«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тоқаев емтиханды сәтті тапсырды

0 22

Кеше Орталық сайлау комиссиясында «Nur Otan» партиясынан президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтайтын емтиханды сәтті тапсырды. Лингвистикалық комиссия «Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілін толық меңгерген» деген шешім шығарды.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 55-бабына сәйкес, 23 сәуір күні «Nur Otan» партиясы президенттікке үміткер ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың тиісті құжаттарын тапсырды. Онда партияның жоғары органының үміткерді ұсыну жөніндегі отырысының хаттамасынан үзінді, үміткердің өзінің сайлауға түсуге келісім бергені туралы өтініші, өмірбаян деректері, Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасын енгізгенін куәландыратын құжат, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, жоғары оқу орнындағы білімі туралы дипломдарының көшірмелері және мемлекеттік қызметте жұмыс тәжірибесінің бар екенін растайтын құжаттар болды. Осы құжаттардың барлығы талапқа сай болғандықтан, лингвистикалық комиссия мүшелері заң бойынша үміткердің мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтау рәсіміне кірісті.
Лингвистикалық комиссия мүшелерінің барлығы Мемлекет басшысының қазақ тілін еркін меңгергендігіне көз жеткізді. «Бүгін ең басты үміткер – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев емтихан тапсырды. Ол «Абай Құнанбайұлының поэзиясы мен прозасы» деген тақырыпта шығарма жазды. Абайдың поэзиясы, қара сөздері, оның халыққа беретін тәрбиелік мәні жөнінде өте терең жазылған. Сынақтың екінші кезеңінде Шерхан Мұртазаның «Мыңбұлақ» әңгімесін таңдап алып, соның ішінен үш бетін мазмұнды, мәнерлеп оқып берді. Үшінші кезеңде «Қазақстанның геосаясаты» деген тақырыпта сөйледі. Өзінің жанына жақын тақырып екені белгілі. Комиссия мүшелері ықыласпен тыңдап, арасында өздерінің ой-пікірлерін ашық айтып отырды. Соңынан бәріміздің сөзіміз бір жерден шықты. Сынақ тапсырушының жауаптарын талдай келе, лингвистикалық комиссия: «Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекеттік тілді толық, жан-жақты меңгерген» деген ұйғарымға келді» деп мәлімдеді емтиханнан кейін лингвистикалық комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбеков.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды