«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Татулық пен келісім формуласы: Бірлік және жаңғыру

0 104

Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалық етуімен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясы өтті. «Татулық пен келісім формуласы: әлеуметтік бірлік және жаңғыру» деген тақырыппен өткен басқосуға 1500-ден аса делегат қатысты.


Нұрсұлтан Назарбаев жиынға қатысушыларды сессия жұмысының басталуымен құттықтап, елімізде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау ісіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызды рөлін атап өтті. «Жаһандық әлем күшті трансформацияны бастан өткеріп отыр. Біз бәріміз мүлде жаңа тарихи дәуірде өмір сүріп жатқанымызды түсінеміз. Экономика, қоғам өмірі және технология түбегейлі өзгерді. Бұл жаңалықтарды қабылдап, көп нәрсені үйренеміз, біраз нәрсені істей аламыз. Бірақ, бұл құбылмалы әлемде бір ғана мәңгі әрі кешенді құндылық бар. Ол – қоғамның бірлігі мен ұлтаралық келісім» деді Елбасы. Ол тәуелсіздік жылдары Қазақстан халқының елімізде этносаралық қарым-қатынастардың келешегіне қатыс­ты деструктивті болжамдардың бәрін жоққа шығарғанына назар аударды. «Біз экономикасы қарқынды дамып келе жатқан мықты мемлекет құрдық. Тарих сынақтарының бәрін бірге еңсердік. Прагматикалық және сарабдал сыртқы саясатымыздың арқасында халықаралық беделімізді биіктеттік. Еліміздегі этносаралық қарым-қатынастардың үлгісі теңдестірілген, уақыт жағынан тиімді әрі тәжірибеден өткізілген. Бұл бәріне үлгі болуға тиіс» деді Елбасы.

Сессия барысында Елбасы Қазақстан қоғамындағы тұрақтылықты сақтау үшін барлық тетіктердің қалыпты әрі тиімді жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды. Мемлекеттік органдар жанындағы медиация институты мен қоғамдық кеңестердің жұмысын жандандыру қажеттігін айтты. Сонымен қатар Елбасы Ассамблея кәсіпкерлерінің қауымдастығы арқылы шетелдік инвесторлармен экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға және Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық корпусының әлеуетін белсенді пайдалануға шақырды.
Нұрсұлтан Назарбаев сөйлеген сөзінде барша мұсылман қауымын алдағы қасиетті Рамазан айының басталуымен және христиан өкілдерін Пасха мерекесімен құттықтады. «Халқымызға, соның ішінде Қазақстан халқы Ассамблея­сының барлық мүшесіне қолдау көрсетіп, түсіністік танытқаны үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Президент сайлауы 9 мау­сымға белгіленді. «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХІХ съезінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кандидатурасы ұсынылды. Ол – тәжірибелі мемлекет қайраткері, елге басшылық етуге лайық Қазақстанның нағыз патриоты. Барша қазақстандықтарды, Ассамблеяның мүшелерін алдағы сайлауға белсенді атсалысып, тағы бір рет бірлігімізді танытуға шақырамын. Барша қазақстандықтарға аспандарының ашық болуын, әр отбасына бейбіт өмір, амандық және бақ-береке тілеймін» деді Тұңғыш Президент.
Сессияның соңы мерекелік концертке ұласты.

ДЕЛЕГАТТАР ЛЕБІЗІ

Сапар Ахметов,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

«Жыл сайын 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінің қарсаңында өтетін ҚХА-ның сессиясы ізгі дәстүрге айналды. Міне, сондай басқосу биыл еліміз үшін аса маңызды саяси науқанның алдында өтті. Бұл кездейсоқтық емес. Өйткені саяси додаға түсіп жатқан азаматтардың барлығы – қазақ халқының перзенттері. Менің ойымша, сол азаматтар сайлау алдындағы бағдарламасында еліміздегі халықтар достығын, қоғамдағы ынтымақты және бірлікті ту етіп көтеріп, өздерінің басты ұстанымы деп жариялауы тиіс. Себебі Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты бірегей институтты құрып, өз жобасын сәтті жүзеге асыра білген Елбасының негізгі мақсаты – халықтар достығын сақтау, ұлттық бірлікті нығайту. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» дейді халқымыз. Бірлігіміз нығаятын болса, дамудың даңғыл жолынан адаспаймыз».

Әміржан Әлпейісов, ҚХА Кеңесінің мүшесі,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры:

«Бұл сессияның басты ерекшелігі – Президент сайлауының алдындағы тарихи жиын. Бұл сайлау арқылы еліміз саяси тұрғыдан жаңа кезеңге, жаңа дәуірге аяқ басады. Сондықтан бұл басқосуда өтпелі кезеңнен достығымыз бен бірлігімізді сақтап, жаңа кезеңге өту жолдары көрсетілді. Ұлт көшбасшысы ҚХА-ның негізгі миссиясын тағы бір түсіндіріп берді. Қазақстан көпұлтты, көпконфессиялы ел болғандықтан татулық, бірлік, келісім – біздің баянды болашағымыздың кепілі. Елбасы жуырда Nur Otan партиясының құрылтайында сөйлеген сөзінде сайлаудан кейін елімізде демократиялық өзгерістер болатынын мәлім етті. Міне, біз сол өзгерістердің куәсі болатын күнге жақындап қалдық. Ең бастысы, билік те, бұқара да бұл сайлаудың әділ болатынына сенімді. Екіншіден, Украина және тағы басқа елдердегідей әділ сайлау өткізуге біздің де мүмкіндігіміз мол. Ендеше, ұлттық бірлігімізді, тұтастығымызды көрсетуге тиіспіз. Қасым-Жомарт Тоқаев­тың халықаралық деңгейдегі саяси беделі өте жоғары. Ол Елбасы бастаған саясатты одан әрі сәтті жалғастырып, Қазақстанның әлемге танылуына күш салатынына сеніміміз зор».

Малике Садикова,
елордадағы «Барбанг» курд мәдени
орталығы төрағасының орынбасары:

«Бұл жолғы сессиядан алған әсерім ұшан-теңіз. 10 жылға жуық осы жиындарға қатысып келемін. Әр сессия са­йын Елбасының даналығына, көрегендігіне, турашылдығына таң қаламын. Осы жолы мінбеден сөйлеген қонақтардың сөздері ерекше шабыт, сілкініс сыйлады. Тіпті, шетелдерден келген меймандар да Елбасына деген жылы көңілін, ыстық лебізін тебіреніспен жеткізді. Мемлекеттік тілді қадірлеу­ге, сүюге шақырған Алла деген қыздың сөзі жүрегімде қалды. Қазақстан халқы Ассамблеясы дегеніміз – бұл көпұлтты еліміз. Елдің мерейінің өскенін осындай жиындардан көреміз. Елордада тұрып жатқаныма 30 жылдай уақыт өтті. Жаңа астана көз алдымызда салынып, әлемдегі әсем шаһарлардың біріне айналды. Осы қуанышты көрудің өзі – бір ғанибет! Әрқайсымыз еліміздің, елордамыздың ертеңіне сенгенде ғана болашағымыз баянды болмақ».

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды