«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Театр апталығының салтанаты

0 31

Кеше бас қалада дәстүрлі «SAMGAU» VII халықаралық фестивалінің шымылдығы түріліп, театр апталығының салтанаты басталды. Биылғы байқаудың көрігін еліміз бен шетелден келген 15 өнер ұжымы қыздырады.

Халқымыз жеті санын киелі деп санайды. Сондықтан жетінші рет өтіп отырған фестивальдің маңызы өзгеше. Бұл айтулы шараға астанадан Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академия­лық қазақ музыкалық драма театры, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры, «Жастар» театры, қалалық комедия театры мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нүркен Өтеуіловтың театры қатысады. Бұл сахна ұжымдарының өнері елордалықтарға жақсы таныс деп айтуға болады. Сондай-ақ Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыс орталықтарындағы театр әртістері де өз өнерлерін талғамы биік көрермендерге тарту етпек. Ал осы өнер бәйгесінде Ресей, Литва, Өзбекстан, Қырғызстаннан келген ұжымдардың спектакльдерін көруге қолайлы мүмкіндік туып отыр. Қазір әлемде театр өнері жаңа белеске көтерілді. Сахнаға жаңа технологияларды енгізу арқылы кейіпкердің образын ашу жандана түскен. Бұл үрдістер Ресей театрларында кеңірек қолданылып жүр.
Бір аптаға созылатын мәдени шарада көрермендер аталған театрлардың «Айман-Шолпан», «Ләйлі-Мәжнүн», «Қаракөз», «Әке», «Ромео мен Джульетта» секілді үздік туындыларын тамашалайды. Елорда жұртшылығы бұл қойылымдарды Қаллеки театры, «Жастар» театры және «Nomad City Hall» сахна залынан көреді.
Сонымен бірге фестиваль аясында сахна майталмандары театр әртістеріне актерлік және режиссерлік бағытта шеберлік дәріс оқиды.
Байқауға бақ сынауға келген театрлардың өнерін осы саланың майын ішіп, жілігін шаққан мамандары сараптайды.
Ендеше, елордада жетінші мәрте өтіп отырған театр апталығынан құр қалмаңыз!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды