«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ТӘУЛІК БОЙЫ ТЫНЫМ ТАППАЙ…

0 203

ZAH_4432

Тіршілігі қым-қуыт қала өмірінде тұрғындар жедел жәрдемнің көмегіне жиі жүгінеді. Тәулік бойы тыным таппайтын «103» қызметкерлерінің әр күні сын сағатқа толы. Алайда, осынау саланың іркіліссіз ісіне көңілі толмайтын шағымданушылардың шуы басылған емес. Тірлігі таңсық «жедел жәрдеммен» өткен бір күнімізде қоңырау түскеннен дабыл қағылып, көмек көрсетілгенге дейінгі үдерістің басы-қасында болып, біраз жайдың сырына қанықтық.

Қоңыраулар жауапсыз қалмайды

Алдымен Астана қалалық жедел медициналық жәрдем стансасына ат басын тіредік. Бізді бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Сұлушаш Әбілқасымова қарсы алды. Оның айтуынша, «103» желісіне күн сайын 3 мыңнан аса қоңырау түседі. Соның тең жартысына жедел жәрдем жөнелтілсе, қалғандарына дәрігерлік кеңес беріліп, жақын маңдағы емханаларға бағытталады.

Жұрттың жан-айқайы негізінен жедел жәрдемнің уақытылы жетпеуіне байланысты  екені белгілі. Сөз төркінін бірден ұққан Сұлушаш Әбілқасымова бұны былай түсіндірді:

– Өзіңіз көріп тұрғандай, шаруамыз шаш етектен. Алайда, есіл еңбегіміз осындай шағымдардың көптігінен еленбей қалады. Көмегімізге мұқтаж болғандарға жедел жетуімізге кедергі болып тұрған көшедегі кептеліс емес, ең біріншіден, санитарлық автокөліктің жетіспеушілігі дер едім. Оның үстіне қолда бар 60 көліктің бәрі зырылдап жүріп тұрған жоқ. Техника болған соң сынбай тұрмайды. Дәл қазір оның төртеуі – апаттық жағдайда, алтауы күрделі жөндеуде жатыр. Тағы сегізінің түзейтін кем-кетігі бар.

Шынында да, кідіріссіз жұмысқа кептелістің әжептеуір тосқауыл болатыны өз алдына, шұғыл шақыруларда көлік тапшылығы кәдімгідей сезіледі екен. Оны біз диспетчерлердің дереу бару керек жерге көлік болмай қиналғаннан байқадық.

Мұндағы жұмыстың қайнайтын жері – диспетчерлік қызмет бөлімі. Басы ауырып, балтыры сыздағандардың бүкіл қоңырауына осы бөлімдегі 11 пункт жауап береді. Сөйлесу кезіндегі мәліметтердің барлығы – науқастың жағдайы, мекенжайы автоматты түрде теріледі. Толассыз қоңыраудың бәріне жауап беріп үлгеруі үшін әрқайсысына небары 30 секунд уақыт беріледі. Оған қоса, тағы 3 пунктте кеңес беріледі.

 Дабылды көлік дамылдамайды 

Нөмірі 7-пунктте отырған диспетчер шақыруға жауап беріп жатыр. Мектеп аялдамасында бір мұғалім есінен танып қалыпты. 58-бригаданы бірден Абай көшесіндегі №35 мектепке бағыттады. Жағдайды бақылап тұрған біз басшының орынбасарынан рұқсат алып, жалма-жан топ мүшелерімен бірге арнаулы көлікке қарай ұмтылдық.

Көлікке жайғасқанымыз сол еді, безілдеп алып жөнеле берді. Қанша дабыл қаққанымен ағылған көліктердің ығысатын ыңғайы байқалмады. Кедір-бұдыр жолмен жүргендей төңкеріліп кете жаздап жүйткіп келе жатырмыз. Сол екі ортада біздің абыржыған түрімізді байқап, «Мұндай жағдайға әбден етіміз үйреніп кеткен. Қазір-ақ жетіп барамыз» деп Фатима есімді фельдшер өзін таныстырып үлгерді. Әңгімеміз одан әрі өрбімеді, әп-сәтте діттеген жерімізге жеттік.

Мектеп есігінен аттап басқаннан, ондағылар бізді жан ұшыра қарсы алды. Кіреберістегі бөлмеге жатқызылған жүкті әйел өз-өзіне келіп, есін жинапты. Топ жетекшісі Дмитрий Гречишкин науқастың қан қысымын өлшеп көріп, халін сұрап жатыр:

– Басыңыз айналып тұр ма? Көзіңіз қарауытады ма? Жүктіліктің нешінші аптасындасыз?

Фатима науқастың жауабына қарай қан қысымының қалыпты екенін, жүктіліктің он үшінші аптасында екенін дәптеріне түртіп қойды. Аяғы ауыр әйелдің желке тұсын ұстап көрген Дмитрий сәл ауырсынғанын байқады да, «мойын омыртқасының остеохондрозы» деп диагноз қойды.

Содан соң науқасты №1 қалалық емханаға алып баратын болып шешті. Осы кезде Дмитрий көліктің артқы жағына ауысып, онымен де сөйлесудің сәті туды.

– «103-ке» жиі жүгінетіндер жүкті әйелдер-ау, – дедік әңгімеге тартып.

– Құдайға шүкір, көбейіп жатырмыз, – деп бастады сөзін ол. Өзге ұлт өкілінің өзімізше сөз саптауы ұнап қалды. – Бізден жәрдем сұрап хабарласқан әрбір үшінші, төртінші тұрғын жүктілік кезеңінде болып шығады.

– Тоғыз айы толып немесе мерзіміне жетпей толғағы қысқан келіншекті перзентханаға жеткізіп үлгере алмайтындай жағдай туса, қалай әрекет етесіздер?

– Мұндай оқиғалар көп кездеседі. Мысалы, былтыр 15 әйелді өзім босандырып алдым. Кейбір шараналар осы көліктің ішінде дүние есігін ашты.

Алғашқы қараған келіншекті емханаға жеткізгеніміз сол еді, екінші шақырту бойынша да екіқабат әйелге көмек көрсетуге кірісіп кеттік.

«Балам қозғалмай жатыр» деп байбалам салған жасы қырықтар шамасындағы әйел төртінші перзентіне жүкті екен. Баланың іште жатып тұншығып қалуы мүмкін екенін Дмитрий мен Фатима жақсы білсе де, аспай-саспай әбден тексеріп көрді. Ай-күні жақындап қалғанын ескеріп, толғағы келіп қалды ма деп те топшылады. Сөйтіп, ойланбастан №2 қалалық перзентханаға аттандық.

Перзентханаға жеткен соң, біз көлікте қалдық. Арамыздан тек Дмитрий науқасты ішке алып кіріп, оның жағдайы қалыпты екенін мәлімдеді.

Жазатайым жарақаттанатындар жетерлік

 ERM_4300

Шыңылтыр аязды шаһарда шұғыл шақырулардың көбісі көктайғақта сүрініп кетіп, қол-аяғын шығарып, не болмаса, сындырып алғандардан түседі.

Қаламызда қаңтар айының басынан бері жедел жәрдем көктайғақтан жарақат алған 59 адамға көмек көрсетіпті. Оның 25-і емханаға жеткізіліп, 4-еуі ауруханаға жатқызылды. Ал, тайып құлаған балалардың саны – 21. Оның 9-ы емханада қаралса, 2-еуі ауруханада емделді.

Міне, сондай оқиғаның орын алғанын диспетчер 58-бригадаға хабарлап жатыр. Келесі бағытымыз – Амман көшесі.

Фатима дереу таңғыш, шендеуіштерін дайындай бастады. Оның айтуынша, дайын стандартты шендеуіш дененің зақымданған бөлігін иммобилизациялау үшін ең керекті құрал екен. Иммобилизациялау дегеніміз – сынған жерді қимылсыз күйге келтіріп, таңғышпен немесе шендеуішпен таңып тастау. Шендеуіш сирақ сынғанда – тізе мен тобық буынын; иық сүйегі сынған кезде – иық пен шынтақ буынын және кәрі жілік-білезік буынын; жамбас сүйегі жарақаттанғанда ұршық, тізе, тобық буындарын қозғалтпауға мүмкіндік жасайды.

Көрсетілген мекенжайға келдік. Дмитрийдің соңынан тез-тез ілесіп, сәулеті көз тартатын «Милан орамының» табалдырығын аттадық. Күтіп алған екі күтуші қыз бізді 1-қабаттағы есігі ашулы тұрған пәтерге қарай бастап жүрді. Әудем жерден зорайған дауысынан жарақат алған әйелдің әжептеуір қиналып жатқанын аңғардық.

Топ мүшелері салған жерден іске кірісіп кетті. Ал, фототілші екеуіміз не істерімізді білмей тосырқап қалдық. Қабағы қатулы үй иелері сөзге келместен суретке түсіруімізге тыйым салды.

Жасы 30-дан асқан әйел есік алдындағы баспалдақтан тайып жығылып, иығын шығарып алыпты. Бұрын-соңды аяқ-қолы сынып көрмеген әйел үйді басына көтеріп, әр нәрсені бір сұрағыштайды. Дмитрий Фатимаға дереу ауырғанын басатын екпені салуды тапсырды. Осы салада 7 жыл қызмет еткен тісқаққан маман жарақаты жанына қатты батқан науқасты қалай алдандыруды да біледі. Шендеуішті шынтақ пен иықты қимылдатпайтындай етіп иіп, орналастырды да, дәкені еппен орап тастады. Әйелді тыныштанған соң, екі жақтап сүйемелдеп, көлікке отырғызды.

58-бригада науқасты қаладағы №2 емхананың травматология бөліміне жайғастырды. Сол жерде бізге тағы бір бригаданың жұмысын бақылаудың сәті түсті.

Үнемі «ат үстіндеміз»

 ERM_4311

Емхананың алды ығы-жығы адам. Жедел жәрдем көліктері бірінен соң бірі ағылып, түрлі науқастарды тасымалдап жатыр. Дабылдатып келген тағы бір жедел жәрдем бригадасының мүшелері бір науқасты зембілге салып, асығыс ішке кіріп кетті. Шамасы қатты жарақаттанған болуы керек. Біз осы сәтте 58-бригадамен қоштасып, басқа бригадаға қосылуды жөн санадық.

Сәлден соң зембілдерін көтеріп, іштен шығып келе жатқан әлгі жәрдемшілерге өзімізді таныстырып, мекеме басшысынан рұқсат алғанымызды қаперіне салдық. Бригаданың дәрігері Шахан Сыздықов қарсылық көрсетпестен, қастарына ертуге келісті.

Бұлар №2 кардио-реанимациялық бригадасы екен. Жалпы жедел медициналық жәрдем стансасына қарасты бригадалар шақырудың күрделілігіне байланысты төртке бөлінеді. Бізді бірінші серік еткендер –  фельдшерлік бригада. Олар температура жоғарылағанда, жарақат алғанда, қол-аяғы сынғанда және тағы басқа түрлі келеңсіз жағдайларда көмекке барады. Педиатриялық бригада мен Педиатриялық-реанимациялық бригада аты атып тұрғандай, балалардың мазасы қашқанда және денсаулығы тым нашарлағанда алғашқы көмек көрсетеді. Ал, біз бірге жүрген 2-бригада ең күрделі тапсырмаларға шығады екен. Жол-көлік оқиғаларында, жүрек қысылып, тыныс тарылғанда осы жәрдемшілер қасыңыздан табылады.

Жұмыстары ауыр болғандықтан шығар, бұл бригада мүшелерінің бізбен сөйлесуге мойындары жар бермеді. Соған қарамастан топ фельдшері Руслан Өтенәлиевтің аузынан сөз сұрап алдық.

– Қаланың іргесіндегі емхана мен шақырту түскен Есілдің оң жағалауындағы мекенжайдың арасы біраз уақытты алады. Барар жеріміз  қашықтау болғандықтан, дер кезінде жете алмай қалуымыз кәдік. Өздеріңіз көріп отырсыздар, кешігуіміздің салдары – кептелістен бұрын жолдың алыстығынан. Егер бізде көлік жеткілікті болғанда, жақын маңдағы бригада көмекке баратын еді. Дәл қазіргі сәтте бригадалардың бәрі бос болмағандықтан бізге қаланың мына бұрышынан баруымызға тура келді, – деген Русланның сөзінен соң жоғарыдағы мекеме басшысының көлік тапшылығы туралы мәселесіне көзіміз жете түсті.

Бригада мүшелері сол екі ортада аз да болса көз шырымын алды. «Үнемі ат үстінде жүргендіктен, жолда асығыс-үсігіс тамақтанып, мүлгіп-қалғып алатынымыз бар» дейді бригада жетекшісі.

Шұғыл шақыртқан Есенберлин көшесіндегі мекенжайға келдік. Есік ашқан жігіт үйге дәрігерлерді ғана кіргізіп, бізге рұқсат етпеді. Абыржыған түріне қарап, іштегі кісінің жағдайы тым нашар сияқты көрінді.

Көлікке қайта оралдық. Осы кезде өзін Жүсіп деп таныстырған «103-тің» тәжірибелі жүргізушісімен сөйлесудің сәті түсті.

– Тәулік бойы бір тынбай жұмыс істеу оңай емес. Бірақ біз осы машақаты көп іске әбден мамандандық. Дабылды қоссақ та, қоспасақ та көліктің жылдамдығын қалыпты көрсеткіштен бәрібір асыра алмаймыз. Халық ойлауы мүмкін, төтенше оқиғаларда «жедел жәрдем» жол ережесін сақтамай, қалай болса солай жүреді деп. Жоқ олай емес. Сәл қиыс бассақ, бізге де алатаяқтылар аямай айыппұл салады. Апатқа тап болып қалсақ, амал жоқ, жарты жолда межелі жерге жете алмай бөгеліп қаламыз. Онсыз да көлік жетіспей жатқанда, қаңтардың қытымыр аязында қаншама машинамыз сынып, қаңтарылып тұр, – дейді ол.

Араға 30-40 минуттай уақыт өткенде жәрдемшілердің төбесі көрінді. Айтуларына қарағанда, 42 жастағы ер кісі қатты қысылып, жүрек соғуы әлсірепті. «Жүрек соғысының ырғақсыздығы» деп диагноз қойылған науқас ауруханаға барудан бас тартыпты. Көнбеген соң, қолдан келген ем-домын жасап, біраз тыныштандырған.

Бригада науқасқа қандай көмек көрсетілгенін диспетчерге рация арқылы хабарлады. Артынша тағы бір бағытқа нұсқау берді. Кідірместен Тайбурыл көшесіне тартып отырдық. Сүт пісірім уақытта жетіп бардық. Алайда, тағаты таусылған әже үйге енгеніміз сол еді, «1 сағат күттім ғой» деп «қайда жүрсіңге» басты.

– Міне, куәсіңдер ғой. Небәрі 15 минутта келдік. Біз жаңағы жерде болғанымызда мұнда жіберетін көлік табылмады. Сол себептен науқастардың ұзақ күтуіне тура келді, – дейді Руслан бізге қарап.

Жасы сексенге таяған әже жедел жәрдемді жиі шақырады екен. Ауруханаға жатқысы келмейді. Дәрігерге аспалы екпені қандай мөлшерде салатынына дейін айтып отырды.

Біз осы арада 2-бригададан бөлініп, өз жолымызбен кеттік. Олар таң атқанша тыным таппай, жәрдем күткендердің жанынан табылады. Бұрын жедел жәрдемнің жұмысын жете түсіне білмейтін біз бір күн «қазанында қайнап», қарбалас тірлігінен біршама хабардар болдық.

         Жедел жәрдеммен өткізген бір күнімізде «103» желісінде 3333 қоңырау қабылданды. Оның ішінде 1440 шақыртуға арнаулы бригадалар барып, алғашқы көмек көрсетті. Хабарласқандардың 265-іне қалай әрекет ету керектігі туралы кеңес берілсе, 29-ын учаскелік дәрігерлерге бағыттады. 

АЗ-КЕМ АНЫҚТАМА

Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Иван Ли жедел медициналық жәрдем стансасына байланысты мынадай түсінік береді:

–Қалалық жедел медициналық жәрдем стансасы – тәулік бойы дамылдамай, тұрғындарға қызмет көрсететін мекемелердің бірі. Бүгінде мұнда 61 бригада жұмыс істейді.  Күнделікті 53-62 санитарлық көлік шақыруға барады.  Күн-түн демей жұмыс істейтін станса тәулік бойына шамамен 1500-ге дейін шақыру қабылдайды. Әсіресе, түскі сағат 12.00-ден түнгі сағат 22.00-ге дейінгі мерзім – шақыру қоңыраулары үздіксіз соғылатын нағыз қарбалас шақ. Сондықтан дәл осы кезеңде емханалардың санитарлық  машиналары  де тартылып, жұртшылыққа жедел көмек көрсетуге барлығы 62 көлік жолға шығады. Қазіргі таңда стансаның техникамен қамтамасыз етілуі  62 пайызды құрап отыр. Биыл қосымша санитарлық  автомашиналар сатылып алынып, жедел жәрдем көліктерінің жетіспеушілігі мәселесі біржола шешіледі деп күтілуде.

Астана қаласының әкімдігі тарапынан жедел медициналық жәрдем стансасын дамытуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Осыған байланысты арнайы қабылданған кешенді жоспарға сәйкес, көптеген игі істер қолға алынып отыр. Мысалы, жедел жәрдемнің қызмет көрсету тарифі ұлғайды. Қазіргі күні қала бойынша 9 қосалқы станса бар. Енді Есілдің сол жағалауында жаңа орталық стансаның құрылысы басталды. Ол биылғы жылдың аяғында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Жаңа нысан ашылса,  жедел жәрдемнің жүктемесі азайып, оның тұрғындарға көрсететін қызметі неғұрлым тиімді бола түсетіні сөзсіз.

Қала тұрғындарының саны көбейген сайын жедел жәрдемге жүгінетіндердің қатары да соғұрлым артады. Кәсіби шеберлікті ғана емес, жылдамдық пен төзімділікті қажет ететін бұл сала – кез келгеннің қолы емес. Әлбетте,  тәулiк бойы дамылдамай, аяғынан тiк тұрып, шақыруға қызмет ету – оңай шаруа емес.  Осыған мойымағандар ғана жедел жәрдемге жұмысқа келеді. Қалалық әкімдік мұндай өз ісіне адал дәрігерлердің әлеуметтік жағдайын да ерекше ескеріп отыр. Биыл негізгі буын қызметкерлерге 30 пәтер беріледі деп жоспарлануда. Әрі мамандардың жағдайын ескеріп, олардың балаларына мемлекеттік балабақшалардан 94 орын бөлінді. Мұның өзі жедел жәрдемдегілерге айтарлықтай көмек. Бұдан басқа да игі жоспарлар көп. Ол алдағы уақыттың еншісінде.

 

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды