-->

ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ ТӨРТКҮЛ ДҮНИЕГЕ ТАНЫЛУДА

Кеше Астана төрінде тоғызқұмалақтан ІV әлем чемпионаты мәресіне жетті. Қазақтың ұлттық зияткерлік спортынан өткен байрақты бәсекеде 25 елдің сайыпқырандары сынға түсті.

Біле білсек, тоғызқұмалақ бүгінгі таңда төрткүл дүниеге танылып отыр. Бұл ретте Дү­ние­жүзілік тоғызқұмалақ федерациясы мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан орасан жұмыстар атқарылып жатқанын атап айтқымыз келеді. Ұлттық құндылығымыз болып саналатын тоғызқұмалақты әлемдік деңгейде насихаттаудың арқасында АҚШ, Ауғанстан, Антигуа мен Барбуда, Әзербайжан, Германия, Грузия, Колумбия, Қыр­ғызстан, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Сирия, Тәжікстан, Түркия, Түркіменстан, Үндістан, Ұлыбритания, Чехия және Швейцария елдерінде тоғызқұмалақ федерациялары құрылған. Сондай-ақ, биылғы әлем біріншілігіне Австрия, Камерун, Польша және Украина кұрамалары да тұңғыш рет қатысып отыр. Осының бәрі тоғызқұмалақтың қызықты әрі пайдалы спорт екенін айғақтаса керек.

Халықаралық аренаға шыққалы осыған дейін тоғызқұмалақтан үш әлем чемпионаты өтті. Тұңғыш әлем біріншілігі 2010 жылы Астана қаласында ұйымдастырылып, онда 16 елдің өрендері қатысқан еді. Екінші әлем чемпионатының жалауы 2012 жылы Чехияның Пардубице қаласында көтерілді. Бұл жарыс­та 10 елдің спортшылары бақ сынады. Ал үшінші әлем чемпионаты 2015 жылы Алматы қаласында өткізіліп, бұл додада 23 мемлекеттен үміткерлер қатысты. Сондай-ақ, тоғызқұмалақ Бүкілдүниежүзілік зияткерлік фестивальдер мен олимпиадалардың бағдарламасына да енгізіліп, Лондон, Пардубице және Канн қалаларында өткен әлемдік сайыстардардың қатарынан көрінді.

Ал кеше ғана аяқталған төртінші әлем чемпионатының қорытындысында классикалық, рапид және блиц жарыстары бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Әлем чемпионы атағын блиц түрінен қыздар арасында қазақстандық Қымбат Нөсерова, ерлер арасында қыр­ғызстандық Құбан Ибрагимов, рапид түрінен қазақстандықтар Лина Каримова мен Нұрбек Қабиев, классика түрінен қазақстандық Әсел Дәлиева мен Хамитжан Елеусінов жеңіп алды.

Командалық есепте Қазақстан-1 құрамасы топ жарды. Әлемдік жарыста топ жарған тоғызқұмалақ саңлақтарын Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының бірінші орынбасары Дархан Мыңбай, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов және Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Бәйменов құттықтап, дипломдар мен медальдар табыс етті. Келесі әлем біріншілігі 2019 жылы Түркияда өтетін болады.

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*