«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тілсіз жаудың тақсіреті…

0 31

 Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары шаһардың шеткі аймақтарындағы жекеменшік секторларға рейд жасап, пешпен жылытылатын үйлердегі өртке қарсы қауіпсіздік шараларын тексеріп, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. 


34 өрт. 5 баланың өлімі

ТЖД мәліметінше, Астанада былтыр 699, ал биыл жыл басынан бері 34 өрт оқиғасы тіркеліпті. Естеріңізге салсақ, апта басында тілсіз жау салдарынан уақытша тұрғызылған үйдің төбесі опырылып, бір үйдің бес бірдей баласы өлім құшқан болатын. Қаза болған балалардың ата-­анасы өрт тұтанған уақытта түнгі ауысымдағы жұмыста болғаны газет бетінде бұған дейін де жазылған еді. Мойындарында төрт банктің несиесі тұрғандықтан, омыраудағы кенжесі жасқа толмаса да, анасы жұмысқа шығуға мәжбүр болған.
Бұл қайғылы жағдай бүкіл халықтың қабырғасын қайыстырды. «Қайғыны бөліссең, азаяды» дейді. Бес бүлдіршінді соңғы сапарға шығарып салуға жұртшылық көп жиналды. Жаназа рәсіміне қатысқан Астананың бас имамы Нау­рызбай Тағанұлы мешіт атынан бұл отбасыға баспана алып беретіндерін мәлімдеді.
Сол сияқты «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы Мақсатбек Қайыр­ғалиев те әлеуметтік желілерде таралған бейнежазбада көмек ретінде жиналған 13,4 млн теңгенің осы жанұяға табысталатынын айтқан.
Көпшілік те жұдырық болып жұмылып, шама-шарқынша қол ұшын созып, қайтыс болған балалардың анасы Жанымгүл Ситердің есепшотына ақша аударып, көмек көрсетуде.
Төтенше жағдай орын алған күннің ертесінде шұғыл жиын өткізіп, қайғыдан қан жұтқан жандарға қажетті барлық материалдық, медициналық көмек көрсетуді тапсырған Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов жиыннан соң оқиға орнына барып, отбасына көңіл айтқан болатын.
Айта кету керек, «Kaspi bank» АҚ өз тараптарынан бұл отбасыға берілген кредиттік қарыздарын кешірген екен.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы өрт салдарынан қаза болған балалардың ата-анасы мен туысқандарына көңіл айтып, Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев пен Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтановқа зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетуді тапсырды.

Талап сақталмағанының салдары

Жалпы, елордадағы жеке тұрғын үйдің саны 22 267-ні құрайды екен. Мамандардың айтуынша, қаладағы өрттің 50 па­йыздан астамы осы жеке тұрғын жайларда орын алады. Сондықтан олар жылыту маусымы басталысымен әр сенбі-жексенбі атқа қонып, жеке тұрғын үйлерді аралайтын көрінеді. ТЖД қызметкерлері биылғы қысқы маусымда 44 рет рейд жасап, 52 мың адамға үгіт-насихат жүргізіпті. Мысалы, аталмыш департамент мамандары мен еріктілер алдыңғы күні Байқоңыр және Сарыарқа аудандарына, кеше Алматы ауданына ат басын бұрса, рейд бүгін Есіл ауданында жалғасуда. Төтенше жағдай орын алғаннан кейін тексеріс жұмыстары күшейтілген режимде жүргізілуде.
– Рейд барысында тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіріп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз. Бірақ адамдар сонда да қауіпсіздік ережелерін сақтай бермейді, – дейді Сарыарқа ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Қуаныш Тоқсарин «Көктал-1» тұрғын алабына рейд жүргізу барысында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында. – Жаңа бір үйге кіргенімізде қауіпсіздік ережесі мүлде сақталмапты. Пештің маңайында аяқ киімдер мен ағаш отыны жатыр. Үстіңгі жағынан жіп тартып, кір жайып қойыпты. Бұл өте қауіпті жағдай. Мен ескерту жасап жатсам да, үй иесі сөзіме аса құлақ аспады. Аяқ киімдерін пеш маңынан алмады. Жалпы, тұрғындардың көпшілігі сөйтеді. Рейд кезінде ескерту жасасақ, бастарын шұлғиды. Бірақ сол үйге қайта айналып соқсақ, бәрі сол қалпында жатады. Біз оларға тек ескерту жасаумен ғана шектелеміз.
Дегенмен қала тұрғындарының бірі Қайрат Шуақбаев ТЖД қыз­меткерлерінің өрт қауіпсіздігі ережелері жайлы айтқан кеңес­терінен алдағы уақытта қорытынды шығаратынын жеткізді.

Ескерту ескерілмеген

Қалалық ТЖД бастығының міндетін атқарушы Марғұлан Аманбаевтың айтуынша, осыған дейін «Көктал-1» тұрғын алабында өрт және басқа да төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізілген кезде өрт болған осы үйге де барып, отбасы мүшелеріне олқылықтарды жоюға қатысты ескерту жасалған екен. Бірақ тиісті шаралардың жасалмауының салдарынан осындай жағдайдың орын алуы мүмкін екенін айтады сарапшылар. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі зерттеліп, құзырлы органдар тарапынан тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Олардың мәліметінше, осы уақытша тұрғызылған үйдің қожайыны жауапқа тартылуы мүмкін.
Жалпы, арман қалада баспаналы болу да көптің арманына айналып тұр. Елдің әр түкпірінен арман арқалап келгендердің көбісі елорданың шетіндегі лашықтарды паналап жүр. «Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы» дегендей, елдің жанды жерін пайдаланып, заңға қайшы болса да, ауласынан бірнеше құжаты жоқ төрт қабыр­ғаны қалқайтып, көлеңкелі кәсіпті нәсіп етіп жүргендер де жетерлік. ТЖД мамандарының рейді кезінде де тозығы жеткен неше түрлі тұрғын жайларды көзіміз көрді. Тіпті бір ауладағы төрт есіктің қайсысы үй, қайсысы қора екенін де ажырату мүмкін болмады. Сыртқы есіктері бірдей болғанмен, бірі монша, екіншісі қора, басқалары үй болып шықты. Олардың кейбірінде электр сымдары қалай болса солай тартылған. Санитарлық жағдай да, пешпен жылыту орындары да талапқа сай емес. Уақытша тұрғызылған үйлердің көбісінің құжаты да дұрыс болмауы мүмкін. Өрттің де әсіресе осындай үйлерде жиі болатынын айтады ТЖД мамандары.

Төтенше жағдай қайталанбауы тиіс

Жасыратыны жоқ, мұндай жағдай тек Астанада ғана емес, еліміздің барлық аймағында да бар. Өткен жылы елімізде 9595 өрт тіркеліп, қызыл жалын 322 адамның өмірін жалмапты. Оның ішінде 34 баланың жаны қыршыннан қиылған. Жақында ғана (9 қаңтарда) Қызылорданың саяжайларының бірінде өрт шығып, бір үйдің үш ұлы от құшағына оранып көз жұмған.
Енді қалай болса солай тұрғызылған, құжаты жоқ үйлердің қожайындары жауапқа тартылуы мүмкін. Бұған Президент те пәрмен берді. Елбасы мұндай жағдай қайталанбас үшін барлық тиісті шараны қабылдау керектігін айтты.
«Барлық өңірдің әкімдері құзырлы органдармен бірлесіп, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бақылауды күшейтуі керек, сондай-ақ тиісті тексерістер ұйымдастырып, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет» делінген Ақорданың хабарламасында.
Осы орайда «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев та «Нұр Отан» партиясы бұл бағыттарда нақты ұсыныстар дайындап, алдағы уақытта сол бойынша Үкіметпен бірлесіп жұмыс істеп, жағдайдың жақсаруына өздерінің үлестерін қосатынын жеткізді.
«Бұл жайт қоғамдағы кейбір өзекті мәселелердің кезек күттірмей шешуді қажет ететінін көрсетіп берді» деп жазды ­­М. Әшімбаев өзінің фейсбуктегі парақшасында.

Түйін

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтатын болсақ, жеке тұрғын үйлердегі өрттің шығу себебі көбіне пешпен жылыту кезінде талаптың сақталмауынан болып отыр. Содан соң сапасыз отынды пайдаланғандықтан, бықсыған шоқтың салдарынан жер-жерде газдан улану да тыйылмай тұр өкінішке қарай. Осындай жағдайларды болдырмас үшін еліміз тұтастай газбен жылыту жүйесіне көшсе, бәлкім, тұрғындар тілсіз жаудың тақсіретін тартпас па еді…

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды