ТЕРГЕУ ІСІ ТҮБЕГЕЙЛІ ТҮЛЕЙДІ

Ұлт жоспары: бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам бағдарламасында Елбасы ҚР Бас прокуратурасы мен құқық қорғау органдары қызметкерлері алдына стратегиялық міндеттер қойды.
Мемлекет басшысының халықтың мүддесі мен игілігі жолында елімізде құқықтық қатынастарды реформалау тапсырмасынан туындайтын тұжырымдарға сәйкес ақпан айында прокуратура органдары осы бағыттағы ілкі жобаны іске қосты.
Біз осыған орай қолға алынған ауқымды жұмыстардың қала прокуратурасында атқарылу барысы жөнінде Астана қаласы прокурорының бірінші орынбасары Мұрат МҰХАМБЕТҚАЗЫНЫ әңгімеге тартқан едік.

– Мұрат Бақытұлы, кейін­гі кезде прокуратура тарапынан азаматтардың құ­қын қорғауда қоғамды іл­­герілету жөнінде біршама ұсыныстар мен бастамалар жасалуда. Осыған тоқталсаңыз?
– Қылмыстық және Қыл­мыс­тық-іс жүргізу заң­на­масы Қазақстан Республи­касының Құқықтық тұ­жы­рымдамасына сәйкес 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңде сот өндірісінде оңтайлы үлгі жасау мақсатында реформаланатын болады. Аталған өзгерістер қылмыстық іс жүргізуде адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың негізгі ұстанымдарын одан әрі біртіндеп жетілдіру бағытында жаңа институттар енгізуді көздейді.
Оның бір мысалы ретінде Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігі бірігіп, 2017 жылдың 15 ақпанынан бастап Астана қаласы Алматы ауданының ішкі істер басқармасында жүзеге асыра бас­таған азаматтардың мүддесіне қылмыстық істі оңтайландырудың қанатқақты жобасын айтуға болады. Алғашқы тәжірибеде сәттіліктері байқалған жоба қазірдің өзінде еліміздің барлық аймақтарына тарала бастады.

Жобаның мақсаты қандай?
Мұндағы негізгі мақсат – қылмыс­тық үдерісті же­ңілдету мен жеделдету. Іс-тәжірибе көрсетіп отыр­ғандай, аталған жобаны жүзеге асыру кем дегенде екі маңызды нәтижеге әкеледі.
Біріншіден, адамдардың мүдделеріне сәйкес қылмыс­тық үдерістің оңтайлы моделі қалыптастырылады.
Екіншіден, қылмыстық үдерісті сандық форматқа ауыстыру құқық қорғау органдары қызметкерлерінің мүмкіндіктерін арттырады. Жалпы жұмыс жүргізу жағдайын өзгертеді. Енді бұрынғыдай емес, тергеудің сапасы мен мерзіміне көбірек көңіл бөлінетін болады.
Жоғарыда айтып өттім, бұл жұмыстарды дендеп жүргізудегі негізгі мақсатымыз – құқық қорғау органдарына деген адамдардың сенімін арттыру.
– Атқарылған жұмыстардың нәтижесі қандай?
– Нәтиже бар. Жаңа жобамыз ойдағыдай жүру үшін әуелі Алматы ауданы ішкі істер басқармасында кез кел­ген құқық бұзушылық қыл­мыстардың тергелуі мен ашы­луына жауап беретін 18 анықтау және 10 жедел қыз­мет қызметкерінен тұратын жұмыс тобы құрылды.
Жаңа жоба бойынша сотқа дейінгі айқын және күмәнсіз қылмыстық істерді қарау мерзімін мейлінше қысқарту көзделеді. Бұған дейін қылмыстық теріс қылықтарды тергеуге және сот шешімін шығаруға 19 күн, жалпы қылмыстар бойынша екі жарым ай уақыт кетіп жүрді. Тіпті, еш шүбәсіз айғақтары бар, куәлар көрсетіп тұрса да, осындай уақыт алатыны жасырын емес. Мұндай жағдайда қылмыстық үде­ріске тартылғандардан сағаттап жауап алынатынын, басқалар сабылып дәлізде тұруға мәжбүр болатынын қосыңыз. Оның үстіне тергеу­шілердің өздерін еркін сезініп, заң бойынша уақыттың асып артылатынын түсініп, істі сағызша созатыны тағы бар. Азаматтар әуре-сарсаңға түседі.

Ал енді не өзгермек?
Ал жаңа жоба бойынша бәрі мүлде басқаша. Тергеу кезінде түкке қажеті жоқ
бюрократиялық әрекеттер кейінге ысырылды. Тергеу­дің сапасына залал келті­ретін, үдерісті баяулататын тетіктер жойылды. Кезекші прокурорлардың жұмысы
жандандырылды. Қазір олар аудандық ішкі істер басқармаларында отыратын болды. Істі сол жерден қарап, сотқа тезірек жолдау­ға мүмкіндік туды. Бұрын мұндай істер прокуратура
қабырғасында он күнге дейін жататын. Сондай-ақ, аталған мәселелер бойынша түсетін арыз-шағымдар екі есе қысқарды. Сотқа қаралу үшін жолданған 235 қылмыстық істің 70%-ы 1-3 тәулікте, қалғаны бір аптаның ішінде тергеліп бітетін болды. Бұрын мұндай істер екі-үш айлап жататын.
Азаматтардың жеке қауіп­сіздігі үшін сұрақ-жауап алу орны шыныдан жасалған кабинеттерге көшірілді. Онда жүріп жатқан үдерістер ала­қандағыдай көрініп тұрады. Бар­лық кабинеттерге бейнекамералар қойылды.
– Енді Алматы ауданында жүргізілетін «Электронды қылмыстық іс» туралы да айтып кетсеңіз?
– Дұрыс айтасыз, «Электронды қылмыстық іс» қаланың Алматы ауданы ішкі істер басқармасында биыл 25
тамыздан бастап жұмыс іс­теп жатыр. Бұл да ілкі жоба.
Осы жоба іске қосылған күннен бері электронды қылмыстық іс бойынша 2266 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелсе, оның 144-і теріс қылық жасаған тәртіпсіздік болып отыр.
Соның 64-і электронды түрде сотқа жолданып, 89-ына санкция берілді.
Бұдан бөлек, «қамауға алу» түріндегі бұлтартпау амалдары санкцияланып, күдіктіні сот залына әкелместен «онлайн» тәртібіндегі бейнеконфенренц байланыс арқылы іс жүргізіледі.
Қазір осындай екі іс жоғарыда айтылған форматта жүргізілді. Сондай-ақ, алғаш рет прокурор Қылмыс­тық кодекстің 430-бабы бойынша қылмыстық істі тоқтау жөніндегі қаулының күшін электронды түрде жойды.

Бұл жаңалықтар жүйеге не береді?
Аталған жаңашылдық прокурорларға жергілікті жерде қадағалау қыз­метін күшейтуге, онлайн режимінде тергеу істеріне қатысуға мүмкіндіктер туғызып, адам­­дарды қамауға алудың негізділігін және олардың конституциялық құқының сақталуын тексеруді анағұрлым қысқартады. Екінші сөзбен айтқанда, қылмыстық үдеріске қатысушылардың арыз-шағымдарын қарау кезінде іс материалдарын сұратудың қажеті болмайды.
Жұмыс кабинетінде отырып-ақ, нұсқаулар беріп, негізсіз іс жүргізу шешімдерін кері қайтаруға немесе оған келісім беруге болады.
Іс бойынша барлық келіп түскен құжаттар шағым, өтініштер автоматты түрде іспен байланыстырылады. Кез келген жазбаны экраннан көріп отыруға болады.
Тергеуші мен анықтау­шыға кез келген ақпаратты сұратуға әрі оны шұғыл алдыруға, сондай-ақ, дүние-­мүлікке тоқтау салып, тергеу амалдарын тез жүргізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, кейбір үдерістер бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында күдіктіні тасымалдамай, қамаудағы адамның қашып кетуін болдырмайтындай қылмыстық іске қатысушының уақытын үнемдеп, сот бейнеконференц байланыс жолымен күдікті отырған уақытша тергеу абақтысында онлайн режимінде жүргізіледі.
Қазір Алматы ауданы ішкі істер басқармасында тергеу­шілер мен анықтаушылардың жұмыс орны 40 компьютермен, 1 графикалық планшетпен жабдықталған.
Астана қаласы Ішкі істер департаментіне «CERTRX» жиынтықты шифр­лы аппарат орнатылған.

Сұхбатты жүргізген
Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

Сонымен қатар

ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР ЖЕТІСТІГІ

Қазақстан Респуб­ликасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Астана қаласы бойынша басқармасында …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған