ТӘУЕЛСІЗДІК ТІРЕГІ – АСТАНА

Кеше «Жастар» театрында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ел тәуелсіздігі мен Астананың 20 жылдығына арналған «Рухани жаңғыру – ұлттың ұлы мұраты» атты жас ақындар мүшәйрасы өтті. Оған Астана, Алматы, Семей, Тараз, Қызылорда, Талдықорған, Өскемен, Қарағанды қалаларында тұратын ақындар қатысты.

– Алдағы желтоқсан айында тәуелсіздігімізге 26 жыл толады. Ал астанамыздың Алатау баурайынан Арқа төсіне қоныс аударғанына – 20 жыл. Жас ақындар осы тақырыптарды жырлады, – деді ұйымдастырушы тараптан Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев.
Жалпы, мүшәйраға 50-ден астам ақыннан өтініш келіп түсті. Белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы бастаған қазылар алқасы соның ішінен 9 ақынды қорытынды кезеңге жіберді. Жеңімпаз басқарманың сайтына жарияланған өлеңдерге дауыс беру жолымен және қазылар алқасының шешімімен анықталды.
Бірінші орынды Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің тілшісі Рауан Қабидолдин жеңіп алды. Екінші орынды Ажар Ерболған (Астана) иеленді. Үшінші орын тағы бір астаналық өрен – Алпамыс Файзоллаға бұйырды.
Ақын Қалқаман Сарин жүргізген кеште қатысушылар бірінен соң бірі сахнаға шығып, өлеңдерін оқыды. Гүлнұр Оразымбетова, Нұрболат Арзамас, Әйгерім Нартуеева сынды әншілер ән шырқады.

Аманғали Қалжанов

Сонымен қатар

АЛАШ МҰРАТЫ

Осыдан тура бір ғасыр бұрын, яғни 12 желтоқсанда Орынбор қаласында өткен II жалпықазақ съезінде Алаш …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған