«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Таудан жаралған талант

0 33

Халықаралық Жамбыл және «Алаш» әдеби сыйлығының лау­реаты Тұрлыбек Мәмесейіт – бас қаланың рухани-мәдени өміріне елеулі үлес қосып жүрген талантты жазушылардың бірі.

Қаламгер мерейлі жетпіс жасқа қоржыны толық, қанжығасы майланған аңшыдай жетіп отыр. Қазақтың сыршыл ақыны Тұманбай Молдағалиев ағамыздың «Тау баласы тауға қарап өседі» деген әуезді сазымен үйлескен өлеңі бар еді. Біз сөз етіп отырған суреткер – қазақ жеріндегі ең биік нүктенің бірі Хан-Тәңірі баурайында дүниеге келіп, сол тұмса табиғат пен сонда өмір сүрген адамдардың тағдырын шығармасына арқау еткен.
Тұрлыбек ағаның тауға деген құмарлығы ерекше. Оны жазушының барлық туындыларынан аңғарасыз. Әсіресе, «Хан – Тәңірі баурайындағы жалғыз шырша» атты хикаятындағы ойлар мен таудың асқақ бейнесін зерделеген суреттер сіздің де жүрегіңізді толқытады. Бұл хикаятты автобиографиялық дүние деп айтуға болады. Өйткені бұл шығармадағы бас кейіпкер – автордың өзі. Осы хикаятта ол: «Тау болмаса, мына дүние не болар еді деп ойлаймын. Тау ғаламның қорғаны ғой. Елдің шетінде, желдің өтінде. Сондықтан да бар қиындықты алдымен тау көреді. Бұлт алдымен тау басына үйіріледі. Тауды көп адам түсінбейді, тілсіз дүлей, қатты деп ойлайды. Олай емес. Тау жұмсақ, мейірімді, «кө­ңілі» нәзік» деп толғайды. Шын мәнінде, біз секілді жа­зық жерде өскен қыр бала­сына таудың құпиясы жұмбақ. Ал бірақ осы хикаятты оқығаннан кейін таудың сырын ұққандай болдым.
Жазушы әдебиеттегі шағын жанрды өте шебер меңгерген. Хикаят – повесть жанрына келгенде тайпалған жорға. Оның «Ата­қоныс», «Түсі­ме тау кіреді», «Әулиешоқы», «Бет­орамал», «Тектінің кегі» деген ­ тау­лы өңірдің ғажайып табиғаты мен адамдарының қилы тағдыры таңғы шықтай мөлдіреген қалпында ақ параққа тамаша картина болып түсе қалған.
Маған прозашының «Бесік пен несіп» повесі ерекше ұнады. Ұнағаны соншалық, осы туындыны қатарынан екі рет оқыдым. Бұл шығарма өткен ғасырдың 90-шы жылдары жазылса да, дәл бүгінгі күннің бейнесін береді. Ұзақ жыл ауылда қой бағып, озат шопан атанған Бекбосын қария кемпірі өлгеннен кейін қаладағы жалғыз баласының қолына келеді. Баласының жеке пәтері жоқ, қуықтай бір бөлмені жалдап тұрады. Осы жүдеу көріністердің бәрі шалдың жанына ауыр тастай батады. Туған елді, баяғы малы мыңғырып жатқан жайлауды сағынады. Ақыры, ақсақал немересін ертіп ауылға сапар шегеді. Жол үстінде келе жатып өткен өмірін еске түсіреді. Шындығында, қазір шаһардан Бекбосын атаға ұқсайтын қарттарды көптеп кездестіруге болады. Автор осы туындыда халқымыздың қазақылық пен ата-баба дәстүрінен ажырап бара жатқандығын тұспалдап айтып, дабыл қағады. Сонымен қатар адам бойындағы туысқандық, бауырмалдық, сыйластық қасиеттердің өзгергендігін көркемдікпен жеткізеді. Бекбосын қарттың: «Шыр етіп жерге түскен туған топырақ – алтын бесігің қанша аялап, әлпештегенмен, азды-көпті ғұмырында дәм-тұз, несібең қай қиырға жетелеп, қандай қиянға салмайды десеңші?! Оған адам-жазғанның билігі келіп, пенде шіркіннің көзі жете ме?!» деген толғанысы да сізді ойландырмай қоймайды.
Сондай-ақ сөз зергерінің ең сүйекті туындысы – екі кітаптан тұратын «Таңжарық» роман-дилогиясы. Бұл шығарма да суреткер Шыңжаң қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі, күрескер ақын Таңжарық Жолдыұлының өмір жолы мен қиын тағдырын сөз еткен. Бұл роман жайында ғалым-сыншы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шериаздан Елеукенов: «Қашанда ақын тағдыры – халық тағдыры. Әрбір өнер иесі өз туған халқының сөзін сөйлеп, мұңын мұңдайды. Таңжарықтың да өмір жолы Шыңжаң қазақтарының қилы замандағы қиын тағдыры деуімізге болады. Осы жолмен жазушы тұтас қазақ елінің тағдырын қоса ойлатады» деп жазады.
Тұрлыбек Мәмесейіт прозамен бірге сын саласында да қалам тербеді. Оның осы бағыттағы «Таным таразысы», «Зерделілік айнасы», «Дидар», «Шерхан Мұртаза» атты әдеби-зерттеу еңбектері жарық көрді. Бүгінде қаламгер жиырма жылдан бері елордада тұрады. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқытушы болып қызмет істейді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды