«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ТАЗАЛАУ – ЖАЗАЛАУ ЕМЕС

0 71

ERA_7222

Қала тазалығы. Жалпы, бұл өзі – жазыла-жазыла жауыр болған тақырып. Бірақ, айтпасқа тағы амал жоқ!..
Әр қаланың төлқұжаты тәрізді танымал жерлері болады. Жол түсіп бара қалсаңыз, ат басын алдымен соған тірейсіз.

Мәселен, Алматыда ол – 28 панфиловшылар саябағы, Абай ескерткіші, Медеу мұз айдыны, т.б.
Ал, Астанаға келсек, бұл – сөз жоқ, «Бәйтерек» алаңы.
Сенбілікті сәуір өтіп, мерекелі мамыр да бітуге таяды. Әзірге өзгерген ештеңе жоқ. Күнделікті жолың осы болған соң жүрмей тұра алмайсың. Жүрген соң, әрине, көресің!..
Өткенде осы әңгіме әріптестер арасында әжептәуір пікірталас тудырды. Бірі «бәрі өзімізден» десе, екіншісі «тәртіп жоқ, жағдай жасалмаған» деген қорытынды жасады. Тіпті, қыза-қыза өзге елдердің үлгісін алға тартты…
«…Дамыған шет елдік мемлекеттерде көшедегі тазалық мәселесі қатаң қадағаланады. Бейжіңде, мысалы, көшеде түкіргені, қоқыс тастағаны, тіпті, итінің «бүлдіріп» кеткен «әлеметі» үшін арнайы айыппұл салынады. Сингапурде сағыз шайнамақ түгілі, оны сақтауға, бір-біріне таратуға болмайды. Ол есірткімен теңестірілген және бұл үшін үлкен айыппұл (1000 АҚШ доллары) салынады. Сондай-ақ, тасталған қоқыс үшін 500-ден 1000 долларға дейін, көшеде түкіргені үшін 1000 доллар, жеделсатыда темекі тартқаны үшін 1000 доллар айыппұл қарастырылған. Малайзияда асфальтқа тасталған сағыз үшін 1 ай қоғамдық жұмыс және 500 доллар көлемінде айыппұл салынады. Мұндай салақтық үшін Ұлыбританияда 90 фунт стерлинг айыппұл белгіленген. Ал Біріккен Араб әмірліктерінде көшеде тасталған сағыз үшін кінәлі адам – 137 долларға, темекі тұқылы үшін 55 долларға айыпталады…»
Әрине, «тазалық жинаған жерде емес, сақтаған жерде болады»… Оған кімнің таласы бар?! Демек, алдымен тәртіп керек және баршаға ортақ тәртіп!..
… Біз бүгін соған дайынбыз ба? Күмәнім бар!..
Біріншіден, дәл мұндай айыппұлды қазақстандық азаматтардың қалтасы көтермейді.
Екіншіден, ақша жүрген жерде адалдық жүрмейді!
Үшіншіден, оңайлықпен ештеңе өзгермейді. Ол үшін уақыт, дайындық қажет.
Төртіншіден… Қысқасы, тізе берсек себеп көп. Қол қусырып қарап отыру – тағы қисынсыз!..
Рас, «тоқпағы мықты болса, киіз қазық та жерге кіреді…» Тек… Иә, тазалау – жазалау емес. Шаш аламыз деп, бас алып жүрмейік!..
Осы арада ертеде өзім куә болған бір жәйт есіме түсті. Алматыда. Осыдан он шақты жыл бұрын…
Көшелерге көздің жауын алатын жалтыраған контейнерлер қойыла бастады. Тіпті, қоқыс жәшігі деп айтуға аузың бармайды. Қағаз, қалта салатын, тамақ қалдықтары мен тағы басқа қажетсіз заттар салынатын бөліктері – бөлек-бөлек. Обалы нешік, «Бәрекелді! Дұрыс!..» деп қуанып қалдық…
Өкінішке қарай, қуанышымыз ұзаққа созылмады. Жаз. Күн ыстық. Уақытылы тазартылмаған жал­тыр жәшіктер іріп-шіріп, саси бастады. Қала­ның қақ ортасы. Қолаңса сасыған иіс қолқаңды ұрады!..
Айтпақшы, содан бір-екі ай бұрын Алматыда қала қоқысын қайта өңдеуге арналған керемет зауыт іске қосылған. Ең соңғы шетелдік құрал-жабдықтар мен технологиямен қаруланған кәсіпорын енді бәрін кәдеге жарататын болды деп қуана жар салғанбыз. Ал әлгі жәшіктер жаңа зауытқа «шикізат қорын» жинау үшін арнайы қойылған…
Ақыры, «қор» емес, сорға айналған соң, алып тастады. Жалтыр жәшіктермен солай «қоштастық»…
Кейін зауыт пен қалалық коммуналдық шаруашылық басшыларының өзара тіл табыса алмағаны белгілі болды. Естуімізше, баяғы сол – ақша дауы… Істің басы-қасында болмаған соң, ешкімді айыптағымыз келмейді. Не керек, нәтижесінде көп ұзамай зауыт та тоқтады!..
Сонымен, бүгінгі айтпағымыз не? Бір күнде ештеңе өзгермейді. Әсіресе, қалыптасқан қоғамдық құбылысты өзгерту оңай шаруа емес. Ол үшін тек қатал заң, қатаң тәртіп қана емес, кешенді іс-шаралар керек.
«Тас түскен жеріне ауыр…» Негізгі салмақ, әрине, коммуналдық шаруашылықтарға жүктеледі.
«Бәйтерек» монументі. Астана қаласындағы басты алаңдардың бірі. Бар әлем жадырап, жайнап тұр. Бірақ…
Көріп тұрсыз, не арық қазғаны, не алтын іздегені белгісіз – әйтеуір, ойдым-ойдым. Асты үстіне келіп, қопарылып жатыр. Демалуға арнап қойылған шеткі орындықтардың қасында қоқыс салатын жәшіктер де жоқ. Жеген тамақ қалдықтары мен босаған сусын құтылары әр жерде жатыр…
Осыны көріп тұрып, бәрін тек қатал заң мен айыппұлмен ғана шешуге болады деуге қалай аузың барады? Сәл жаңбыр тамса, аяқ басар жер таппай секіріп жүретінімізді, тіпті, айтпай-ақ қояйын!..
Иә, дегенмен, ойланатын жағдай!..

Тұрмағанбет КЕНЖЕБАЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды