«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тату болса ағайын…

0 56

Естеріңізде болса, өткен сәуір айында га­зе­ті­мізге «Татуласу институты: Сотқа ша­ғым­дан­ғандар саны азая ма?» атты мақала жариялан­ған еді. Онда елімізде екі миллиондай адамның соттың әуресімен жүргенін және соңғы бес жылда азаматтық істердің екі есеге көбейіп кеткенін айтқан едік. Осыған байланысты өткен аптада редакциямызға Астана қалалық сотының маманы Ботагөз Баянова хабарласып, өзара келісім нәтижесінде бүгінде татуласқан тараптардың көптігін айтты. Ендеше, сотқа дейін шешімін тапқан қандай оқиғалар?

Қайғысын жеңілдетті

Есіл аудандық сотына келіп түскен талаптың бірі – елордадағы құрылыс компаниялардың бірін қылмыстық жауапкершілікке тарту. Арызданушы әйелдің кү­йеуі аталмыш мекемеде жұмыс істеген. Өкінішке қарай, өмірлік жары қызмет орнында автокөлік жөндеу кезінде қаза тапқаннан кейін әйел ауыр күйзеліске түскен. Сотқа шағымданған ол моральдық өтемақы өндіріп алу туралы арыз­данған. Бұл істі қарау барысында тараптарға татуласу рәсімдерін қолдану арқылы дауды шешу мүмкіндігі түсіндірілген. Нә­тижесінде тараптар дауды медиация тәртібінде реттеу­ге келіседі. Оның шарттары бойынша құрылыс компаниясы моральдық залал мен өкілдің қызмет ақысы үшін
1350000 теңге тө­лейді. Ал әйел құрылыс компа­ния­­сының директорын және бас­қа да қызметкерлерді оқыс оқи­­ғаға байланыс­ты қылмыстық жауап­тылыққа тарту туралы талабынан бас тартып, жұмыс берушілерге ешқандай наразылығы жоғын білдірген.

Жұмысшы жалақысын алады

Елордалық тұрғын Сарыарқа аудандық сотына жұмыс берушіден еңбекақысын өндіріп алу туралы арызбен жүгінген. Оған вахтер болып жұмыс істеген бес ай аралықта еңбекақы төленбеген. Ренжіген жұмысшы өз құқығын қорғау үшін сотқа шағымданған. Әдеттегіде, сот процесі барысында судья тараптарға өзара жанжалға бармай-ақ, дауды татуласу жолымен шешуді ұсынды. Нәтиже­сінде іс жүргізу тоқтатылған. Бекітілген медиативтік келісім бо­йынша жауапкер еңбекақы бо­йынша барлық берешегін төлеуге, ал талапкер арыздан бас тартуға міндеттелді. Осылайша, қос тарап татуластырушы-судьяның көмегімен бейресми түрде өз дауларын шешіп, келісімге келді.

Салығын қайтарды

Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына бір мекеме екінші бір мекемеден берешекті өндіріп алу туралы талап арызбен жүгінген. Сотта анықталғандай, елордалық компаниялардың арасында астаналық объектілердің бірінде жол төсемін орындау бойынша құрылыстық мердігерлік шарт жасалған. Оның талаптарына сәйкес жауапкер көрсетілген қызметті қабылдауға және уақытылы төлем­ақы жасауға міндеттеме алған.
Шарттың негізінде нақты орындалған жұмыс үшін төлемақы 20 жұмыс күні ішінде төленуі тиіс, алайда жауапкер төлем тәртібін бұзып, берешек болған.
Алдын ала сот отырысы бары­сында тараптардың өкілдері медиативтік келісімге келеді. Ол бойынша жауапкер 2018 жылдың 15 желтоқсанына дейін 74709750 теңге қарызын төлеуге, ал талапкер өз кезегінде арызын қайтарып алуға міндеттелді. Сондай-ақ, талап арыз беру кезінде төленген 1133845 теңге мемлекеттік баж сомасы талапкерге қайтарылды. Сот ұйғарымы заңды күшіне енді.

Банк құжатын жоғалтып жіберген

Астаналық азамат 2007 жылы банкпен шарт жасасып, 5500000 теңге қарыз алған. Ол қамтамасыз ету шарасы ретінде өзінің мүлкі – жер учаскесі бар тұрғын үйін ұсынған. Алайда қарыз бойынша міндеттемелер орындалмағандықтан, сот банктің пайдасына тұтынушыдан берешек сомасын өндірген.
Атқарушылық іс жүргізу кезінде жылжымайтын мүлікке тыйым салынып, сот орындау­шысы ты­йым салынған мүлікті талап қоюшы банк алдындағы міндеттемелерін толық орындаса да, жарамсыз деп таныған.
ҚР Азаматтық кодексіне сәйкес, мәміле жарамсыз деп танылған кезде әр тарап мәміле бойынша алғандарының бәрін басқа тарап­қа қайтаруға міндетті. Алайда іс материалдарынан байқалғандай, банк жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттарды жоғалтып жіберген. Бұл жағдай тиісті құжаттармен расталған соң, сот банкті әкімшілік жауап­кершілікке тартып, 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салды. Ал ел­ор­далық тұрғын жоғалған құжаттарды қалпына келтіру туралы банкке талап қойып, арыз береді.
Дауды сотта қарау барысында татуласу жолын ұсынады. Нәтижесінде банк азаматтың құқық белгілейтін құжаттардың теңнұсқаларын қалпына келтіру бойынша барлық қаржылық шығындарды және өкілдік шығындарды көтеруге, ал талап қоюшы қойған талабын кері қайтарып алуға міндеттелді. Осылайша, сот азаматтық іс бо­йынша іс жүргізуді тоқтатты.

Айгүл ТАҒАЖАЕВА, татуластырушы-судья:

Он отбасы сақталып қалды

– Жуырда Алматы аудандық сотында «Соттағы татуласу рәсімдері» пилоттық жобасын іске асыру басталды. Бір апта ішінде жоба аясында 10 ерлі-за­йыпты жұп неке бұзудан бас тартты. Олар кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларын сақтай отырып, сот талқылауы басталғанға дейін татулас­ты. Жалпы, жол-көлік оқиғасының нәтижесінде келтірілген залалды өндіріп алу, еңбек жанжалы, мүлікті талап ету және зиянды өтеу, алиментті өндіріп алу, шарттарды бұзу, соманы өндіріп алу, еңбекақысы мен кепілдемені өндіріп алу туралы 9 азаматтық дау бо­йынша медиативтік келісім бекітілді.
Осылайша, мамандар, сарапшылар және куәлар ұзақ сот отырыстары мен процестік әрекеттерге қатыспайтын болды.

Судың да сұрауы бар…

«Астана су арнасы» мекемесі сумен жабдықтауды есепке алу құралын мәжбүрлі орнату туралы тұтынушыға қатысты сотқа жүгінген. Белгілі болғандай, жауапкер сумен жабдықтау және су бұру қызметтерін пайдалануда заңнаманы бұзған. Ол есепке алу құралын орнату бойынша өз міндеттемесін орындамағаны былай тұрсын, оны орнатудан мүлдем бас тартқан.
Дауды сотта қарау кезінде татуластырушы судьяның көмегімен тараптар бітімге келген. Шарт бо­йынша жауапкер 1 ай ішінде суды есепке алу құралын орнатуға және оны коммерциялық есепке алуға өтінім береді. Ал су арнасы талаптан бас тартады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды