«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тәуелсіздік тұмары

0 39

Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінде Аста­наның 20 жылдығына арналған «Астана – Тәуелсіздіктің бой­тұмары» атты мерекелік кеш өтті. Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында өткізілген шара барысында Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров атындағы арнайы сынып ашылды.

Тоқтар Оңғарбайұлы бұл мектепке жиі бас сұғатын құтты қонақтардың қатарына жатады. Қашан көрсең оқу­шылармен кездесіп, оларға бағыт-бағдар беретін тәлім-тәрбиесі мол кештерге қа­тысып жүреді. Ғарышкер бол­сам деп армандайтын мектептегі оқушылардың да қарасы көп. Бұл жолы да ғарышкерше киінген 9 оқушы ұшқышты қарсы алып, өздерінің армандарын жеткізді. «Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер болу, әрине, мен үшін үлкен мақтаныш. Бірақ ол үлкен жауапкершілік жүктейді. Мен оны сезінемін. «Білімдінің жүзі – жарық» деген. Өздеріңнің білімділіктеріңмен, білік­тілік­теріңмен еліміздің дамуына атсалыса аласыңдар. Өздеріңе айтарым, білімнің шыңына шықсаңдар да, өзіңді ешкімнен биік қоймауың керек. Армандау керек. Ар­ман­­дарың арқылы өз мақ­сат­тарыңды бағындыра ала­сыңдар» деді ғарышкер.
Мектеп директоры Роза Болатаева ғарышкерге ли­цей оқушыларының қолы­нан шыққан туындылар қойылған көрмені көрсетті. Кездесу соңы концерттік бағ­дарламаға ұласып, ұш­қыш-ғарышкер Тоқтар Әубәкіров мектептің ең үздік оқушыларының «Жас ұлан» ұйымына тіркелген антын тыңдап, мойындарына галстуктерін тақты.

Гүлжан РАХМАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды