-->

Тележурналистика тарланы

Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінде отандық тележурналистиканың негізін қалаушылардың бірі, әрі осы саланың терең теоретигі, ғибратты ғалым Марат Барманқұлов­тың 80 жылдығына арналған «Профессор М.Барманқұловтың  ғылыми  мұрасы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

y12

Ол халық жауының баласы атанып, тағдырдың түрлі теперішін көрсе де тектілігінен жазбай еліміздегі тележурналистикасына тыңнан түрен салып, кішкене жолды көшелі даңғылға айналдырған көрнекті қайраткердің бірегейі болды. Қазақ телевизиясында алғашқы телерепортажды тікелей эфирге шығарған журналист. Кейін ғылым жолын қуып, Мәскеу университетіндегі журналистика факультетінің аспирантурасын тәмамдайды. Аз мерзімде кандидаттық, докторлық диссертациясын қорғайды. Сол кеңестік дәуірде көрнекті ғалымның ғылыми еңбектері одақта оқытылды. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде ұзақ жыл оқытушылықпен айналысып, өз мектебін қалыптастырды. Жүздеген шәкіртке қаламды ар тұтқан мамандықтың қыр-сырын үйретті.

Жиында асыл азаматтың ғылыми мұрасы мен қайраткерлік қыры көбірек сөз болды. Бір сапта болған қаламдас, мұраттас әріптесі, белгілі публицист Ғаділбек Шалахметов Барманқұловтың бекзаттығы туралы ой толғады. Жазушы Сұлтан Оразалин: «Марат – кеңестік кезеңде Мәскеудегі телевизия саласындағы ғалымдарды еңбегімен мойындатты. Оның «Журналистика для всех», «Сравнительный анализ жанров», «Жанры печати, радиовещания и телевидения», «Искусство современной информации» секілді алғашқы жарық көрген кітаптарының бәрі телевизияға арналды. Кейін күтпеген жерден 180 градусқа бұрылып, көне түріктердің тарихына үңілді. Бауыры жазылып шабатын жүйріктер секілді түркі дүние­сін түбімен қозғап, көлемді кітаптар жазды. Ол шын мәніндегі жан-жақты ғалым болды» деп салмақты сөз қозғады.

ЕҰУ жанындағы Журналистика мәселелерін зерттеу жөніндегі институт директоры, профессор Намазалы Омашев: «Мен Мараттың журналистика ғылымына жол салғандығын айтсам деймін. Докторлық диссертациясын Мәскеудегі араларына қыл сыймайтын тұлғалардың арасына барып қорғады. Сол кезде одақта журналистикадан докторлық қорғағандар аз. Оны тобықтан қаққандар да кездесті. Бірақ алған бетінен қайтпады. Ол университеттің кең залында кетіп бара жатып студенттердің сынақ кітапшасына бағасын қойып беретін. Оған кейбір ағаларымыз ренжитін. Бірақ оның жан дүние­сі о бастан демократиялық қоғамға дайын болатын» деп еске алды.Белгілі ғалым Бауыржан Омар ұлағатты ұстазының сегіз қырын жан-жақты ашып берді. Танымал телепублицист Ерлан Бекхожин «Борманның шекпенінен шыққан» шәкірттері туралы әңгімеледі.

Азамат Есенжол

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*