«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тілсіз жау бес баланың өмірін жалмады

0 73

Кеше түнде елордада төтенше жағдай тіркелді. Қайғылы оқиға Көктал тұрғын алабындағы Шыңғыстау көшесінде болды. Жеке үйдің ауласындағы уақытша тұрғызылған баспанадан шыққан өрт туралы хабар Төтенше жағдайлар департаментінің «101» пультіне сағат 02:34-те келіп түскен.


30 шаршы метр аумақты шарпыған жалын салдарынан 25 шаршы метрлік төбе опырыла құлаған. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер тілсіз жауды сөндіргенімен, іште қалып кеткен балаларды құтқара алмады. Өрт орнынан 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылдары туған бес баланың мәйіті табылды. Ең кішісі небәрі – үш айлық. Ал олардың әке-шешесі түнгі ауысымдағы жұмыс­та болған екен. Қайғылы оқиға жайлы әлеуметтік желіде қарапайым халық­тан бастап, қоғам белсенділері мәселе көтерді.
Астананың айналасында біреудің үйшігін жалға алып, өмір сүріп жүрген отбасылар жетіп артылады. Өрттің 65,9 пайызы осындай жеке тұрғын үй аумақтарынан шығады. Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті­нің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы Астанада 699 өрт тіркеліп, 10 адам қаза тапқан. Оның біреуі – бала. Ал биылдық­қа алғаш тіркелген өрттен бір үйдің бес бірдей баласы көз жұмып отыр. Бір түнде бар қымбатынан айырылған ата-ананың ауыр жағдайын айтпаса да түсінікті. Тұрмыстың ауыртпалығы, әлеуметтік жағдайдың төмендігі ата-ананы түнгі ауысымда жұмыс істеуге мәжбүрлегені белгілі болып отыр.
Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов «Көктал-1» тұрғын алабында орын алған осы жағдайға байланысты шұғыл жиын өткізді. «Ауыр жағдайға душар болған отбасына қайғыра көңіл айтамын. Қала басшылығы оқиға орнында болды, қаза тапқан балалардың ата-анасымен психологтар және әлеуметтік қызмет мамандары жұмыс істеуде. Зардап шеккен отбасына қалалық әлеуметтік қорғау басқармасы тарапынан материалдық көмек көрсетіледі. Сарыарқа ауданы әкіміне жерлеу рәсімін ұйымдас­тыруды және отбасына уақытша баспана беруді, жанған үйді тез арада қалпына келтіру үшін қаражат бөлуді тапсырамын» деді. Өз кезегінде, Төтенше жағ­дайлар департаменті бастығының міндетін ат­қарушы Марғұлан Аманбаев осыған дейін «Көктал-1» тұрғын алабында өрт және басқа да төтенше жағдайлар болдырмау үшін профилактикалық жұмыстар жүргізілгенін айтады. Сол кезде департамент қызметкерлері бұл үйге барып, олқылықтарды жою үшін ескертпе берген көрінеді. Қала басшысы аудан әкімдері мен төтенше жағдайлар департаменті және полицияға бірлесіп дереу жеке сектордағы әр үйге барып өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау тұрғысында тексеріс, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді талап етті.
Жалпы, жекеменшік тұрғын үйлердегі өрттің негізгі себептері пешті жы­лыту және электр жабдығын пайдалану кезіндегі қауіпсіздікті сақтамау салдарынан болады. Жылыту маусымы басталысымен жекеменшік үйлердегі өрттің тұтануы және газдан улану жағдайлары артады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды