«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тәуекел төріндегі түрікмен

0 53

Әлемде бүгінгі тыныс-тіршілігі жалпы жаһан жұртына оншалықты танымал емес, өзінің ішкі саясатын былайғы бөтен көздерден ұдайы жасырып ұстайтын елдер аз емес. Сондай құпия тірлігі көп, сырын сыртқа көп аса шаша бермейтін, әрбір әрекетінде кереғарлық жеткілікті елдер қатарында біздің сан ғасырлардан бергі құдайы көршіміз – түрікмен жамағаты да бар.

Биылғы қаңтардың 24-і күні Түрікменстанның «Аркадаг» деген қосымша атауын алған президенті Гурбангулы Бердымухамедов Ашхабадта салынып жатқан кезекті отельдің жобасымен танысты. Ел байтағының Арчабил және Чандыбил даңғылдары арасындағы 22,9 гектарлық алаптан бой көтеретін бұл мейманхананың ерекшелігі, кешеннің төбесінен ұзындығы 725 метрді құрайтын қолдан жасалған өзен құлап ағып жатады екен. Аркадаг бұдан әрі Халықаралық конгресс орталығы, Халықаралық қабылдау орталығы, «Сенагат» коммерциялық банк пен «Түрікменбашы» мемлекеттік коммерциялық банктің офистері, сондай-ақ түрікменнің ұлы ойшыл ақыны Мақтымқұлы Фрагидің ескерткіші жобаларын көрді. Президент сонымен қатар Ахал уәлаятында тұрғызылатын 200 орындық «Ак бугдай» санаторийі мен Ашхабадтағы халық­аралық күйік орталығының макеттерімен танысты. Мұнан сәл бұрын Ашхабад аэропортының жаны мен Копетдаг тауының етегінен тағы екі мейманхананың салынғалы жатқаны да белгілі болды. Бірақ сарапшылар қазір отельдер мен бизнес-орталықтар құрылыстарының елді жаппай билеген дағдарыс ахуалында салынғалы жатқанын жазып жатыр. Бұл түрікмен елінің қазір үлкен тәуекелдің тепсеңінде тұрғанын танытады.
Рас, Түрікменстан егемендікке қол жеткізген жылдардан бастап өзінің табиғи қазба байлығы – мұнай мен газдың игілігін елдің қажетіне өте жақсы айналдыра білді. Соның арқасында Орталық Азия төсінде кіл ақ мәрмардан түзілген ғимараттармен көмкерілген әсем қалалардың бірі бой көтерді. Сол кездері Ашхабадтың өзі де, оның сәулет өнерінің үздік үлгілері болып саналған бірқатар ғимараттары да Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді.
Бір кездері мұнда Аи-95 бензинінің литрі Венесуэла мен Ирандағы тәрізді небәрі 2 цент қана тұрды. Бұған қоса, жеңіл көлік иелері айына 120 литр бензинді, жүк машиналары мен автобустары бар азаматтар 200 литр дизельді отынды тегін алу құқығын пайдаланды. Ал электр энергиясын, суды, газды және тұзды тұрғындар тегін алатын. Бұл сол кездері Түрікменбашы Сапармурад Ниязов қайта-қайта айта беретін, халық үшін жасалған нағыз ұжмақ заман еді. Бірақ тегін ірімшіктің тек тышқан аулайтын тұзақта ғана болатынын уақыттың өзі кейін көрсетіп берді. Жылдар бойы биліктің бишігінде ойнаған экономика ақырында сықырлап сыр берді.
Түрікмендер «алтын ғасыр» туралы ертегіге тояттап жүргенде, елде азық-түлік тапшылығы күрт өршіп кетті, бюджеттік мекемелер қызметкерлері мен жұмыссыздар арасында наразы­лық толқулары күшейе түсті. Егер билік бұған орай тез арада оңдастыру шараларын қолданбаса, жағдайдың бұдан да ушыға түсуі әбден кәдік. Әлбетте, өзін әу бастан бейтарап деп жариялаған мемлекеттің (мұндай мәртебе алудың басты қағидаттары сақталмағанына қарамастан) отыз жылға жуық уақыт бойы сырт жақтармен қарым-қатынасты барынша шектеп, халықтың қазынасына шексіз иелік етуді жалғастыра беру өзінің кері нәтижесін көрсетпей тұра алмады.
Бүгінде елдегі ахуалдың күрт төмендеп кеткенін АҚШ доллары құнының «қара базарда» ресми бағамнан үш еседен қымбат екені де анық айғақтайды. Шенеуніктер осы жағдайда қазынаны толтырудың кез келген жолын іздестіріп әлекке түсуде. Мәселен, 2013 жылғы 1 қаңтардан бері билік кәсіпкерлерге зейнетақы қорын толтырып отыруды тапсырған еді. Бірақ ол кезде бұл әркім үшін ерікті тірлік болатын. Ал биылғы жылдың басынан ол міндетті мәселеге айналды. Осы тұста далада мылтық асынып жүрген кез келген аңшыны, үйінде отырған көріпкелдер мен палшыларды ішкі істер бөлімдеріне әкеліп, 100 манаттан айыппұл төлеттіру тәртіпке айналды. Ал ер кісілер тойларда, қоғамдық орындарда артығырақ арақ ішіп алғандары үшін жауапқа тартылады. Мұнан сәл бұрын қара түсті автомобильдерді ақ түске бояу науқаны басталған еді. Тапсырманы уақытында орындамаған көлік иелері ақшалай айыппұл төлеуге мәжбүр болады. Әсіресе, әйел жүргізушілер қаттырақ қысымға ұшырайды. Тіпті тәжірибелі жүргізуші әйелдердің өзі жол бойында тоқтатылып, оларға көлік жүргізу куәлігі үшін сынақты қайта тапсыру міндеттеледі.
Президент өткен жылдың 10 қазанында бұған дейін жасалып келген барлық әлеуметтік жеңілдіктерді алып тастайтын қаулыға қол қойды. Ол бойынша енді ел тұрғындары 1 қарашадан бастап өздері пайдаланып келген табиғи газға қосымша ақы төлеуге көшірілді. Атап айтқанда, кәсіпкерлікпен айналыспайтын кісілер өздеріне лимитпен берілгеннен артық газды пайдаланғандары үшін әр 1000 текше метрге 20 манаттан ақы төлеуге тиіс болды. Сол сияқты Түрікменстанда тұруға құқығы бар шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ немесе босқын адамдар да тап осындай жеңілдіктермен шектелді. Мұндай шектеулер жұрттың электр энергиясын пайдаланулары тұрғысында да жасалды. Мемлекет басшысы бұл жеңілдіктердің мемлекет қиын жағдайда өмір сүріп жатқан кезде енгізілгенін, қазір елде «жылдан жылға тұрғындар табыстары көбейіп, жұмыс орындарының көптеп ашылып келе жатқанымен» түсіндірді. Бұған қоса, ол бұл бастаманың республика ақсақалдар кеңесінен шыққанын да мәлімдеді.
Үстіміздегі жылғы қаңтардың 26-сы күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде де мәселе көтерілді. Онда бұған дейін пара алу үстінде қолға түсіп, қылмыстық іс қозғалған басшылардың аты-жөндері аталды. Олардың бәрінен мемлекетке айтарлықтай қомақты қаржы өндіріліп алынып, істері сотқа өткізілген. Президент «қажет болған жағдайда экономикалық қылмысқа қарсы күрес мемлекеттік қызметінің уәкілеттігі мен штаты кеңейтілетінін» айтып өтті.
Үкімет отырысында Гурбангулы Бердымухамедов елдің бюджетіне түсетін валюта құйылымдарын көбейтуді тапсырды. Бұдан басқа, ол қабылданған бағдарламаларды орындау үшін керекті қаржы көздері мен жоспарланған жобаларды жүзеге асыратын инвесторларды табудың маңызды екенін білдірді. Мемлекет басшысы сонымен бірге кәсіпкерлерге еркіндікті көбірек беріп, мемлекеттік кәсіпорындарды акционерлік қоғамға айналдыру, оларды жекешелендіруді жылдамдату керектігін атап өтті.

Серік ПІРНАЗАР

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды