«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тіл бұзарға тосқауыл қою керек

0 289

Бүгінгі өмірімізді әлеуметтік желілерсіз көзге елестету мүмкін емес. Мынадай дерекке назар аударалық: 2018 жылы әлемдегі ұялы телефондарды қолданушылардың саны 5 млрд 135 млн адамды құраған. Соның ішінде биыл әлеуметтік желілердің аудиториясы 3 млрд 196 млн адамға жетіпті. Бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 13 пайызға өскен (бұл дерек Global Digital Report-тың статистикалық есебінен алынды). Бұған қоса, қазір адамдар уақытының үштен бірін әлеуметтік желілерге арнайды. Орташа статистикалық қолданушы тәулігіне 2 сағат 15 минутын, ал 16-24 жас аралығындағы жастар үш-төрт сағатын әлеуметтік желілерде посттарды оқуға, қарым-қатынас жасауға жұмсайды (https://www.web-canape.ru/…/socialnye-seti-v-2018-godu-glo…/). Қазақстандықтардың 70 пайызы әлеуметтік желілерді пайдаланады. Олардың дені – жасөспірімдер мен жастар.

Бірақ бұл жерде бір мәселе бар. Әлеуметтік желілер сауатсыздыққа ұрындырады. Өткен жылы Нобель сыйлығының лауреаты Г.Жейкобсон: «Әлеуметтік желілер мен смартфондардың әсерінен 20 жылдан кейін балалар жаппай сауатсыздыққа ұшырайды. Ол кезде оқи алмайтын және оқығысы келмейтін балалар пайда болады» деген болжам жасады. Мысал керек пе, мінеки! «Ана нохчы симаисын диді сені алам диді», «Жас балағой әлі келінще кім», «Жүрек деген опсынағой», «Уй аманысен ба?»… Wһatsapp-та осындай жазбалар толып жүр. Не түсіндік? Немесе Фейсбуктегі бір досым былай жазыпты: «Достығымдағы біраз достарым шуба алғанау ауа-райы өзгеріп кеттіше». Фейсбук қолданушылардың көбісі әлі күнге дейін былай жазады: «Эрине колдаймыз, оте маныз­ды, урпак ушин улкен мэни бар». Немесе «Облыс двд сына хабарласып жатырмын. Сіздің тел беріп жатырмын», «Маған хабарласқа адамның тел ватсаптан срочно жіберіңізші». Жасыратыны жоқ, бөгелдім дегенді «тормозым ұстап қалды», «зависать еттім»; өтірік айтты дегенді «құлақтан тепті», «құлағына лапша ілді»; тығырыққа тірелді дегенді «қораға кірді»; алдады дегенді «лақтырып кетті», «отырғызып кетті» деп жазып жүргендер де азаймай отыр. «Банға жібер», «игнорға тық», «поделить етпей қой» деген жаргон сөздер де әлеуметтік желілерден жиі ұшырасады. Тілбұзарлар ана тілімізді осылай балталап жатқанда қарап отыра береміз бе? Әрекет етуіміз керек қой. Істі неден бастау керек?
Бірінші пайым. Біріншіден, жұрттың бәрі латын әріптерімен сауатты жазуға дағдыланғаны абзал. Бұл, әрине, басында қиындау. Бірақ Faceebook-те жазып жүрген адамдар бар. Мысалы, Нұртөре Жүсіп ағамыз сияқты жаңашыл қолданушыларды жұртқа үлгі етуіміз керек. Бұл мектеп оқушыларына, студент жастарға өте жеңіл. Өйткені олар ағылшын тілін біледі, оқиды, сауатты жазады. Бұл қадам латынға көшуімізге де көмегін тигізеді.
Екінші пайым. Тіл тазалығын, сауатты жазуды сәнге айналдыруымыз керек. Бұған көпшілік насихаттың күшімен қол жеткізуге болады. Әлеуметтік желілердегі сауатсыз жазылған мәтіндерді оқысақ бірден әшкерелемей, оны жазған адаммен қарым-қатынас жасағанымыз жөн. Көбінесе орыс тілділер мен телефон, планшетінде қазақ тілі жоқ үлкен адамдар осылай жазады. Оларға көмектесіп, қазақ тілін орнатып беріп, қазақша сауатты жазуға үндегенде ұтарымыз көп.
Үшінші пайым. Тілі мүкіс­термен жаппай күрес жариялау керек. Оны мемлекеттік мекемелермен, қоғамдық ұйым­дармен, БАҚ-тармен бірлесіп жүргізуге болады. Ұлты неміс, жаны қазақ Герольд Бельгер былай депті: «Бүгінде қазақ тілінде сөйлейтіндердің саны өсті. Бірақ көбінің тілі мүкіс». Онысы рас. Орысша ойлайтындардың қазақшасы қызық. Қосылды деген сөзді қосылынды дейді. Мүкістік те құбылыс. Бір жолы Астанадағы Kcell компаниясының кеңсесіне бас сұқтым. Маған қызмет көрсеткен қазақтың қызы қоштасарда: «Сізге біздің мамандықтарымыз хабарласады» деді. «Мамандар» шығар деп түзесем де: «Жо-жо-жоқ! Мамандықтылар!» деді дауласып. Герағамның «тілі мүкіс» дегені сол…
Төртінші пайым. Әлеуметтік желілерде қазақша таза, сауатты жазатын адамдарды үлгі-өнеге етіп насихаттайық. Мысалы, Twitter-де Қасым-Жомарт Тоқаев, Faceebook-те Мәулен Әшімбаев, Дина Елгезек және т.б. бар. «Мәскеуде біраз жыл тұрып, ана тілімді ұмыттым» деген Ұлттық экономика министріміз Тимур Сүлейменовтің 15 минуттық баяндамасын таза қазақша мүдірмей жасағанын көзбен көріп, құлақпен естіп, қуанғаным рас. Министр Парламентте заң жобасы бойынша депутаттар қойған сауалдарға толық қазақша жауап қайыр­ды. Тимур мырзаның табандылығы, ана тіліне деген құрметі қазақшаны қаламайтын өзге ақжағалыларға үлгі боларлық-ақ! Шыны керек, біз журналистер қит етсе: «Ойбай, анау министр қазақша сөйлемеді», «Мынау депутат орысша зуылдады» деп сынай кетуге құмармыз. Қазақ тілді ғана емес, орыс тілді телеарналар, радиолар, баспасөз қазақша сөйлеген өзге ұлт өкілдерін жарнамалай бермей, өз ана тілінде мүдірмей сөйлейтін, жазатын шенеунік, қайраткерлерді жүйелі түрде насихаттаса нұр үстіне нұр болар еді.
Бесінші пайым. Ұлттық заң­намамызға әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде мемлекеттік тілді бұзған адамдарды жазалайтын арнайы бап енгізуге болады. Мысалы, Германия өткен жылы қоғамның тұтастығын, бірлігін бұзатын әлеуметтік желілерге көп мөлшерде айып­пұл салатын заң шығарды. Әрине, бұлардың бәрі – жеке өзімнің ұсыныстарым. Бұл ұсыныстарға келіспейтін, өзге пікір айтамын деген адамдардың да ойлау, сөйлеу, жазу құқығына, көзқарасына құрметпен қараймын.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды