«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Телебасшылар қайда қарап отыр?

Айтпайын-ақ деп едім...

0 42

«7 арнаның» «Өз ойым» бағдарламасы ток-шоу жасап, пәктігін саудаға салғысы келген қызды экранға шығарғаны көпшілік көрерменнің наразылығын тудырып отыр.


Белгілі болғандай, телеарна бұл тақырыпқа жыл сайын бес-алты рет айналып соғады екен. Белгілі журналистер, қоғам қайраткерлері, қарапайым көрермендер мен өнер жұлдыздары енді бұл жүгенсіздікке төзуге болмайды деген ұйғарымға келген. Олар бағдарлама жабылып, тележүргізушілердің елдің экранын былғамай, эфирден кетуін талап етіп отыр.
Бұл әңгіме желіде желдей есіп жатса да, әзірге тиісті мекемелер жауап берген жоқ. Құзыры жетпейтіндей, министрлігіміз де үнсіз. Содан болар, «өз қотырымызды өзіміз ғана қасып» жатқандаймыз. Бірақ өз «былығымыз» өз ішімізде қалып жатса да бірсәрі ғой, мәселе осы жайлы көрші елдің де ақпарат құралдарында жарияланып, оған көрші елдердің азаматтары да неше түрлі пікір жазып жатыр.
Күллі қазақтың намысына тиетін осы хабар таяуда Қытайдың 830 миллион оқырманы бар Тыңшүн (Tencent) сайтында жарияланды. Онда «студент қыз пәктігін 2 миллионға сатып, ата-анасының ауыртпалығын жеңілдетпек» деген тақырыппен мақала шыққан екен.
Қытайдағы тағы бір оқырманы көп сайт – NetEase де бұл жазбаны оқырмандарымен бөліскен. Оған қазірге дейін 170-тен астам адам пікір қалдырыпты. Біреулері жас қыздың тағдырына аяушылық білдірсе, енді біреулері осыны беріп, елді азғырып отырған телеарна журналистерін сынаған.
Оқып отырып кімді аярыңды білмейсің?
Ал бағдарлама ұжымы осыны жасағанда не тапты? Жас қызды алдап-арбап, «пәктігімді сатамын» деп сөйлетіп, соңынан оның оба­лына қалған жоқ па? Қыздың ар-­намысы тапталып отыр ғой бұл арада. Бірақ осы бағдарламаны
жүргізгендер мынадай анайы, ар­сыз әңгіме қозғап, бір қыздың ғана емес, бір халықтың намысын тап­тап отырғанын неге сезінбеді? Оларда ұят бар ма? Қазақ деген «қыз – келешек ана» деп қадірлеп, сый­лаған, қызын үнемі төрге шы­ғар­ған халық емес пе еді? «Қызға қырық үйден тыйым» деп, қызының ұя­тын қымтап ұстаған жоқ па!? Осы халық жайлы теріс пікір тудыруға тырысқанда бағдарлама журналистері халықтың наласынан қорықпай ма? Арсыз тақырып қозғап, соны қоғамға әкеліп таңады. Ертең өз ұрпақтары да осы қоғамда өмір сүретінін, өздері жасап отырған былыққа ертең өз ұрпақтары бататынын солар түсінбеді ме?
Қорыта айтқанда, «Өз ойым» бағ­дарламасы елімізді қалың қытайға, ормандай орысқа, бүкіл әлемге масқара қылып отыр. Біздің де мұндай бағдарламаға заң жүзінде шектеу қойылса деп тілегеннен басқа шарамыз жоқ.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды