«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тілекпісің толғақ болған сан ғасыр?

0 330

Жандос Жүсіпбеков 1988 жылы Торғай жерінде өмірге келген. Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің Журналистика факультетін бітірген. Қазір облыстық «Қос­танай таңы» газетінде қызмет істейді. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты. Елорданың 10 жылдығына арналған «Астана-жүрек» республикалық мүшәйрасының жүлдегері. Қостанай облысының меценаттары тағайындаған «Шабыт» сыйлығын иеленген. Жандостың өлеңдерінен өзі туған топырақтан түлеп ұшқан ақындар – Сырбайдың нәзік сыршылдығын, Ғафудың ақжарма айтқыштығын, Кеңшіліктің кейде арнасына сыймай буырқанып жататын өзендей асау мінезін көресіз. Болашағынан көп үміт күтетін жас ақынға жақсы жырлар жаза бер деген тілек айтамыз.

 

Аяқсыз ертегі

Түн жеткенде нұр біткенді сойғылап,
Кірпіктері айқасқанда тастай тым,
Әжем мені әдеткідей қойнына ап,
Ғажайып бір ертегісін бастайтын.

Ертегісі қызық толы,
Сүйікті-ақ,
Аңқытатын әлемінің әтірін.
Ылғи бірақ қалатынмын ұйықтап,
Ести алмай ертегінің ақырын.

Көк жүзінен көрінгенде Ай-табақ,
Ақ әжемнің құшағына енем мен.
Ертесіне айтқызамын қайталап,
Қайта ұйықтап қала берем дегенмен.

Соңы жұмбақ ертегінің – сол қайғы,
Таң шыққанда сұрап алсам не етер ед?
(Бірақ күндіз ол қызықты болмайды –
әкетпейді басқа әлемге жетелеп)

Бір күні мен көз ілмеуге бекіндім,
Мәз болсын деп батылсынған сиқыма.
Келмей қалды не жылағым,
не күлгім:
әжем кенет шомып кетті ұйқыға.

Жұмды көзін…
Кетті ұйқыға мәңгілік,
Тамып түсті жүрегімнің мөлтегі.
Ертегімді аяқтаусыз қалдырып
кеткендігі – өзегімді өртеді.

Әжемді кім оятады баяғы?
Ертегімді кім кеп енді топшылар?
Ертегімнің қайда қалды аяғы?
…мүмкін, жоқ шығар.

Амалзая

Намысы бар – сөзде ғана,
Тілегі бар – көп күмәні.
Кеудесі бар «көзден» ада,
Зердесі бар жоқ «құлағы».

Ұстаным бар – сасық «менмен»,
Жең ұшымен – талан біткен.
Нәжіс кешіп нәсіп терген,
Ауа жұтқан арамдықпен.

Дарыны жоқ – жүлдеқұмар,
Тілі – орақ, ісі – дөкір.
Ұяты жоқ – құрметі бар,
Жүзі – жылтыр, іші – қотыр.

Адалсымақ:
Жүрегінде
сенімі жоқ мінәжат бар…
…Бақ боп оған мына өмірде
көрінеді, ә,
бұл азаптар!

 

Көрдім!

Селдір де селдір, селдірек,
сырқатың емдер екен кім?
Түндігің тағы желбіреп,
сетінеді ме секер күн?
«Сағынып ұлым келді» деп,
селкілдек басың көтергін!

Азапқа айдап соқыр үміт,
Шелді көзінен шер тамған,
Отыз да тісің опырылып,
Дүнияң қылып дөкірлік,
Аумай-ақ қапсың кемхалдан!

Ей, жадау да жадау, жадау бел,
жараңды тырнады екен кім?-
Жазмышың болар сабаугер…
Сағынып келіп не көрдім?
Сағынып келіп не көрдім?

Бетеге өрер белдердің
аптабы ғана қалыпты;
терең де тұнық көлдердің
батпағы ғана қалыпты;

Құйыла бұрқар құмы өрден
құйын-дуана қалыпты;
Соңында көштің үдерген
үйінді ғана қалыпты;

Көне ошағыңды күзеткен
кәрі итің ғана қалыпты;
болашағыңның сызы өткен
тарихың ғана қалыпты;

Тамшы-құт тілеп кезерген
өрен-құрақтар қалыпты;
Түбінде нақақ сөз өлген
Керең құлақтар қалыпты;

Жидіп те жидіп, жамалған
намыс-ақылдар қалыпты;
сорлы елді тонап-қанаудан
жарысатындар қалыпты…
Налытты!

Сары адыр басын найқаған
сағымдар көп ой толғатты…
Сағынып барып,
қайтадан
сағынып қайттым –
сол батты!!!

Үмітке

Қолымыздан не келер, құрдас үміт?
Құтымызды сәтсіздік жүр қашырып.
Мен жоғалып баратқан секілдімін,
мұңға сіңіп.

Таяқ жеп ап тіршілік-дүмбілезден,
Жаутаңдаймын саған кеп мұңлы көзбен,
Тереземді қаққанда дұшпан-ойлар
түнді кезген.

Бүгін ғана туылып, өлер бүгін,
неге мәнсіз, үміт-ау, көрер күнім?..
Сені өлмейді дейді ғой –
өле көрме
менен бұрын!

Өтінемін, сен өлме!
Сен өлме, үміт!
Сен өлмесең, бәріне көрем көніп…
…Келші!
Енші жүректің құшағына –
өлең болып жылайық,
өлең болып…

Кім болдым?

Қайран өмір!
Келерміз де кетерміз!..
Бірақ соған налимыз-ау бекер біз:
қысықкөз ел аңызына сенсеңіз,
қайта-қайта туа береді екенбіз.

Қолда дәлел болмаса да нақты, анық,
Көрген жөн ғой бұл аңызды хақ танып.
Сөйтіп, біздер туа береді екенбіз,
болмысымыз сол қалпында сақталып.

Рухымыз тәннен-тәнге жолданып,
бір болмыспен, бәлкім, мың рөл сомдадық!
… «Бұған дейін сен әдемі көбелек
болдың» деп ем,
салды бір қыз долданып.

Неше түрлі адамдардан, бәсе, мен
Еректіктер байқайтынмын, рас, ерен…
Барқылдауық басекемнің бақабас
Дүниеқоңыз қатыны бар, мәселен.

Күлмейтінге күлкің келсе – күл, мейлі,
Бұл аңызың бір шындықты үндейді.
Мысалы, анау қожайыны пәтердің
сипаған…
жоқ, сыйлағанды білмейді!

Жыртқыштарды көріп жүрміз
«ұр да жық»,
Кездеседі және небір гүл нәзік…
Ал, мен кіммін?
Кім болды екем?
Қарашы —
өмірім бос өтіп жатыр… жыр жазып.

«Дімкәс басын діңкелеткен мұнар-мұң,
бұл қияли адам ба?» деп жүр әркім.
Бір мұңлықтың жүрегінде тұншыққан,
Тірісінде жарық көрмей қырсыққан,
Өлерінде рухыменен бір шыққан
мен, шамасы, өлең болған шығармын!

Қайран өмір!
Кетерміз де келерміз…

Астанаға

Уа, мәртебелім, мақтаным,
Таңдайыма Тәңір құйған тәтті әнім,
Сен азаттық перзентісің!
(Азаттық –
ықылымнан кеудем тұсын қаққан үн…)

Зарықтырып,
Қатпар-қатпар ішінен
ғасырлардың
шыққаныңды түсінем…
Серттен бұрын сеніміне жорытқан
бабалардың бақыт жайлы түсі ме ең,
ау, Астана?

Ілкідегі жұртың көп
қиял еткен мұратпысың
«шіркін!» деп?
Тарих-тамыр нәр жіберіп бойыңа,
жүрекпісің соғып тұрған бүлкілдеп?

Жүрекпісің жап-жас әрі жап-жасыл?
Тілекпісің толғақ болған сан ғасыр?
Әр ғасырға бір-бір жасы пара-пар,
Қарап саған ұққым келер мағына-сыр.

Қарап саған, аядайым кең-байтақ,
Көкейіме бола кетер зерлі ой тап,
қатар көріп кемелдік пен жастықты,
тереңдік пен өрлігіңді тел байқап!

Сен – ғайыптың бәйтерегі
күлте-түк,
діңі түпкей, ұшар басы бұлт өтіп,
самал кезген Сарыарқаның кіндігін
жазған күні жарып шыққан
дүрк етіп!..

Төрткүл дүние түгел шарлап
шықты үлгің,
Бірлігің – жар,
болып әуден құт құрбың.
Мансабың ғой –
маңғаздардың тізесін
Мәңгілік Ел топырағына бүктірдің!

Беу, Астанам!
Үр ғасырдан енші алдың,
Ең құйқалы ұйығы боп Жер-шардың!
…Жиырмаңда мұқым кәрі ғаламға
абыройдың асқарынан зер салдың!

Маңдайында алтын күннің мөрі бар,
Өн-бойында көне Бозоқ сөлі бар,
Даңғайыр да дана дала төсінде
берекем де, мерекем де – сен екен!

Шіркін, жұртың болса ғой соны ұғар…

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды