Пятница, 28 Июль 2017
-->

Төлеутай СҮЛЕЙМЕНОВ: АЛТЫ АЙДА ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІ ЕЛУ МЕМЛЕКЕТ ТАНЫДЫ

Бүгінде Қазақстан – әлемге танылған, өз сара жолы бар мемлекет. Еліміз азаттықтың ширек ғасыр тойын бір ғасырға жүк болар жетістіктермен қарсы алды. Осы жолда қаншама еселі еңбек пен маңдай тер төгілді. Дербестік алған жылдарда Елбасыға сенімді серік болып, тәуелсіздіктің тұғырын биіктеткен азаматтар болды. Солардың бірі – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, егемендіктің елең-алаң шағында Сыртқы істер министрі болған Төлеутай Сүлейменов. Біз ұлы мереке қарсаңында ардақты азаматпен жүздесіп, сонау бір көк байрағымыз желбіреген алғашқы жылдарға көз жіберіп, әңгіме өрбіткен едік.

toleutaj-suleymenov

АЗАТТЫҚ БАСЫМЫЗҒА ҚОНҒАН БАҚЫТ

– Аға, әрбір халық үшін тә­уелсіздіктен артық құнды­лық жоқ. Сондықтан сөзімізді осы бір киелі ұғымнан бастап ой қорытсақ?

– Арғы ғасырларды айт­пағанда, соңғы жетпіс жыл бойы Кеңес одағының құрамында өмір кештік. Барлық елдік мә­селелерді Мәскеу шешіп, қа­рапайым жол салу мен тұрғын үй көтерудің өзін солар арқылы жүзеге асырдық. Өзімізде ерік болмады. Қандай бір реформаны іске асыруға жоғарыдан рұқсат қажет. Біздің республикадан шыққан өнімдердің бәрін солар ұқсатып, өз қаржымызға қажетті дүниелерді сол кездегі одақтың астанасында отырғандардың кабинетін жағалап, сұрап аламыз. Сондай бір заман болды.
Ал Тәуелсіздіктің жөні бөлек. Әрине, біз оны майданға шығып алған жоқпыз. Бірақ, ол бізге оңай келген жоқ. Ғасырлар бойы бабалар басын бәйгеге тігіп, армандаған азат рухтың жемісі еді. Ұзақ жылдар бойы әлемдегі супердержава саналып келген одақ түбі шіріген теректей құлады. Енді барлығын өзіміз алдымызға мақсат қойып, шешетін болдық. Азаттық – басымызға қонған бақыт. Оны ұзақ күттік. Осы жолда халқымыздың асыл азаматтары құрбан болды. Өткен ғасырдың басында ғұмыр кешкен ұлт зиялылары Ресейден бөлініп, дербес мемлекет болсақ деп армандады. Кеңес үкіметі еркін ойлайтын, ұлтын сүйген адамдарды қуғындады, түрмеге жапты, ақыры ату жазасына кесті. Азаттық алғаннан кейін олардың бәрі ақталды. Солардың аңсаған армандары мен жүзеге асырмақ болған мақсаттарына қолымыз жетті. Бұдан артық қуаныш жоқ. Екі ғасыр тұсындағы осындай бақытты шақты көргеніме ризамын. Егемендіктің алғашқы жылдарында қиыншылықтар болды. Бұрынғы қан тамырларындай байланысып жатқан одақтас республикалар арасындағы байланыс үзілді. Жаңа шаңырақ көтерген жас елміз. Алдымызға демократиялық зайырлы мемлекет болуды мақсат тұттық.

– Сол кезде алдымызда қандай жол тұрды, үлгі болатын елдер болды ма?

– КСРО-ның Сыртқы істер министрлігінде қызмет істеп жүргенде көп шет мем­лекеттердің саясаты мен тәжі­рибелерімен таныспын. Әсіресе, Еуропа елдері, оның ішінде Венгрия, Польша, Болгария, Чехия, және Румынияны жақсы білемін. Олардың Кеңес одағының блогына кірсе де, бас еркі өздерінде және қаржылық қоры мен жеке әскері болды. Соған таңғалып, осындай болсақ деп армандадық. Ол уақытта үкіметтік делегациямен шет елге шықсақ, бізді Кеңес одағының азаматы санайтын. Қазақ деген сөз жоқ, Қазақстанның аты айтылмайды, соған ішіміз күйеді. Жоғарыда айтқан мемлекеттерде адам капиталы мен саясатты жүргізу тәжірибелері бар еді. Бізде ол дұрыс қалыптаспаған. Сондықтан сол елдердің тәжірибесін бағдарлап көру керек деген ой болды. Неге десеңіз, алдымен тілді түсінеміз, экономика мен әскери қуаты жағынан жақындау. Сол үшін екі арадағы әріптестікті ұлғайтып, бір-бірімізбен танысу керек. Ол кезде бізді ешкім жөнді білмейді. Сөйтіп, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында сыртқы саясатты Еуропадан бастадық. Қанша дегенмен экономикасы дамыған, өркениетті ел саналады. Одан кейін Оңтүстік Азияға назар аударып, оларда қандай тәжірибе бар, жекешелендіруді қалай жүргізді, ұлттық валюталары бар ма, даму реформасы қалай жүзеге асты, соның бәрін мұқият зерделедік. Егемендік алғаннан кейін біздің алдымызда Қазақстанды әлемге таныстыру мақсаты тұрды. Осымен алғашқы күннен бастап айналыстық. Алдымен Біріккен Ұлттар ұйымы мен Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымына кіру қажет болды. Халықаралық қаржы институттары мен одан бөлек аймақтық одақтар бар, солармен байланысу керек. Араб елімен қарым-қатынас құрып, ислам конференциясына қатыстық. Алғашқы алты айда тәуелсіздігімізді елу мемлекет таныды.

– Біріккен Ұлттар Ұйымына қабылдану қалай болғанын таратып айтсаңыз?

– 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігін жария­лады. Жаңа жылға дейін он күннен артық уақыт бар. Мемлекет басшысы «Ең бірінші қандай мәселе қажет?» деп сұрады. Мен ол кісіге Біріккен Ұлттар Ұйымына кіруіміз қажет, сонда басқалар біздің елімізді таниды дедім. Содан бір аптаның ішінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ның сол кездегі бас хатшысына хат жазды. Желтоқсанның аяғында Қазақстан Республикасының БҰҰ-ға мүше болып қабылдануы туралы Елбасымыз қол қойған өтініш Бас хатшыға табыс етілді. 1992 жылдың 23 қаңтарында БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі өз мәжілісінде Бас Ассамблеяға Қазақстанды бейбітшіл мемлекет ретінде БҰҰ-ның мүшелігіне қабылдауды ұсынды. 1992 жыл­дың 2 наурызында БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 46-сессиясы Қазақстанды Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше етіп қабылдады. Біздің еліміздің тәуелсіздігі халықаралық тұрғыдан танылды. Сөйтіп, ұйымға мүше мемлекеттердің жалауы жел­біреген алаңда туымыз көтерілді. Оған біз қатты қуанып, кеудемізді мақтаныш лебі кернеді. Еу­ропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымына да кіру үшін бір жарым апта ішінде құжаттарды әзірлеп, 1992 жылы оның мүшесі атандық.

АЛҒАШҚЫ ЖҰМЫС АҚ ПАРАҚТАН БАСТАЛДЫ

– Егемендіктің елең-алаң шағында Сыртқы істер ми­нистрі болдыңыз. Елімізде дипломатия қызметі толық қалыптаспаған шақ. Сондай уақытта тығырықтан шығу үшін жұмысты неден бастадыңыздар?

– Әрине, қиын болды. Министрліктің алғашқы жұмысы ақ парақтан басталды. Кеңес дәуірінде онда он шақты ғана адам жұмыс істеп, олардың қызметі консулдық виза берумен шектелген. Одан басқа сыртқы саясат болған жоқ. Тәуелсіз ел атандық. Енді аз адаммен жұмыс істеу мүмкін емес. Қан­шама құжаттарды дайындау қажет. Содан Елбасыға «КСРО Сыртқы Істер министрлігінде, елшіліктерде істеген отандастарымызды жұмысқа шақырайын» деп айттым. Ол кісі қолдау көрсетті. Олар баспана мәселесі қалай болады деп сұрады. Елбасы «Мәскеудегі баспаналарын сатып, осы жақтан пәтер сатып алсын» деді. Дегенмен, бес-алты маманға баспана берілді. Сөйтіп, министрліктің жаңа құрамы дипломатиялық қызметте тәжірибесі мол Сәлім Құрманғожин, Қайыр Омаров, Вячеслав Ғизатов секілді кәсіби мамандармен толықты. Бір жыл ішінде министрлікке жеті жүз адамды жұмысқа алдық. Арнайы комиссия құрылды. Оны Сәлім Құрманғожин басқарды. Еліміздегі халық­аралық қатынастар факультетін бітірген мамандар мен тіл білетін оқытушыларды, сыртқы саясатпен айналысып жүрген азаматтардың бәрін шақырып, жеке-жеке әңгіме өткізіп, қызметке қабылдадық. Олардың білімі мен біліктілігін жетілдіру үшін Пәкістан, Индия, Қытай, Иран және Еуропа елдерінің Сыртқы істер министрлерімен келіссөз жүргізіп, үш айға оқу жібердік. Қаржының тапшылығынан мамандардың жолақысын ғана төледік. Олар оқып келгеннен кейін сыртқы саясаттың қызметі жандана бастады. Жұмысымыз жеңілдегендей болды. Министрлік ішінен департаменттер құрып, негізгі құрылымды қамтамасыз еттік. Ол кезде шет елдерде елшілік әлі ашылған жоқ еді.

– Бастапқы кезде қай мемлекетте елшілік ашылды?

– Алдымен Америка Құрама штаттарында, содан кейін Түркияда, Венгрияда ашылды. Ресейде біздің өкілдік болды, оны елшілікке айналдырдық. Содан кейін бұрынғы одақтас он бес республикада елшілік ашуды бастадық. Оған қаржы бөлініп, елшілерді әзірледік.

– Сол күрделі кезеңге бүгінгі көзбен қарап, қандай ой түйер едіңіз?

– Ол – менің өмірім. Жігерге толы жастық шағым десем болады. Табанымыз жерге тимей күндіз-түні жұмыс істедік. Ақша дегенге қараған емеспіз. Бір күнде елімізге өзге мемлекеттердің екі-үш Сыртқы істер министрі келеді, соларды қабылдаймыз. Ол уақытта самолеттердің бәрі түнде ұшып келеді. Таңға дейін аэропортта жүріп, соларды қарсы аламыз. Резиденцияға алып келеміз. Біздің елімізге не мақсатпен келгенін біліп, Елбасыға қандай мәселелер айтады, кіммен кездескісі келеді, соның бәрін жазып аламын. Сол қағаздың бәрі таңертең Мемлекет басшысының алдында жатады. Уақытпен санасу, отбасыны ойлау деген жоқ. Оның барлығы еліміз тезірек еңсесін тіктеп, дамыған мемлекеттердің қатарына қосылып, халқымыздың жағдайы жақсарсын деген адал ниет еді. Экономикамыз даму үшін инвестиция тартылып, озық елдердің қатарына тезірек қосылуды ойладық. Егемендіктің алғашқы шағында заң жағынан да қиындықтар болды. 1993 жылға дейін бұрынғы Қазақ КСР- інің заңдарына қосымша толықтырулар мен өзгерістер кіргізіп отырдық. Ол уақытта Алматыға депутаттар сессияға жылына екі рет келеді. Ол бізге қиындық тудырды. Соның бәрі бүгінде тарихқа айналды.

– Жаңа бір сөзіңізде инвестиция туралы айтып қалдыңыз. Олар бізге қалай келді?

– Ол кезде шетелдің алпауыт компаниялары Қазақстанды білген жоқ. Және біздің территорияда ядролық қару болды. Ядролық держава саналған Еуропа мемлекеттері: «Бізге ол қаруды не істейсіздер, оны өздеріңізге қалдырасыздар ма, әлде Ресейге бересіздер ме?» деп сұрады. Осы келіссөз ұзаққа созылды. Президент оларға: «Біз демократиялық, нарықтық қатынаспен жүреміз. Бізге ядролық қару керек емес. Бірақ сол қарудың зардабын тартқан халыққа қолдау қажет» деген жауап айтты. Бұл Қазақстанның салмақты стратегиялық таңдау жасағанын, ядролық қарудан бас тартқан ел мәртебесіне ие болғанын көрсетті.
Әрине, сондағы қиыншылықты сөзбен жеткізу қиын. Инфляция мен жұмыссыздық деңгейі шарықтап кетіп, жұртшылық шеруге жиі шықты. Зауыт пен фабрикалардың жұмысы тоқтап, оқыған көзі ашық адамдардың дені күнкөріс қамымен саудаға кетті. Тезірек инвестиция тартып, экономиканы көтеру керек болды. Байлықтың бәрі жердің астында жатты. Оны пайдалану үшін мол қаржы қажет. Көршілерде ақша жоқ. Сондықтан инвестицияны дамыған мемлекеттерден іздеу керек. АҚШ, Еуропа мемлекеттері мен Малайзия, Сингапур, Қытай және Араб елдерін қалдырмай аралап, елге инвестиция тартуға тырыстық. Елбасының әлем алдындағы беделі мен іскерлігінің арқасында шетелдік инвесторлар келді.

КҮРДЕЛІ КЕЗЕҢДЕ ШҰҒЫЛ ШЕШІМ ҚАЖЕТ

– Сол тоқсаныншы жыл­дардың басында еліміздің бас ордасын орталыққа көшіру туралы пікірлер айтыла бастады. Сіздің содан хабарыңыз болды ма?
– Хабарым ғана болған жоқ, ортасында жүрдім десем болады.1993 жылы Елбасымен осы Ақмолаға ұшып келдік. Ол кезде мен Сыртқы істер министрімін. Бізді Ақмола әкімшілігінің басшысы А.Браун күтіп алды. Содан вертолетпен Ерейментауға ұштық. Соған барған кезде Президент маған «Оңаша жүріп қайтайық» деп екі тастың үстіне барып отырдық. Ол кісі: «Көрдіңіз бе, мына жер қандай жақсы, ауасы таза, кең дала. Алматыда ауа жоқ, үйлер тауға шығып барады, әрі жер сілкінісінен де қауіп бар, елорданы осы жаққа көшірсек қалай болады?» деген ой тастады. Бұл ұсынысты мен де қолдап, оны ұйымдастыру керек дедім. Мемлекет басшысы «Алдымен зиялы қауымның пікірін білейік, бізбен бірге жазушы Оралхан Бөкей жүр. Соған осы мәселенің шет жағасын айтып түсіндір» деп тапсырма берді. Мен сол кездегі «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, өмірден ерте озған дарынды қаламгер Оралхан Бөкейге Елбасы айтқан пікірді жеткізіп, Астананы Ақмолаға көшіру туралы зиялы қауым мен ел арасына ой тастап, олардың көзқарасын сараптайық деген сөзді айттым. 1994 жылы Ақмолаға он бес шақты министрлердің құрамы жинақталған делегациямен келіп, осы жердің табиғаты мен суын зерттеп, болашақта елорда болған уақытта маңызды ғимараттар қай жерде бой көтереді, соның бәрін анықтап, Елбасыға дайындап көрсеттік. Әрине, алғашында астананы ауыстыруға қарсылықтар болды. Бірақ елорданы Арқа төсіне көшіру дұрыс болғандығын уақыт көрсетіп отыр. Сондай күрделі кезеңдерде тәуекелге бара білетін шұғыл шешімдер қажет болды. Өйткені адамдардың бәрі ақша, жұмыс деп күнкөрістік жолға түсті. Халықтың ойын бұру керек. Астананың ауысқаны халқымыздың санасын өзгертіп, отансүйгіштік рухты оятты. «Елорда салып жатырмыз» деп жастар білектерін түріп, еңбек етті. Адамға жаңа ой келіп, жаңаша мақсаттар қалыптасты. Елдің назары елордаға бұрылып, өткен кемшіліктің бәрі ұмытыла бастады.

– Қатпары мол дипло­ма­тиялық жолға қалай келдіңіз?

– Алаш ардақтыларының табаны тиген Семей қаласында туғанымен, сан тарау шойын жолы түйіскен Аягөзде ержеттім. «Дипломат болып тумайды, қалыптасады» дейді орыстар. Сол секілді адам өмірінде кездесетін тосын сыйлар көп. Сол кездегі комсомолдың тапсырмасымен Теміртауға келіп, металлургия комбинатында жұмысшы, цех шебері болдым. Ол жерде үлкен зауыт салынды. Оған жергілікті ұлт арасынан кадрлар керек деген тапсырма болған. Соған ілігіп, Магнитогорскіге барып, білім алдым. Одан соң Қарағанды политехникалық институтын тәмамдадым. Дипломат болам деп ойлаған емеспін. Кеңес үкіметінің тұсында Мәскеуде Қазақстаннан шыққан елшілер аз болды. Сондықтан қазақтың дипломат жас мамандарын дайындау мақсатында менің кандидатурам жоғарыға барыпты. Сөйтіп, КСРО Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық академиясында оқыдым. Одақ кезінде Ауғанстанда, Иранда жұмыс істедім. 1994 жылдан бастап елшілік қызметімді қайта жалғадым. Қазақстанның АҚШ-тағы, Венгриядағы, Бельгиядағы, Польшадағы төтенше және өкілетті елшісі, 2003 жылы Қазақстанның Солтүстік Атлантика шарты ұйымындағы өкілдігінде атқарушы басшы қызметінде болдым.
– 2005 жылдары ҚР Президенті жанындағы Мем­лекеттік басқару академиясы дипломатия институтының директоры болдыңыз. Мем­лекеттік қызметкердің алдында қандай міндет тұру қажет деп ойлайсыз?

– Елімізде Мемлекеттік қыз­мет заң қабылданды. Бүгінгі осы бағыттағы қол жеткізген жетістіктерді «Назарбаев моделі» деп айтуға болады. Алғашқы таңда мемлекеттік қызметті жетілдірудің жолын Сингапур, Малайзия, Оңтүстік Корея секілді дамыған елдердің тәжірибелеріне сүйендік. Қазіргі таңда «Сингапурлық модель» әлемге танылған. Мемлекеттің тұрақты дамуы жолында мемлекеттік қызметшінің рөлі зор. Сингапур мен Малайзияда мемлекеттік аппарат мықты болды. Сингапурдың: «Алдымен өздеріңіз үшін жұмыс істе, қалған қаржыны үкімет өзі алады» деген қағидасы бар. Сондықтан мемлекеттік қызметкерлер уақыт талабына сай бәсекеге қабілетті болған жөн. Жемқорлықтан ада болып, тәртіп қатаң сақталу қажет. Барлық жағынан халықаралық стандарттарға сай жұмыс істеу керек. Алдымен елдің, халық­тың қамын ойлаған жөн. Бүгінде көп жастар «Болашақ» бағ­дарламасы бойынша шетелде оқып жатыр. Солар өз білімдерін мен тәжірибелерін елге әкеліп, осы саланың бағын одан әрі жандырады деп ойлаймын.

– Егемен еліміздің келешегін қалай елестетесіз?

– Бүгінгі жастардың бойы­нан туған елі мен жерін шын сүйе білетін, патриоттық қа­сиеттерді көріп, сүйсініп отырамын. Алдымен Тәуелсіздік деген киелі ұғымның құнын түсірмей, мәңгілік ел болудың мұратын түсіне білу керек. Осы жиырма бес жыл ішінде көптеген жұмыстар атқарылды. Болашағымыздың бағдары айқын, тәжірибеміз бар, мықты мамандар шоғыры қалыптасты. Енді Ел Президентінің «Қа­зақстан-2050» стратегиялық бағдарламасын одан әрі дамытып, соны жүзеге асыру қажет. Жиырма бес жыл ішінде мемлекеттің іргетасы қаланып, аға буын соны бекітті. Енді соны жас буын жалғастырып, одан әрі биіктетсе деймін.
Сонда алға қойған мақсат­тарымызға жетеміз деп ойлаймын. Қазіргі адам бұрынғы емес, көзі ашық, әлемдегі барлық ақпараттан хабардар болып отырады. Тәуелсіздіктің ширек ғасыр тойы құтты болып, халқымыз аман, еліміз тыныш, бірлігіміз арта берсін демекпін!
– Аға, шынайы әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан:
Азамат ЕСЕНЖОЛ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*