңынан ұмытылып кететін әндердің орындаушысы болып қаламын деп қорықпайсыз ба?

Күнайым БЕГЕН, студент

– Өнер адамын өсіретін де, өшіретін де – халық. Сондықтан бұқараның мені бағалап, қолпаштағанына ризамын. Жеңіл-желпі әндер деп «сүйіп қалдым, күйіп қалдым, сенсіз өмір жоқ» сықылды сөздері бар әндерді ғана айтуға болатын шығар. Менің репертуарымда ондай дүниелер жоқтың қасы. Қолдан келіп жатса, көңіл көтеріп, бой серпілтетін әндер орындаған дұрыс қой.

– Сіз орындайтын әндердің сөзі жақсы. Орындауыңыздағы әндердің мәтінін кім жазады?

Ақтолқын ДҮЙСЕНОВА, бала күтушісі

– Кеше ғана айтыстың есігін жауып шығып, арзан ұйқасты ән айтсам жараспайтын сияқты. Ең алғашқы әнімді жаздырған кезден бастап-ақ тыңдарманның құлағын «айым-күнім, күйем-сүйем» дейтін мәнсіз тіркестермен ауыртпаймын дегенмін. Менің репер­туарымдағы әндердің басым бөлігінің сөзін өзімнің өмірдегі әрі өнердегі бауы­рым, досым, айтыскер ақын Қайнар Алакөзов жазады. «Бол жанымда», «Іздеме», «Қазақ қызға үйленем», «Алло» әндері мәтінінің авторы – сол жігіт. Сонымен қатар, Аян Сейітов, Ершат Қайболдин, Қанат Мырзахан сынды ақындардың сөздеріне жазылған әндерім де бар.

– Отбасыңыз, жеке өміріңіз туралы айтсаңыз…

Балжан СҮЙІНДІК, есепші

– Фариза, Дина есімді екі қарындасым бар. Анам – орыс тілі пәнінің мұғалімі. Қазір үй шаруасында. Қарапайым қазақы отбасында тәрбиелендім.

– Айтыста жүргеніңізде бір топ ақынмен қажылыққа барғаныңызды білеміз. Меккеге қажылықтың мән-мағынасын түсініп бардыңыз ба? Мұсылмандықтың шарттарын қазір қаншалықты орындап жүрсіз?

Мейрам САҒЫНДЫҚ, журналист

– Қайрат Сатыбалды ағамыз бастап біраз ақын қажылыққа барған едік. Қажылықтың мән-мағынасын толықтай түсініп бардым. Меніңше, мұсылмандық парызыңды өтеудің ерте-кеші жоқ. Оны әркім өзі үшін жасайды ғой. Сол себепті, мұндай жайттарды жария қылмау керек секілді.

– Алдағы уақытта сізді айтыстан қайта көре аламыз ба?

Марат НҰРЛЫБАЙ, инженер

– Айтыстан көріп қалуларыңыз ғажап емес. Айтыс мені, мен айтысты тастағаным жоқ. Турасына келгенде, мені Төреғали Төреәлі еткен де – осы өнер. Концерттеріме келетін көрерменнің жартысы – үлкен кісілер. Олар мені осы айтыс арқылы таныған шығар деп ойлаймын.

– Болашақтағы жоспарларыңызбен бөлісіңізші.

Аружан ҚАЙЫРХАН, қаржыгер

– Алға қойған мақсат-міндеттерім жетерлік. Әзірге Ұлттық арнамен тізе қосып, «Ұлы дала баласы» атты реалити-шоу түсіріп жатырмыз. Бұл шоу республикамыздағы тоғыз облысты қамтиды. Оны алдағы  уақытта «Қазақстан» ұлттық арнасынан тамашалайтын боласыздар.

– Әнші ретінде енді таныла бастағаныңызда бәзбіреулер сізді Қайрат Нұртастың көшірмесі деп атады. Енді бірі Еркін Нұржановқа ұқсатып жатты. Жалпы, еліктейтін кісілеріңіз бар ма?

Жансая ЕШІМОВА, жеке кәсіпкер

– Қайрат та, Еркін де еліктеуге тұрарлық, еңбекқор әншілер ғой. Бірақ өзім оларға емес, бала күнімнен «Нұр-Мұқасан» тобындағы Мұқасан ағаға қатты еліктедім. Ол кісі әкемнің досы болатын. Қызылордаға концерт беріп келгенде, Байқоңырдағы біздің үйге соғып, постерлеріне маған қолтаңба жазып беріп кететін. Ал сахнада Мұқасан ағаның дауысымен ән салып, биін қайталаған емеспін. Көшірме өнермен көріне алмайтынымды түсінемін, өйткені.

– Өзіңіз әнге сөз жазғыңыз келмей ме?

Бүркіт БАТЫРХАНОВ, асаба

– Өзім де бірнеше әнге сөз жазып көрдім. Өнерде жүрген аға-әпкелер, бауырлар өтініш жасаған кезде анда-санда қағазға түртіп қоятыным бар. Өлең жазу ақын үшін бұйым да емес. Жүрек жабығып, көңіл сыздаған кезде бір шумақтар келеді, әйтеуір. Бірақ бір ақындар сияқты композитор ұсынған кез келген музыкаға сүйкеп өлең жаза салмаймын. Ертең титрда «өлеңін жазған» деген жерде менің атым тұрады. Өз есімімді арзан ұйқастардың иесіне айналдырмауым керек. Еркін Нұржановпен бірігіп орындайтын «Ботам-ай» деген әннің сөзін өзім жазғанмын. Халық жылы қабылдаған тәрізді.

– «Атағы жер жарған әнші атану үшін қалтаңда қыруар қаржың болуы керек» деген қағидамен қаншалықты келісесіз?

Мұхит БАБАҚҰЛ, оқушы

– Қаражат керек, әрине. Қазіргі заманда ақшамен бәрін жасауға болады. Алайда Алладан келген дарының мен талантың болмаса, ешкімге де керек емессің. Өз басым ондай қағиданы ұстанбайды екенмін.

Дайындаған:  Ботагөз  МАРАТҚЫЗЫ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*