«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тасжарған талант

0 11

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, белгілі қаламгер Ерғазы Рахи­м­ов­тың 80 жылдығына арналған әдеби-танымдық кеш өтті.

Бүгінде Ерғазы Рахимов­тың есімін кейінгі жас қауым біле қоймайды. Өмір бойы Аягөз аудандық «Алға» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі секілді қызметтерді атқара жүріп, алғашында жұртшылыққа лирикалық өлеңдерімен танылып, кейін прозаға қалам тартып, «Сүрі қар», «Тентек келін», «Терісайрық» атты әңгіме-повестерімен әдеби қауымды жалт қаратқан қаламгердің шығармалары тілінің шұрайлылығымен, ойларының сонылығымен ерекшеленеді. Оның журналистика саласына да сіңірген еңбегі зор. Талантты жазушы 1994 жылы өмірден өткен.
Тағылымды шараға келген академик Сейіт Қасқабасов, профессорлар Серік Негимов, Рахымжан Тұрысбек, Құныпия Алпысбаев, қаламгер Толымбек Әбдірайым секілді зиялы қауым өкілдері сөз зергерінің адами болмысы мен шығармалары туралы естеліктер өрбітті.
«Алматыдағы қазандай қайнап жатқан әдеби ортаға кіру оның маңдайына жазылмады. Елде жатып-ақ екі жанрда бірдей бұрқырата жазды. Алайда газеттің күнделікті қым-қуыт жұмысы, тұрмыс тауқыметі бауырын еркін жаздырмады. Денсау­лығы да дімкәс болатын. Ақыры алып тынды. Ақкөңіл, ешкімді жатырқамайтын, қазақтың арғы-бергі тарихынан хабары мол, кешегі дегдар шалдардың сарқытын ішкен тілі құнарлы Ерғазы қаламынан қаншама дүниелер туды. Әсіресе, оның прозалық шығармаларын оқи отырып, Әуезовтер қанып ішкен қазақ тілінің қайнарынан сусындайсың. Тарбағатайдың ұңғыл-шұңғылын, сай-саласын, аң-құсын, қараған-бүргеніне дейін жан-тәнімен жырлаған, қара сөзбен сырлаған тасжарған талант еді» деді көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы.
Шара аясында Ерғазы Рахимовтың 80 жылдығына арналған мүшәйраның қорытындысы жария­ланды. Бұл бәйгеде бас жүлдені ақын Нұрбол Мұратбек жеңіп алды. Жалпы, Рахимов­тар әулетіне өнер дарыған. Жазушының туған бауыры, композитор, тамаша дәстүрлі әнші, марқұм Тұрсынғазы Рахимов­ты көпшілік жақсы біледі. Кеште Тұрсынғазы ағамыздың әндері шыр­қалып, қос талантты тұлға туралы әсерлі әңгімелер айтылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды