©2018 Астана Ақшамы
«Тіл – қазына» орталығы құрылды
Ұлттық академиялық кітапханада Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл – қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ашылу салтанаты болды. Айтулы шараға Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері және тіл саласының білгір ғалымдары қатысты.
Бұл орталықтың құрылуы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының бір жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Жиын тізгінін ұстаған ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қазақ тілі әліпбиін 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңмен көшіру бойынша ауқымды шаралар атқарылып жатқандығын айтты.
«Бір жылдың ішінде бірталай жұмыс жүзеге асты. Алға қойған мақсат одан да маңызды. Президенттің тапсырмасына сәйкес, латын әліпбиіне көшу жұмысын міндетті түрде іске асыруымыз қажет. Сол шаруаларды атқарудың көп салмағы бүгін ашылып отырған «Тіл – қазына» орталығына түседі. Біз ғылыми мекеменің жұмысына жеміс тілейміз» дей келіп, министр орталықтың басшылығына келген академик Ғарифолла Есімді таныстырды.
Ғылыми-практикалық орталықтың жаңа директоры бұл мекеменің Мемлекет басшысының тікелей айтуымен, Үкіметтің қаулысымен құрылғандығын баяндады. Оның ұйымдастыру шаралары жүргізіліп жатқандығын жеткізді. «Біз жұмысты бастап кеттік. Жақында Алматыға барып, тіл ғалымдарымен орфография мәселесін талқыладық. Бұл салада біраз проблемалар бар. Және соны жақсы білетін ғалымдар да жетерлік. Мен соған қуандым. Сосын министрліктің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетімен бірлесіп, аймақтағы зиялы қауым өкілдерімен жүздестік. Қысқасы, қазақ тілінің латын әліпбиіне өтуі – ірі тарихи оқиға деп білемін» деді белгілі ғалым. Одан кейін Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы да жаңа орталықтың қызметіне тілектестігін білдірді. Ал Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов тілге қатысты өзекті мәселелерді қозғады. Белгілі қаламгер бұл жерде, ең алдымен, өзіміздің рухымыздың жаңғыруы, еңсеміздің көтерілуі, санамыздың басқа категорияға ауысуы туралы әңгіме болу қажеттілігін баяндады.
«Бұл орталықтың жұмысы Ұлттық ғылым академиясымен, Білім және ғылым министрлігімен міндетті түрде қоян-қолтық жүруі тиіс. Онсыз да біз әліпби таңдау кезінде ғылымды екінші қатарға ысырып қойдық. Алдымен негізгі сөзді Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты айту қажет еді. Мәселені шешетін жер ғылым болу керек. Орталыққа Ұлттық ғылым академиясымен, Ахаң атындағы Тіл білімі институтымен қатарласып, жарысып жұмыс істеу жақсы нәтиже бермейді. Бізге алдымен ғылыми жүйелерді анықтап алған жөн. Онсыз да Мәдениет және спорт министрлігіне екі тізгін, бір шылбыр берілді. Ол, шын мәнінде, ҚР Білім және ғылым министрлігінің жұмысы болатын. Тіл білімі институты сол министрлікке қарайды. Сондықтан қордаланып қалған проблемалар жетерлік. Біз әліпби ауыстыруды тілге реформа жасауға пайдаланып жүрміз. Ол таңба ауыстырып, басқаша жаза бастау емес. Осы тарихи сәт бізге беріліп отыр. Біз осы тұста жазуымызды өзгертіп алуымыз керек. Әсіресе, орфографиялық сөздікті халықпен жылдар бойы талқылау қажет. Жаңаша жазу арқылы біз қазақтың қоңыр дауысын тілімізге қайтып әкелеміз» деп тереңнен ой толғады халық қалаулысы. Сондай-ақ, отырыс барысында ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры Александр Тараков пен қоғам қайраткері, академик Бақытжан Жұмағұлов та өз пікірлерін ортаға салды.
Азамат ЕСЕНЖОЛ
«Тіл қазына» орталығының маңайында Ербол Ердембекұлы Тілешов жүрмеуі тиіс. Өйткені, ол аты шыққан парақор. Мұны Еуразия ұлттық университетінің филология және журналистика факультеттерінің барлық профессорлары мен оқытушылары, сондай-ақ түлектері жыр қылып айтып жүр.