«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тіл үйретудің жаңа тәсілдері

0 28

М.Нәрікбаев атындағы Қазақ мемлекеттік заң университетінде «Қазақ тілін креатив оқытудың үздік тәсілдері» атты республикалық байқау өтті. Университеттің қазақ және орыс тілдері департаменті ұйымдастырған шараға еліміздің әр аймағынан мұғалімдер, жоғары оқу орындарының ұстаздары қатысып, өз жобаларын ұсынды.

Қазақ тілін креатив оқытудың үздік әдіс-тәсілдерін анықтау, қолжетімді бірыңғай база жасау, мемлекеттік тілді үйретудің ерекше және қалыптан тыс тәсілдерін көпшілікке насихаттау, сонымен қатар мектеп пен ЖОО ұстаздары арасындағы байланысты арттыру мақсатын көздеген шараға еліміздің әр аймағынан үміткерлер қатысты. Дәстүрлі жобаны ұйымдастыру комитетіне көп жылдардан бері белгілі ғалым Күләш Қайыржанқызы Шаймерденова жетекшілік етеді.
Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезең бойынша қазақ тілді емес топтар мен сыныптарда қазақ тілін креатив оқыту бойынша 15 минуттан тұратын шағын сабақтың бейнежазбасы қарастырылды. Қатысушылар бұл шарт бойынша өз бейнероликтерін ұйымдастырушылардың әлеуметтік желідегі парақшаларында жариялады. Алғашқы турдан өткендер сайыстың екінші кезеңіне қатысу үшін Нұр-Сұлтанға шақырылды. Университет ғимаратында өткен сайыстың екінші кезеңінде шарт бойынша, олар эссе жазды.
Мемлекеттік тілді оңайлатып, оқушыны қызықтырып тиімді әрі тезірек оқытуды көздеген еңбектер қазылар алқасының талқысына ұсынылған. Сөйтіп, таңдаулы жұмыстар «Үздік эссе», «Үздік әдіскер», «Креатив мұғалім», «Жаңашыл педагог», «Үздік видео», «Ұстаз бренді» «Жақсы сөз – жарым ырыс» номинациялары бойынша марапатталды.
Жобаға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл комитеті, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – қазына» ұлттық орталығы, Нұр-Сұлтан қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, Мемлекеттік тілді дамыту қоры демеушілік етті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды