«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ТЕРЕҢ ІЗ

0 39

Бөкең – Болат Әбдікәрімов ағамен бертін келе араластық. Жиі болмаса-дағы анда- санда жүздесулерде сырттай біршама біле­тіні аңғарылып қалатын. Сөйтсек артын­да­ғыларды қарай­лап, немен тыныстап, қан­дай істер тындыруына зер салып жүреді екен.

Бірде «Жолдыкей ақын туралы мақалаларың дұрыс-ақ. Алайда тек ол ғана ма?! Жалпақ елге жаңғыртуға тұрарлық басқа да жайсаңдарымыз аз емес қой» деп естігеніміз бар, естімегеніміз бар біраз мағлұматқа қанықтырып тастады. Қойны нағыз қазына адамдарша тереңнен тартып, рух себетін осындайғы әңгімелерінің әсері естен кетпеуін сезінеміз әлі. Былтыр оқырмандарға ұсынылған «Айналдым, Нұра атыңнан!» атты кітаптың дүниеге келуі ақыл-кеңестерінің бір ықпалы болатын.
Әуел бастан Алла тағала кең жаратып, кемел қалыптасқан, сүйікті іске өзі де жанып жүретін, өзгені де қамшылап бітетін қасиетін көзін көріп, ізін басушылар қай-қайсысы айтады. Жан сарайы сұлулығы, көкірек көркейтер білімдарлығы шежіре ме, тарих па, әдебиет пе, өнер ме, ауыз аштырып әкетер өнеге-тағылымы мол зерлі ой-сырлары көңілді шалқытып сала беретінді-ау, шіркін…
Бір ғажабы, өзінің айтуынша, әріп тануы Абай атасы есімін ежелеп оқып, танысудан басталыпты. Бес жасынан ағасы Қашаубек Тоқтаров әліппеге үйретісімен-ақ, мүдірмей заулатуға төселген балдырған зердесіне сүйсінуші үлкендер кешкісін батырлар жырын, ескі хисса-дастандарды, ұлы ақын өлеңдерін оқытып, тыңдауға отырады екен. Қыстың ұзақ түнінде май шамның білтесі жанып таусылғанша баланың бал даусынан даланы атойлап шапқан Қобыланды мен Алпамыс дүбірі естілгендей болса, енді бір сәтте Жібек пен Төлеген махаббаты баяны елжіретсе, одан соң да кемеңгердің әр сөзі алтын толғамдары ойлантып, тебірентер мұндай кештердің өмір бойғы рухани нәрге айналуын сағынышпен еске алатын.
Бұлайсыз да кітап оқуға құмар­лық мектепке ерте бар­ғызып, үздік оқыттырыпты. Інісінің талабын қайрау үшін Боранқұл ағасы бірауыз орысша білмесе де, сол тілдегі мектепке береді. Мұның өзіндік сыры да жоқ емес-тін. Өйткені саяси қуғын-сүргінге ұшыраған ылғи терең білімді мұғалімдер сабағы біліктілікпен ерекшеленетін. Бесіктен сіңген қазақы тәрбие, төл тәлім, тоқылған өнеге, оған қоса өз басының өрелі парасаттығы, тектілі намысшылдығы бітім-болмысы тазалығын сақтады.
Дүние жүзін дірілдеткен соғыс алдында туып, неқилы қиындықтарды бастан кешкен қатарлас буындай жасөспірім Болат та ересек жігіттер өзі төзгісіз ауыртпалықтарды көтереді. Әкесі Әбдікәрім қылшылдаған қырық жасында өмірден озып, шешесі Бибіжан төрт баламен жесір қалғанда 6-ақ жаста-тын. Ұлдарымен бірге атасы, апасы мен оның екі баласын, он шақты жанды асырауды мойнына артқан аналарына қолғабыс болуға қосылу бәрін ерте есейтеді. Алтыншы сыныпқа көшкен балақан Болатқа жазғы демалыста өзгелердей доп теуіп, ойын қуу орнына колхоздың шөбін көпенелеп, 80 еңбек күндік табысқа 80 килограмм бидай беріліп, үйге жеткізіп, анасын қуанышқа бөлеуі өміріндегі алғашқы бақыт ұшқыны болған.
Ал одан әрі жалғасқан еңбек жетістіктерімен отбасыға береке құйды. Тракторшы Эрнест Генз­лерге көмекші болып жұмыс істеуде 447 еңбек күндік жалақы тауып, оған 1117 сом 50 тиын есептелуін, «Тың жерлерді игергені үшін» медалімен марапатталуын зор мақтаныш тұтатын. Сонда бұғанасы қатпаған қаршадай оқушы еді-ау. Екі ағасындай еңбегімен анасын қуанту, інісі Оралбайдың аяғынан нық тұрып кетуі үшін ештеңеден аянбау еді бұл. Тұрмыстың қиыншылығын мойымай көтеріп, ешкімге еңкеймеген Бибіжан ананың соны талап етуі арқасында бірін-бірі жетектеген бауырлар біртіндеп өз орындарын тапты. Болашақ белді қоғам қайраткерінің, ірі ғалымның балалық шағы міне, осындай сынмен шыңдалған-тын.
Тағдырдың бұйыртқан бақыты шығар, Боранқұл, Қамидолла ағалары қолтығына алып, өзі де талпынысы арқылы ержеткен ол оқуда да озық көрінді. Математика пәні бойынша аудандық, облыстық олимпиадаларда жеңімпаз болу Қарағанды политехникалық инс­титутында білім тереңдетуге жол ашты. Оны да үздік бітірген соң Шахан кентіндегі шахтада кеншілер ортасында еңбекте ысылу мектебінен өтті.
Болат Әбдікәрімұлының бұдан кейінгі еңбек жолы кәсіптік-техникалық білім беру саласымен біте қайнасады. Орта буын мамандар даярлайтын училищеде қатардағы мұғалімдіктен басталған іс аз уақытта-ақ директордың, басқарма басшысының орынбасары болуына жалғасады. 1979 жылы Жезқазған кәсіптік-техникалық білім беру басқармасының басшысы болып тағайындалып, он жыл бойында осы орында табан аудармастан қызмет етеді. Шеткергі өндірісті аймақты қажетті кадр­мен қамтамасыз етуге берік негіз қалайды.
Қиындығы мен күрмеуі мол саладағы істерді ұршықтай үйіруші ретінде танылуы мемлекеттік кәсіптік-техникалық білім беру комитеті төрағасының бірінші, Білім министрінің орынбасары секілді жоғары лауазымды міндеттерді атқаруға сенім арттырды. Білікті мамандар даярлаудың әлемдік озық тәжірибесіне сүйе­нуші қазақ-неміс, қазақ-түрік ли­цей­лерінің ашылуына ықпал етті.
Бертін келе еңбекте көріп-түйгенін, тәжірбиеде жинап-тергенін ғылыми ізденістерге ұластыруға бет бұрады. Бұған жай келе салған жоқ, іштей мол әзірлікпен келді. Ғылымға қилы-қилы сындарды бастан кешіп, әбден пісіп-жетіліп келді. Өндіріс саласына білікті мамандар даярлау мәселесін жетілдіру жайлы сараптама мақалаларының назарға ілігуі зерттеушілікке итермеледі. Ресей Федерациясы Білім академиясының коррес­пондент-мүшесі, экономика ғы­лым­дарының докторы, профессор Г.Лукин тақырыпты кеңейтіп, арнайы ғылыми еңбекке негіздеуге жетеледі.
1990 жылы Н.А.Вознесенский атындағы Ленинград қаржы-экономикалық институтында «Шаруашылық жүргізудің жаңа жағдайларында агроөнеркәсіптік кешен салаларын білікті жұмыс­шы­лармен қамтамасыз ету» та­қы­рыбында ғылым кандидаты атағына диссертация қорғады.
Бұл тақырыпты одан тереңдете зерттеп, «Кәсіптік білімді дамыту теориясы және практикасы» атты еңбек жазып, ғылым докторы атанды. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық және С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің кафедраларын басқарды, білікті шәкірттер да­йындады.
«Бізді қолымыздан жетектеп жүріп, ғылымның есігін аштырып, алға ұмтылдыруын қалайша ұмытармыз. Тақырыпты да өзі тауып берді. Қазақстан ғылымының шоқ жұлдызы Кәрім Мыңбаев туралы зерттеу жүргізуді тапсырды. Сөйтсек, атақты ғалымның еліміз ғылымы дамуына сіңірген еңбегі мүлдем елеусіз қалуға айналыпты. Соны аршып, жаңғыртуға бастады. Сенімін ақтап, академик Мыңбаевтың Қазақстан ғылымы тарихындағы орнын оралтуымыздағы қуанышы естен кетпейді. Жеңіске өзі жеткендей марқайып еді» дейді шәкірттері Сейітқали Дүйсен мен Жабай Қалиев.
Ол үлкен жүректі адам болатын. Бөкеңмен етене аралас-құраластығы жоқ жанның өзі де кісі танығыштығын, сезімталдығын, ішкі құбылысты терең түсінетінін аңғаруы қиын емес-тін. Кей ыңғайсыз жағдайда тігісін жатқызып, жарастырып жіберер тамаша қыры да бар-тын. Академик Кәрім Мыңбаевтың Нұрада 100 жылдығы атап өтілгенде жұрт соны көзімен көрген еді. Қадірлі меймандар бас қосқан киіз үйге кешігіңкіреп кірген профессор, әдебиет сыншысы Бақыт Кәрібаеваға бос орын болмай қалды. Мұндайға кіділеу апамыз дереу теріс айналып сыртқа бет бұрғанда «Серкебайдың серке қызы, бері өт. Саған орын сақтаулы» деген Бөкең шақыруы әп-сәтте жадыратып қоя берді. Сөз мәнісін түсінушілер қол шапалақтап төрге оздырды.
Әр жүздесу, әр әңгіме ұмытылмас әсерге бөлейтін. Жүзінен нұры шалқып отырып сөйлер сәттерде әдетте Абай сөздері, өлеңдері ауыздан түспей, орайлы тұста келтіре қояды. Ескі сөзге жүйріктігі, шежіреге шешендігі оқып-тоқығанмен өрілгенде бір сиқырлы сырға елітетін. «Анау данышпан, мынау данышпан деп жатады. Ал қайсысы «Атымды адам қойған соң, қайтып надан болайын» деп біздің Абайша адам болмысын бір-ақ ауыз сөзбен білдіре алды. Не деген керемет кемеңгерлік?! Осындай ойды жалғыз түйінмен жеткіздірген қазақ тілі де керемет қой» деуші еді мақтанышпен.
Ең алдымен өз шаңырағы адам бойына нәр, қуат беруі белгілі. Осы ретте Болат Әбдікәрімұлының Құдай жарастырған аяулы жары Тазагүл Мұқашқызының отбасы бақытына сепкен шуағы сұлу өмірдің тамаша үлгісі. Бөкеңнің кеңесі мен қолдауы өзінің де қолын ғылым қиясына серметпей қоймады.
Жарықтық, Болат аға, Болат Әбді­кәрімов арамызда болғанда 80 жасқа толар еді. «Өлшеп берген өмір бар» деген екен Майлықожа ақын. Маңдайына жазылғаны 75 жас болыпты.
Қанына біткен қазақы қалпымен кім-кімді де баурап алатын Болат аға адам, қоғам үшін адалдыққа берік қағидасынан айнымай, жарық дүниеден абыроймен өтті. Көзінің тірісінде ғана емес, өмірден озғанда да қадірін асырып тұрушы 6 томдық елеулі ғылыми мұра қалдырды. Ізі сонысымен баянды. Терең із.

Айқын НЕСІПБАЙ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды