Понедельник, 26 Июнь 2017
-->

«ТІСТЕЛГЕН АЛМА» ТІСТЕЛГЕН ӨМІРІМІЗ БОЛЫП ЖҮРМЕСІН

iph77

Қазір заман басқа. Жоғары технологияның дамығаны соншалық, адамзат баласының өзіне қатты әсер ете бастады. Әрине, біржақты пікірмен шектеліп қалуға болмас. Дегенмен, ойымыз озған сайын күннен-күнге қолымызда бар құндылығымызды да жоғалтып жатқанымыз рас. Бүгінгі жастарға қарап осындай ой түйдік.

Қазіргі уақытта ұялы телефонсыз адамды елестету қиын. Ғылымның соңғы жиырма жылдығындағы үлкен жетістіктердің бірінен саналатын мобильді байланыс қартқа да, жасқа да тиімді екенін мойындаймыз. Бірақ алақандай сол құрылғының жыл өткен сайын түрленіп бара жатқаны көңілге күдік ұялатады. Алғашқыда телефон ұрлау сияқты қылмыстық фактілер көп тіркеліп жүрді. Кейін озық ойлылардың арқасында одан да құтылғандай болдық. Телефонымызға «ақыл қонып», смартфон атанды. Енді қазір оны байланыс үшін ғана емес, кітап, ақпарат, ойын-сауық, тағы да басқа неше түрлі қажеттіліктер үшін пайдаланып жүрміз. Айналып келгенде, қай-қайсымыз да өз смартфонымыздың алдында тәуелді болдық. Ғылымда оны «Номофобия» деп атайды.

Бұл атаудың пайда болғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Ағылшынның «no mobile phobia» сөздерінен құралған терминді қазақшаласақ, «телефонсыз қалу қорқынышы» дегенге саяды. Осыған дейін лудомания (ойынға тәуелділік), интернет-аддикция (интернетке тәуелділік) секілді дерттерді білуші едік. Ал біз әңгіме етіп отырған номофобия – жоғарыда аталғандардың тұтасқан түрі десек, қателеспейміз. Өйткені, бізді тәуелді еткен смартфонымыздан интернет те, ойын-сауық та – бәрі-бәрі табылады емес пе?!

Бір бөлем бар. Көп балалы жанұяның екінші перзенті. Мен үшін сол үйдегі ең ақылдысы да, ең қайырымдысы да – осы. Туғандарының, мейлі үлкені, мейлі кішісі болсын, көңілдеріне қарап жүреді. Алайда, соңғы уақытта мінезінен бір ауытқулар байқадым: қабағы қатулы, еңсесі түсіңкі. Себеп не дейсіздер ғой? Әрине, айфон! Туған күніне үйдегі жағдайға қарамастан, соны алып беруін өтініпті. Ондай қомақты қаржының қолда жоқ екендігі оған бесенеден белгілі. «Кредитке болса да, алып беріңіздер!» деп безек қағады.

 – Сіңлім-ау, тәп-тәуір телефоның бар ғой. Айфонды кейінірек алып берсек болмай ма? Ата-анаң қиналып қалады ғой!

– Сіздер ештеңені түсінбейсіздер! Маған тек қана айфон керек және тез арада!

Мәссаған! Бір смартфонның адам баласына осынша әсер ететінін өз көзіммен көрдім. Көрдім де, түңілдім. «Түсінбейсіздердің» астарында не жатқанын түсіне қойдым. Маңайындағы өздері айтпақшы «крутой» құрбы-құрдастарымен теңескісі келеді. Ал оларды «крутой» қып тұрған тістелген алмасы бар бәле. Ақыры арманын қолына қондырып тынды. Ал ата-ана қарызға батты… Біреудің отбасына араласуға хақым да жоқ қой, бұл оқиға қатты қынжылтты. Мәселе ақшада да, кредитте де емес, технологияның адам санасына былай әсер еткендігін жақсылыққа баламадым. Бойжеткен енді тыныштала ма десек, мүлде олай емес екен. Бұл жолы сол үйде қонып қалдым. Сіңлім тіпті үйіндегілермен ашылып әңгімелеспейтін болыпты. Әпкеммен шүйіркелесеміз деп, түннің үш сағатында ұйықтау керектігі еске түсті. Жатын бөлмеге барсам, балапан да ояу. Телміріп қарап жатқан телефонын сұрадым. Ішінде «Вконтакте», «Инстаграмм», «Whats App», «Retrica», «MomentCam», «Repix»…. Айта берсем, таусылар емес. Ең өкініштісі, пайдалы бір дүние де таппадым. Қолы неліктен босамай жүргені белгілі болды. Осының бәріне алаңдап үйге кіріп келсем, анам тағы бір жайтты хабардар етті. Күзде немере інім бір білім бәйгесіне қатысатын еді. Бірақ жаз бойы бір дайындалмады. Енді аяқ астынан кітаптарды ақтарып әлек. Сөйтсем, жеңгем ғылыми жобадан бірінші орын алса, iPad алып берем депті! iPhone-нің ағасы ол! Ашуланғаным-ай…

Міне, көз алдымдағы жағдай осы. Осыдан кейін-ақ адамның өзгеруіне өз қолындағының ықпалы зор екенін түсіндім. Жақсылыққа қарай жетелесе бір сәрі-ау… Жерден шыққан жік сияқты жамандыққа сүйрейтінін қайтерсің?!

Мамандардың айтуынша, номофобияға шалдыққандардың есірткіге немесе ішімдікке тәуелді болғандардан еш айырмашылығы жоқ. Олар да қоғамдағы тірліктен бірте-бірте ажырап, жұмыс жасау, отбасын құру қабілеттерін біржола жоғалтады екен. Сондай-ақ, өзін-өзі күтуді доғарып, жан-жағындағыларға мейірім көрсетуден қалады. Ондайды басқа салмасын! Бұл дерттен құтылатын күн туар ма екен?

P.S. Сөз соңында Стив Джобстың өз балаларына «айфон» мен «айпадты» пайдалануға тыйым салғаны туралы айтқым келеді. Тістелген алма тістелген өмірге айналатынын өнертапқыштың өзі алдын ала білсе керек…

Күнайым СӘКЕН

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*