«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Театр тамашасы таусылмайды

0 38

Кеше Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академия­лық қазақ музыкалық драма театрының жаңа XXVIII маусымы жылдағы дәстүрге сай Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Әлімбек Оразбеков қойған «Абай» трагедиясымен ашылды. Бұл маусым театр есімін еншілеп отырған сахна саңлағы, қазақ ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қалибек Қуанышбаевтың туғанына 125 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр.

Жылда театр маусымының «Абай» спектаклімен ашылуының өзіндік үлкен себебі бар. Абай бейнесін сахнаға алғаш алып шыққан Қалибек Қуанышбаев болатын. Замандастары Қаллеки атап кеткен әйгілі әртістің осы рөлін туынды авторы, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің өзі жоғары бағалады. Сондықтан қойылымды сахналау қаллекиліктерге үлкен жауапкершілік жүктейді.
Спектакльден екі Абайды көруге болады. Толысқан, кемелденген Абай бейнесін – Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов сомдаса, жастау, албырттау Абайды – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуілов ойнайды.
Жалпы биыл Қаллеки театры елорданың 20 жылдық мерейтойына арналған Астана қаласының ел өңірлеріндегі мәдени күндері кезінде аймақтар тұрғындарына репертуарындағы үздік қойылымдарын ұсынды. Соның ішінде Алматыда «Отелло», «Шие» және «Қараш-Қараш» қойылымдарын қойды. Осы шаһарда Тілектес Мейрамовтың 70 жылдығына орай әртістің шығармашылық кеші өтіп, «Қардағы көгершіннің ізі…» қойылымының премьерасы өтті. Спектакльдің алғашқы көрсетілімі Қазақстан Театрлары ассоциациясы қолдауымен мерейтой иесінің алғашқы үлкен сахнасы – М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында өтті. Премьераның арнайы көрсетілімі Тілектес Мейрамовтың туған жері Қарағанды өңірінде жалғас­ты. Елорда төріндегі мерейтой қараша айына жоспарланып отыр.
Ал қаллекиліктер өткен маусымда Серік Тұрғынбекұлының «Шәмші» элегиясы (режиссері ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов), Айдын Салбанның «Ойыншықтар оянғанда» ертегісі (Фархат Молдағали), Уильям Шекспирдің «Отелло» трагедиясы (Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов) және Кен Кизидің «7+1» драмасы (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков) сынды төрт премьера өткізді.
Жаңа маусымда да бұл ұжым қызықты премьералар ұсынбақ.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды