«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Теракті жасамақ болғандар тұтқындалды

0 35

Жуырда Алматыда арнайы операция өткізген Ұлттық қауіпсіздік комитеті теракті жасамақ болған деген күдікпен бір топ шетел азаматын қолға түсірді. Орталық Азияның тумалары болып табылатын топ мүшелеріне Қазақстанда теракті жасауға дайындалды деген айып тағылып отыр.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша күдіктілердің уақытша тұрған мекенжайларын тінту кезінде өте қуатты жарылғыш заттар әзірлеуге арналған көп мөлшердегі компоненттер, сондай-ақ қару-жарақ пен оқ-дәрілер тәркіленген. Тергеу болжамына сәйкес, тұтқындалған адамдар шетелдегі ДАИШ террорис­терінің басшылығымен және солардың тапсырмасымен әрекет еткен. «Күдіктілер жарылғыш заттар мен атыс қаруларын қолдану арқылы
Алматы қаласында халық көп шо­ғырланатын орындарда шабуыл жасауға дайындалған. Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр» деп хабарлады ҰҚК-дегілер.
2018 жылы еліміздің күштік құры­лымдары арам пиғылдағы 58 шетел азаматын ұстап, депортация жасады. Олардың барлығы – радикал ағымдарға қатысы бар адамдар. «Өткен жылы біз өзге мемлекеттік органдармен, соның ішінде ҰҚК-нің шекара қызметімен, Ішкі істер министрлігімен, өзге де мемлекеттік органдарымен бірлесе отырып, елге кірмек болған кезінде және Қазақстан аумағында жүріп радикал ағымдарға қандай да бір қатысы болған 58 шетел азаматын анықтап, ел аумағынан қудық. Бұл жерде шетелдік әріптестерімізбен арадағы ынтымақтастық қарым-қатынасымыз үлкен рөл ойнады» деп мәлімдеді ҰҚК-нің департамент басшысы Бақытбек Рахымбердиев.
Шынын айтсақ, террористерге адам «аулауға» әлеуметтік желі­лердің «көмегі» көп. Құзырлы мекемелер әлеуметтік желілерге үнемі тексеру жүргізіп отырғанына қарамастан, олар алыста отырып-ақ өз шаруасын реттейді. Мысалы, ҰҚК-нің қызметкерлері өткен жылы елімізден «ыстық» нүктелерге кетпек болған жүздеген адамдарды анықтап, ра­йынан қайтарған. Олардың дені – жастар. Сөйтсе, құқық қорғаушылар адасқандарды жалған идеологияға алданғандардың ата-аналары мен әлеуметтік желілердің көмегімен тауыпты. «Шетелдік «вербовщиктердің» құрығына түсетіндерге ақша төленеді деген ақпарат айтылады. Әрине, оларға жұмақтағыдай өмір сүресіңдер деген уәдені үйіп-төгеді. Меніңше, бұл жерде ақшадан гөрі идеология басымдыққа ие болып тұр» деп түсіндірді мәселені Бақытбек Төлешұлы.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды