«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Төлемдерді қалай қысқартуға болады?

0 16

Астаналықтардың жартысы меншік иелері болса, жартысы пәтер жалдаушылар десем артық айтпағаным болар. Сол себепті бұл әңгіме екі жаққа да пайдалы болмақ.

erm_0228

Пәтер жалдап тұру – амалдың жоғынан да болуы мүмкін, бірақ оның қай кезде де тиімді болмағын ешкім жоққа шығар алмас. Олай дейтініміз, бұл тұрғын жайы мен өмір сүру жағ­дайын жақсартудың бір амалы деп те қарастырған жөн. Алыс өңірлерден көшіп келіп, бас шаһарымызда баспанасыз жүргендерден бөлек, жұмысына жақын, қала ортасынан үй жалдап тұратындар да жоқ емес. Демек, жалдамалы пәтерде тұратындардың дені амалы жоқтар деп айтуға болмас. Енді олар кімдер деген сұрақты да түсіндіріп өтелік. Бірінші кезекте студенттерді айтуға болады. Тек қана Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетте басқа өңірлерден келген 11 390 студент оқиды екен. Оның 4588-і студенттер үйінде тұрып жатса, қалғандары – пәтер жағалап жүр деген сөз. Бұл сандарға қоса қаладағы бас­қа оқу орындарының студенттерін қосыңыз.
Астанада жас отбасылар мен елордада жұмыс істеп жүрген өзге өңірден келгендер де жетіп артылады. Бұлар біз сөз етіп отырған тізімнің екінші бөлігін құрайды. Бұдан бөлек, басқа республикалардан келген еңбек мигранттары барын еске салғымыз келеді. Бәрін қосқанда, қомақты қауым жиналып қалады.
Жалпы, пәтер жалдаушылар мен меншік иелерінің ара-қатынасы қалай түзеледі? Екі жақтың да қалауы болып, талабы ескеріліп, алыстан сыйласып өмір сүруіне нендей кедергі бар? Осы сұрақтар көбімізді ойландырады.
Шынын айту керек, барлық пәтер жалдаушылар кісінің мүлкіне жан­ашырлықпен қарап, уақытша тұрған күндерінде тазалықты сақтап, ұқыпты қарауға салғырт келеді. Оны түсіндіріп жатудың қажеті жоқ. Меншік иелері қамсыз қалмас үшін келісім шарт жасасып алғаны артық етпейді. Онда бөлмедегі жиһаздарды тізімдеп, олар­дың ескі-жаңасын анықтап алуы керек, сонымен бірге тосыннан болатын жайттарды ескеру қажет-ақ. Мысалы сантехника сынып, көршілерді су басса кім жауап береді? Күнделікті тұр­мыста қолданылып жүрген заттар істен шықса, оны кім жөндейді, тағысын тағылар. Сол себепті алдын ала келісіп алғанның артығы жоқ. Ал, жалдап алған бұрышыңызда мысық пен ит ұстағыңыз келсе, мұны да келісіп алған жөн.
Енді пәтер жалдаушылардың ай сайынғы коммуналдық төлемдердің ретін бір қарап алғанның артығы жоқ. Оның ішінде өзіңізге аса қажет емес қызметтер бары рас. Пәтерде жалғыз өзіңіз тұратын себепті, қажеті аз қызметтерді анықтап, оның төлемін қысқартуға тырысыңыз. Мысалы, бүгінде үй телефонының қажеті аз. Телефонды үш айға дейін өшіріп қоюға болады. Ондай жағдайда ол кезде ай сайынғы мыңнан астам абоненттік төлемнің жартысын ғана төлейсіз. Бір жаман жері, сізден кейінгілерге телефон қажет болса, оны қайта қосу үшін 11 580 теңге төлеу керек болады. Тағы бір аса қат емес нәрсе – домофон. Оны да реттеп, қолыңызда есікті ашатын кілт болса, оның қызметін пайдаланбауға болады. Бақылау камера­сының басын ашып алғанның зияны жоқ. Ақылы жеделсатының жайы да сөз етуге тұрады. Ал, үйдегі шамдарды үнемдеуші жарық көздеріне ауыстыру да пәтер жалдаушының көп қаражатын үнемдейді. Енді бір жағдай, кабельді теледидардың бағасына қарай таңдау қажеттігі. Ол туралы ақпарат жетеді, оны да талғамыңыз бен қаражатыңыз шешпек.
Өзіңіз тұрған кездегі жылу мен су, тағы басқа маңызды қызметтерге төлем сол күйінде қалады. Біздердің айтып отырғанымыз, пәтер жалдаушыларға аса қат емес қызметтерге артық қаражат шығармаудың жолдарын ескерту ғана.

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды