«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Толысқан талант

0 84

Астананың Мемлекеттік академиялық филармониясы қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі – бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, профессор Айтқали Жайымовтың «Шаттанамын» атты күйі бар. Осы атаумен кітабы да шыққан. Ұстаз тәжірибесін үлгі тұтатын аталмыш өнер ұжымының дирижері, күйші, композитор, Мәдениет қайраткері Нұрлан ­Бекенов 15 қыркүйек күні «Астана» концерт залында «Шаттан, елім» атауы­мен шығармашылық концертін өткізеді.

Филармонияның музыка кеш­теріне барып жүріп, Бекенов деген есім-сойды алғаш естігенде елең ете қалғанбыз. Нұрлан замандасымызды көрнекті күйші, күй өнерінің зерттелуіне мол үлес қосқан Уәли Бекеновтің баласы немесе немересі ме деп ойладық. Бұл Бекеновтің белгілі Бекеновке қатысы жоқ болып шықты. Бірақ бағыты бір екен. Сол жолда шаршамай, талмай ізденіп, еңбектеніп келеді.
Жер жәннаты – Жетісу өлке­сінде атақты Қабан жыраудың қызының атын иеленген Қоянкөз деген ауыл бар. Бұл ауылда «Тамашаның» тарланы Тоқсын Құлыбеков туған. Нұрланның әкесі Алданышбай Тоқсынмен бір сыныпта оқыған. Нұрлан қазір Тоқсынның аты берілген мектептің төртінші сыныбында оқығанда домбыраға үйір болды. Ұлттық аспабымыздың әліппесін мектеп ұстазы Жанғазы Жексенбаевтан үйренді.
Рахым Тәжібаев пен Серік Нұр­тазин жетелеп жүріп, Ж.Еле­­­беков атындағы эстрада-цирк колледжіне апарды. Оқу орны­ның сол кездегі директоры Қошқарбай Тасбергенов өнерін тыңдаған соң, бірден екінші курсқа қабылдаймын деді. Алайда өзі П.Чайковский атындағы музыка колледжін таңдады.
Әрі қарай Қалдыгүл Рақышева, Орынбай Дүйсен талабын шың­дады. Осыдан тура 20 жыл бұрын Астанада музыканттар байқауы өтті. Сол байқауда «Ақсақ құлан» халық күйін тартып, үшінші орынды иеленді. Соңында осын­дағы Қазақ ұлттық музыка ака­демиясына (қазіргі Қазақ ұлт­тық өнер университеті) оқуға қабылданды.
Қазақ ғылымының көгінен құйрықты жұлдыздай ағып өткен Шоқан Уәлихановтың мәңгілікке дамыл тапқан жері Нұрланның туған ауылынан үш-ақ шақырым жерде. Астанаға алғаш келгенде «Шоқан сияқты шыңға шыға алам ба, жоқ па?» деп ойлады. Аш құрсақ студент күнінде біраз уайымға түскені де бар. Сөйтіп жүргенде ұстазы Жұматай Тезекбаев жігерін жаныды. Нұрланның өзі де ширай түсіп, биікке өрлеудің басы болсын деп «Талпыныс» атты күй жазды.
Оның алғашқы күйлерінің бірі «Жайлауда» деп аталады. Бұл шығарма анасы Айханның туған өлкесі, Сүйінбай, Жамбылды өлең-жыр, әнмен тербеген Ұзынағаш маңында жазылды. Нағашылап барғанда осындай олжаға кенелді. «Қара тай» атты күйі әулетке біткен жүйрік жылқының тұқымына арналды. «Бес ғасыр жырлайды» кітабын оқып отырып, «Құлтуманың толғауы» атты күй туды.
Ақын Айбатыр Сейтақпен бір­­ге «Мәншүк ерлігі», Нұрлан Қалқаның өлеңіне «Туған жер», «Қоянкөз» әндерін, Қабан жырау­дың жырларына бірнеше мақам жазды.
Музыка академиясын бітір­ген соң концерттік орындау­шы, оқытушы, оркестр әр­тісі және халық аспаптары оркестрінің дирижері деген төрт мамандыққа ие болды. Аспирантураны да аяқтады.
Айтқали Жайымовтың Аста­наға келуі Нұрланның шығарма­шылығына үлкен серпіліс әкелді. «Бұл маған үлкен мектеп болды. Композиция, дирижерлік жағынан одан көп үйрендім. Әлі де үйреніп келе жатырмын. Ол кісі бетімнен қақпай, ақырындап сипап отырып баптайды. Кемшілігім болса, қатты кетпей, жетістігімді мейірленіп жеткізеді. Айтқали аға ылғи «Өнер жалқы болмайды. Дирижер болу үшін бір аспапты тамаша меңгеру керек. Композитор болмасаң да, дирижерлігіңнен түк шықпайды» деп айтып отырады. Бұл – шындық. Мысал үшін Нұрғиса Тілендиев пен Айтқали ағаның өзін алсақ та болады» дейді музыкант.
«Күй сарын» атты күйлер жи­нағын, Түркияға сапарынан кейін белгілі ғалым Әбдуақап Қарамен бірігіп жазған «Түркия қазақтарының ән-күйлері» кіта­бын шығарды.
Нұрғиса Тілендиев атындағы байқауда топ жарып, Фуат Мансуров, Шамғон Қажығалиев секілді музыка мэтрлерінің батасын алды. Он шақты жыл бұрын белгілі ғалым Қойшығара Салғараұлының 70 жылдық мерейтойы кезінде «Құлтуманың толғауы» атты күйін тартты. Сол жерде кешті жүргізген Ақселеу Сейдімбектің көзіне түсті. Ақселеу өнерін жоғары бағалап, үйіне шақырды. Алайда көпке ұзамай Ахаң дүниеден өтіп кетті. Нұрлан ағамен жақын араласа алмадым-ау деген өкініштен оған арнап «Аңсау» атты күйді жазды.
Нұрлан Бекеновтің Астана­дағы алғашқы кеші осыдан тура 10 жыл бұрын өтті. «Шаттан, елім» концертін «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында елорданың 20 жыл­дығына арнап отыр. Оған өнердегі және өмірдегі ағасы Нұрғали Нүсіпжанов, жоғарыда аты аталған Уәли Бекеновтің немересі Серік Бекенов, филармониядағы әріптестері қатысады. Қазір он жыл бұ­рынғы Нұрлан емес, өнері толыса, кемелдене түсті. Жүз рет айтқаннан, бір рет көрген артық. Өздеріңіз концертті тамашалаңыздар, құрметті оқырман!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды