«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Текті жердің түлегі

0 109

Профессор, әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, асыл азамат Құныпия Алпысбаевпен 1969 жылдың жазында Алматыда абитуриент кезімде таныстым. Құныпия Алматы облысының Ұйғыр ауданынан келген екен, мен Семейдің Шұбартау ауданынан барған едім. Содан бері арамыздан қыл өтпеген доспыз. Үміт пен күдік тайталасқан абитуриенттік күндер де зу етіп өте шықты. Жолымыз болып сол жылы КазГу-ге түстік. Содан бері елу жылдың жүзі болыпты. Бақандай жарты ғасыр. Оқуға түскенде алдымыздағы бес жыл бітпестей көрінуші еді. Атқан оқтай, шапқан аттай уақыт шіркінге тоқтау жоқ. Қызық-думанға толы студенттік жылдар қазір көрген түстей. Еске түскенде жүрек сыз­дап, көңілді сағыныш тербейді. Сол сәтте:

Құдай-ау, қайда сол жылдар,
Махаббат, қызық мол жылдар?!
Ақырын-ақырын шегініп,
Алыстап кетті-ау, құрғырлар, – деген
Абай өлеңі ойға оралып, жанарға еріксіз жас тұндырады.
Құныпия ол жылдарда жұқалтаң келген қағылез бала жігіт еді. Қасқа тісін ақсита, көзін жұма күлген риясыз күлкісі күні бүгін сол қалпы. Бірден іші-бауырыңа кіріп, жан дүниеңді үйіріп алатын ашық-жарқын мінезі, жылы жүрегі, көпшіл көңілі елу жылда бір өзгерген жоқ. Енді өзгермейтін де шығар. Құныпия­мен осынша уақыт тонның ішкі бабындай аралас-құралас жүрген достары біздер – Тұрсын Жұртбаев, Жабықпай Сапарғалиев, Тұрсынбек Баймолдаев, Жанболат Аупбаев, тағы басқалар өмірдің қызығын да, қиындығын да бірге көріп келеміз. Сырымыз да, жырымыз да ортақ. Бір өкініштісі, асыл досымыз, ортамыздың гүлі, өнердің өрен жүйрігі Жәнібек Кәрменовтен ерте айрылдық. Тобымыз түгел жүргенде әр күніміз қызық- думанға толы болатын. Алматыдағы Өнер студиясының түлегі, Жүсіпбек Елебеков­тің шәкірті Жәнібек пен Жабықпай шырқата ән салғанда Құныпияның да қоңырқай жүзі албырап, жанары жарқылдап, арқасы қозып отыра алмайтын. Дағдылы әншілер тыныстаған сәтте кезек Құныпияға тиетін. Құнаш (Құныпияны еркелетіп осылай атайтынбыз) домбыраның құлақ күйін келтірген соң, «Сарыбидайға» басатын. Бүгінде республикаға таныс «Сарыбидай» әнін сол кезде ауылдан Алматыға алып келген Құныпия еді. Бұл ән Құныпияның орындауында алғаш рет көпке тарады. Әнді орындап болған соң, «Сарыбидайдың» тарихын майын тамыза отырып, бізге әңгімелейтін. «Сарыбидай» әнінің авторы Алматы облысы, Ұйғыр ауданында (Бұрынғы аты – Кетпен) өмір сүрген, жиырма тоғыз жасында қайтыс болған Сәдіқожа деген кісі екенін, әннің ұмытыла бастаған сөзін қайта қалпына келтірген Мотан (Молдасан Шәпиев) екенін ең алғаш Құныпияның аузынан естіп тамсандық. Сөйтсек, бұл әнді Құныпия Мотан ағасынан үйренген екен. Кейіннен Құныпияның әкесі Қожахмет ақсақалдың үйінде Мотанмен де таныстық. «Біздің ауыл Кетпеннің етегінде, Ерте шықсам ауылыңа жетемін бе?» деп шырқағанда өзін-өзі мүлде ұмытып, әнді беріле айтады екен. Мотанның бір өзі – бір театр. Әңгіме айтқанда ішек-сілеңді қатырады. Әншілігі де мүлде бөлек. Құныпия – сол Мотанның әрі інісі, әрі шәкірті.
Шөп шыққан жеріне шығады. Құныпияның шыққан ортасы да, туған шаңырағы да текті. Өскен ауылы ән мен жырдың бесігі болса, ұшқан ұясы – береке-бірліктің ұйытқысы. Он-он бес шаңырақтан тұратын Алпысбай әулетінің жұмған жұдырықтай берекесін барып-қайтып жүргенде көзімізбен талай көрдік.
Әкесі Қожахмет көпті көрген, жақсылармен дәмдес-сыйлас болған, сөзге шешен, шежіре кісі еді. Шекара бойлаған елдің арғы-бергі тарихын бес саусақтай білетін. Үйінде талай болып, әңгімесін тыңдадық. Шешесі Әтихан қарапайым, көп сөйлемейтін, дастарханы мол, момын адам болатын. Әкесін де, шешесін де қолымыздан жөнелттік. Үлкен ағасы Сейдахмет пен жеңгесі Айшахан малда болды. Ұстазымыз әрі ақылшы ағамыз Рымғали Нұрғалиевті ортаға алып, жазда жайлауына, қыста қыстауына іздеп барып, төрінде топырлап, апталап жатушы едік. Біз барғанда айналасындағы қойшы-қолаң сол үйге жиналып, ән тыңдап, әңгіме-дүкен құрып, бір жырғап қалушы еді. Бүгінде Рымғали аға да жоқ. Ортамыз ойсырап, құлазып қалды. Дүркіреп жауып өткен өткіншідей өмір деген осы…
Құныпия университетті ойдағыдай бітіріп, филология факультетінде Рымғали Нұрғалиевтің жетекшілігінде аспирантурада қалды. Докторлығын үздік қорғап, сол факультетте ұстаздық етті. Шәкірт тәрбие­леудің сыртында қаншама ғылыми мақалалар жазып, көптеген кітап шығарды. Жазушылар одағының мүшесі. Құныпияның қаламынан туған сүбелі еңбектер әдебиеттану ғылымына елеулі олжа салды. Сол еңбегі үшін Мемлекет тарапынан марапатталып, «Құрмет» орденін алды. Осының өзі Құныпияның саналы ғұмырында талмай талаптанып, ерінбей еңбек еткеніне дәлел.
Құныпия – ғылыммен айналыса жүріп, өнерді өрге сүйреген азаматтың бірі. Студент кезінің өзінде университеттің көркемөнерпаздар үйір­месінің құрамында шетелдерге шығып, «Сарыбидай» мен «Молдабайды» нәшіне келтіріп талай шырқағанын білеміз. Сондай-ақ ағалары – жазушы Құрманбай Толыбаев пен әйгілі әнші Дәнеш Рақышев, тағы басқа өнер тарландары жөнінде жазған мақалалары өнертануға қосылған үлкен үлес.
Бүгінде жоғарыда аталған достардың біразы Алматыда қалды. Құныпия, Тұрсын, Жанболат және мен – төртеуміз елордада тұрамыз. Мен 2001 жылы Астанаға көшер-көшпесімді білмей әрі-сәрі күй кештім. Бір кездескенде Құныпия досымнан ақыл сұрап едім, ол: «Ел ауған жаққа Қызыр ауады, елордаға көшкенің жөн. Сәті келсе, мен де барамын!» деді. Айтқаны айдай келді. Көп кешікпей ол да Астанаға жетті. Үй алды. Қызметке орналасты. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінде білікті ұстаз, профессор.
Осыдан он жыл бұрын Құныпия досым алпыс жасқа толғанда «Досқа» деп тақырып қойып өлең жазыппын. Өлеңнің соңында:
…Сусындап жүрегіңнің тұнығынан,
Жаныңды бір досыңмын шын ұғынған.
Сел жүріп, дүние көшіп жатса-дағы,
Келмейді Сырдың суы жұлығыңнан.
Сабаз да, сарбаз да сен саспай-тұғын,
Сабырың сабасынан аспай-тұғын.
Әліптің артын бағып әрқашанда,
Табаны сызды жерді баспай-тұғын.
Сақталған секілдісің асыл мұра,
Сыйлайтын досың түгіл қасыңды да.
Өзгеге қия алмаймын, қадірлі дос,
Үзіліп түскен бір тал шашыңды да.
Ежелден етек-жеңі кең жайылған,
Қазақтың баласысың мал қайырған.
Күн сүйіп жарқыраған маңдайыңнан,
Өлгенше ән кетпесін таңдайыңнан! – деппін.
Сол айтқаным – айтқан! Алпыстың асуынан кеше ғана асқан Құныпия Алпысбаев әне-міне дегенше жетпіске де жетіп қалыпты. Бұл жасқа жеткен де бар, жетпеген де бар. Елің аман, жұртың тыныш, басың сау, бауырың бүтін, бала-шағаның, немерелердің ортасында жетпіске жеткен жанда арман жоқ. Мерейлі жасың құтты болсын, аяулы Дос!..

Несіпбек АЙТҰЛЫ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды