«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тілендиев фестивалі түйінделді

0 23

1 сәуір – әйгілі күйші-композитор, дәулескер домбырашы, дирижер, КСРО халық әртісі, Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің туған күні. Биыл майталман музыканттың туғанына 94 жыл толды. Елордада оның туған күні қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының бас директоры – көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәкен Әбдірахмановтың ұйытқы болуымен «Өз елім» атты музыка фестивалін екі жылда бір өткізу дәстүрге айналды.

Осы жолы алтыншы рет ұйым­дастырылған аталмыш фестиваль «Астана» концерт залында түйінделді. «Домбыра», «Классикалық вокал», «Дирижер» ата­лымдарында топ жарғандар марапатталып, «Тамаша әнмен келіп еді көктемде» гала-концерті өтті. Фестивальдің бас жүлдесі – Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің кубогын «Классикалық вокал» аталымында озып шыққан Шаһризада Тыныштық (Нұр-Сұлтан қаласы) иеленді. Бұған қоса, оған «Н.Тілендиевтің шығармаларын үздік орындаушы» арнайы сыйлығы да тапсырылды.
Қала басшысы Бақыт Сұлтанов фестиваль қатысушыларына өзінің құттықтауын жолдады. «КСРО халық әртісі, Халық Қаһарманы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, аса көрнекті композитор, әйгілі күйші, дирижер Нұрғиса Атабайұлы мөлдір де тұнық мол мұра қалдырғаны бәрімізге ақиқат. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары мен Жастар жылы аясында өткен биылғы байқаудың қарқыны тіпті өзгеше болды. Жастар жалындады, үміт отын лаулатты. Ал ұлы тұлғаның есімі ұлықталып, талай талантты өнерпаздың жолын ашты. Қатысушылар фестивальден тәжірибе жинап, таутұлғаның туындыларынан тәлім алды. Осыны ескере отырып, Сіздерге шығармашылық табыс, жарқын жеңіс, аласармас арман тілеймін!» делінген әкімнің құттықтауында.


Биылғы фестивальге еліміздің түкпір-түкпірінен және Корея, Ресей, Моңғолия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы мемлекеттерінен 100-ге жуық өнерпаз қатысты.
«Дирижер» аталымында бірінші орын жүлдесі Қуаныш Исмаилов (Қазақстан) пен Park Yoon Hwan (Корея) сынды қатысушыларға бөліп берілді. «Домбыра» аталымында бас жүлдені Сәкен Бекжанов иеленсе, бірінші орын Ерасыл Есбердиновке бұйырды. «Классикалық вокал» аталымы ерлер вокалы мен әйелдер вокалы тармақтарына бөлінді. Алғашқысында бас жүлдені Азат Мәлік (Қазақстан) алса, бірінші орынды Ақылбек Пиязов (Өзбекстан) иеленді. Ал екіншісінде айтқанымыз­дай, Шаһризада Тыныштық топ жарса, бірінші орынды Әсем Әубәкірова жеңіп алды.
Гала-концертте фестиваль жеңімпаздарымен қатар қазылар алқасының мүшелері, атап айтқанда Бибігүл Төлегенова, Нұржамал Үсенбаева, танымал әншілер Айгүл Қосанова, Бибігүл Жанұзақ, Алтынай Жорабаева өнер көрсетіп, Нұрғиса Тілендиевтің әндерін әуелетті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды