«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ТЕХНИКАЛЫҚ МАМАНДАР ТАПШЫЛЫҒЫ

0 617

IMG_1437

Дүние жүзінде екі мыңнан астам мамандық болса, заман талабына сай олардың бірі жойылып, бірінің мазмұны өзгеріп, енді бірі жаңадан пайда болып жатады. Мәселен, индустриялық бағдарламаны жүзеге асыра бастаған тұста бізде инженерлер ең құрметті мамандық саналды. Қаржы дағдарысына дейін мұнайдың бағасы жоғары болған кезде мұнай-газ саласы мен жалпы экономикаға, бизнеске бет бұрған жастар көбейді. Шетелдік компанияларда жұмыс істейтіндердің жалақысы жоғары болған кезде кейбіреулер шет тілін меңгеруге кіріссе, ал, бүгінгідей индустриялық-инновациялық бағдарламалар жүзеге асырыла бастаған тұста бізге техника тілін меңгерген мамандар қажеттілігі туындады.

 

Қаржыгерлікті қалайды бәрі

Осы күні жастарда таңдау көп. Елорданың өзінде заманауи технологиялармен жабдықталған жоғары және кәсіби оқу орындары баршылық. Оларда жастардың лайықты білім алулары үшін барлық жағдай жасалып отыр, таңдау өздерінде. Дей тұрғанмен, соңғы кезде Астанада заңгерлер мен қаржыгерлер және гуманитарлық сала мамандары басым.

Қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, өткен жылы елордадағы жоғары және орта кәсіби білім беру орындарын тәмәмдаған 9 мыңнан астам студенттің 55 пайызы экономист және заңгер мамандықтары бойынша білім алып шыққан.

Былтыр «Жұмыспен қамту -2020» бағдарламасына қатысу үшін елорда әкімдігінің Жұмыспен қамту орталығына 952 адам өтініш білдірген. Олардың 579-ы, яғни, 60 пайызы әйелдер болса, 644-і немесе 68 пайызы 29 жасқа дейінгі жастар екен.

Бүгінде елордада білікті орта буын жұмысшы мамандардың жетіспеуіне байланысты өткен жылы астаналық 410 азамат еңбек нарығында сұранымға ие тех­ни­калық мамандықтарға оқы­тылды. Бірақ, мұнымен мәселе шешілді деу қиын.

 

«Таңдауы шала тәшкі айдар…»

Елімізде жан-жақты білім аламын деген жастарға мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілуде. Әйтсе де, жоғары оқу орнын бітіргендердің арасында таңдап алған мамандығы бойынша жұмыс таппай, құрылыста, базарда немесе басқа да салаларда жұмыс істеуге мәжбүр болып жүрген адамдар жетерлік. Гуманитарлық сала бойынша жоғары оқу орындарын бітірген бірқатар жастар жұмыстың жоқтығынан кәсіптік-техникалық оқу орындарында қайта даярлықтан өтуде. Сон­дықтан, мамандық таңдау бары­сында талапкер де, ата-ана да жақ­­сылап ой­ланғаны дұрыс. Әр­кім өз кәсібінің шебері болуы үшін үлкендер жағы ма­ман­дық таңдау адам өміріндегі ма­ңызды кезеңдердің бірі екенін ескеріп, балаларын «модный» са­лаларға итермелей бермей, оның өзі қа­лайтын, жанына жақын маман­дықты таңдауына мүмкіндік бер­гені жөн. Ал, мектеп бітірген тү­лек­тер «Қандай кәсіп иесі бол­ғанда еліме пайдам тиеді?» деген сауал төңірегінде ойланса, дардай дипломы бола тұра, жұмыссыз жүргендердің қатарына қосылмас еді.

Елорда жастары арасындағы жұмыссыздық деңгейі өткен жылдың үшінші тоқсанында 7,7 пайызды құраған. Бұл алдыңғы жылдың сәйкес мерзімімен са­лыстырғанда 0,8 пайызға төмен­дегенін көрсетеді. Астана қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту бас­қармасының мамандары жас­тар арасындағы жұмыссыздыққа олардың мамандықты дұрыс таң­дамауы себеп болып отырғанын алға тартады.

Қай заманда болсын, қандай маман иелері үлкен құрметке ие болса, жастардың сол салаға бет бұратыны шындық. Осыған орай қала мектептерінің 9-11 сынып оқушылары арасында еңбек нарығында аса қажетті болып са­налатын жұмысшы мамандығын насихаттау бойынша кешенді шаралар жүргізілуде.

2013 жылы астаналық жастар арасында техникалық мамандық бойынша білім алғандар 21 пайызды, ал гуманитарлық сала түлектері 79 пайызды құраған. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2016 жылға дейін бұл көрсеткіштің алғашқысын 40 және соңғысын 60 пайызға дейін арттыру көзделіп отыр. Бұл – уақыт талабы.

 

Жұмыстың жаманы жоқ, жөнін білсе…

Кәсіби біліктілігі жоғары маман қай кезде де сұранысқа ие. Әсіресе, бүгінгідей инновациялық-индустриялық даму бағытын ұстанған еліміз үшін техникалық және кәсіптік білімі бар мамандар мен заман талаптарына жауап беретін жаңа мамандықтар бо­йынша орта буын кадрларды даяр­­лау – күн тәртібіндегі басты мәселе. Бұл жөнінде «Ақмола вагон жөндеу зауыты» АҚ бас дирек­торы З.Шибкеновпен әңгіме­лескенімізде, ол кісі атал­­мыш мекемеде негізінен білікті дәнекерлеушілердің, токарь-фрезировщиктердің, электриктердің жетіспейтінін айтты. Кейде, тіпті, жоғары білімі бар мамандардың өзі аттестация­дан өте алмай жататынын жет­кізген басшы ескі кадрлар, қарт мамандар зейнеткерлікке шық­қанда қиналатындарын, өйт­кені, олардың орнын басатын білікті мамандардың жоқтығын да жасырмады.

«Соңғы уақыттағы түрлі табиғи, техникалық апаттардың көптеп кездесуіне кей жағдайларда салада тиісті мамандардың жоқтығы себеп болып жатады. Бұрын мұндай мамандар апаттарды ертерек біліп, олардың алдын алып отыратын. Ал қазір, әсіресе, техникалық сала мамандары өте аз» дейді бас директор. Сондықтан, ішкі еңбек нарығының қажеттілігі мен халық­аралық талаптарға жауап беретін кәсіби мамандарды даярлау ісіне барынша маңыз берілуі керек.

Елорданың емдеу мекемелері де заман талабына сай жаңа құрыл­ғылармен жабдықталған. Өкінішке қарай, заманауи техникалық құрал­дарды істен шығып қалғанда жөнге келтіретін мамандар тапшылығы сезілуде.

Жалпы, бүгінде мамандардың мәлімдеуінше, бас қалада инженер-механик, инженер-жобалаушы, инженер-энергетик, құрастырушы, электрик, электрмен дәнекерлеуші, сантехник, слесарь, токарь секілді мамандар тапшы. Оған себеп, қазір мектеп бітірген жастардың көбі кәсіптік оқу орындарына барғысы келмейді, керісінше, олардың дені жоғары білім алуға ынталы.

Болашақта ел тізгінін ұстар азаматтардың білімді де білікті, алғыр, бәсекеге қабілетті мамандар қатарын толықтырғаны жақсы-ау, дегенмен, жастарымыздың тек беделдi қызмет атқаруды аңсап, мансап қуып кетуіне жол бермей, оларға орта кәсіптік оқу орындарын бітіргендердің де ел дамуына ерекше үлес қоса алатынын ескеріп, қарапайым жұмысшы мамандығына құрметпен қарауды үйреткеніміз абзал.

 

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды