«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тазалық пен тәртіп керек

0 19

Бақыт Сұлтановтың төрағалығымен Нұр-Сұлтан әкімдігінің кезекті отырысы өтті, онда қала тыныс-тіршілігінің маңызды мәселелері талқыланды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Белгіленбеген жердегі қоқыс орындарын жою туралы баяндаған Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Мұса Танабаев қала аумағында 185 рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын орын анықталғанын мәлімдеді (Алматы – 44, Байқоңыр – 50, Есіл – 54, Сарыарқа – 37). Оның 122-сі жойылды (Алматы – 16, Байқоңыр – 46, Есіл – 23, Сарыарқа – 37), 63-і жою барысында (Алматы – 28, Байқоңыр – 4, Есіл – 31).
Бақыт Сұлтанов рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің пайда болуын болдырмау бағытында заңнамаға өзгерістер енгізу жөніндегі жұмыстарды қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар қала әкімі өндіріс қалдықтары мен тұрмыстық қалдықтарды жинау орындарын ұйымдастыру, жаңа қоқыс тастайтын жерлердің пайда болуына жол бермеу, «Сергек» бақылау камераларымен қала аумағын барынша толық қамту, талдау және болжау жұмыстарын жалғастыру жө­нінде ұсыныстар енгізуді жүктеді.
Бұдан кейін аудан әкімдері проблемалық үйлер туралы баяндады. 2018 жылдың 18 маусымынан бастап 2019 жылдың 16 мамырына дейін 109 қызметіне ПИК мәселелері бойынша 27 288 өтініш келіп түскен. Олардың 21 185-нің мәселесі шешілсе, 205-і әлі де қарастырылу үстінде.
«Бұрынғыдай, көппәтерлі тұрғын үйлерді сумен жабдықтау (12 000 өтініш), жылумен жабдықтау (4 500), электрмен жабдықтау (4000) мәселелері шешілуде» деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Арман Тұрлыбек.
Бұл тұрғыда Бақыт Сұлтанов жа­уапты мамандарға жылыту маусымы басталғанға дейін 134 проблемалы (иесіз) тұрғын үйге қызмет көрсететін ұйымдарды құру бойынша Жол картасын әзірлеп, бекітуді тапсырды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды