«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тәшенов тұғыры: Тарихи сабақтастықты ескерейік

0 88

Жақында газетімізде жарық көрген «Тәшенов тұғыры» атты мақалада («Astana аqshamy» (№72) 22 маусым 2019 жыл) аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткеріне елордада ескерткіш орнатылатынын сүйіншілегенбіз. Тұлғаның өмірі мен тарихи қызметіне, ұлт үшін сіңірген ересен еңбегіне де тоқталғанбыз. Осы мақаладан кейін электронды поштамызға көп жылдан бері Жұмабек Тәшенев тұлғасын зерттеп жүрген Қазақстанның құрметті журналисі, Нұр-Сұлтан қалалық Ардагерлер кеңесінің мүшесі Мейрам Байғазиннің материалы келіп түсті. Ескерткішке қатысты оның айтар уәжі бар екен. Әріптес ағамыздың сол пікірін сәл қысқартып бергенді жөн көрдік.

Жуырда Жұмабек Ахметұлына елордада ескерткіш орнатады деген жағымды хабар Нұр-Сұлтан қаласы түгіл, бүкіл Қазақстан аймақтарын шарлап кетті. Елорда тұрғындарының басым көпшілігі бас қалада Жұмабек Тәшеневке ескерткіш орнату бастамасын қызу қолдауда. Олар Тәшеневке қойылатын ескерткіш бүкіл қазақ ұлтына қойылатын ескерткіш деп санайды.
Жұмабек Ахметұлы Тәшеневке қай жерде ескерткіш орнату мәселесіне байланысты менің де айтарым бар. Өйткені талай жылдан бері Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтің өмірі мен қызметін зерттеу барысында көптеген жайттарға көз жеткіздім. Осыған орай, мына бір тарихи оқиғаны Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің назарына сала кетуді жөн көрдім.
Біріншіден, Ж.Тәшенев атындағы шағын көшеде бір емес, бірнеше ескерткіштің тұрғанын назардан тыс қалдырмайық. Ұлт мақтанышы болып саналатын Ж.Тәшеневті аядай көшенің бір тасасына орната салу, біріншіден, Тәшеневтің аруа­ғын сыйламағанымыз, екіншіден, қазіргі ұрпақтың Жұмабек Ахметұлы Тәшенев алдындағы қарызымыз бен парызымызды өтей алмаған дәрменсіздігімізді көрсеткеніміз.
Енді қазақ әрдайым есте сақтайтын мына бір тарихи оқиғаға назар аударайық. 1960 жылдың қазан айы. Сол кездегі Целиноградтағы қазіргі «Астана» концерт залы ол уақытта Тың игерушілер сарайы болып аталды. Қалаға сапары кезінде КСРО басшысы Н.Хрущевтің шақыруымен осы жерде республикалық кеңес өтті. Н.Хрущев көтерген басты мәселе – Қазақстанның солтүстік облыстар аумағын түгелдей Ресей Федерациясының құрамына беру. Осы мәселеге байланысты Ж.Тәшенев Н.Хрущевке қарсы шығып, волюнтаризмдік шешім қабылдауға дағдыланып қалған Хрущевтің келтірген уәждерінің күлін көкке шығарып, өз дегеніне жетті. Сөйтіп, атамекен жерінің тұтастығын толықтай сақтап, онымен қоса сол кездегі санақтағы төрт миллионнан аса Қазақстан халқын ел аумағында қалдырды.
Осындай сын сағатта Ж.Тәшеневтің азаматтық ерлігінің дүниеге келуіне себепші және куәсі болған осы ғимарат алдында Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтің ескерткішін орнатуды жөн деп санаймын. Еңселі ғимараттар алдында тарихи ескерткіштер орнату – бүкіл әлем мәдениетінде қалыптасқан дәстүр.
Екіншіден, осы арадан төрт жүздей метр жерде, бұрынғы Парламент ғимаратының жанында Абай атамыздың ескерткіші тұр. «Астана» концерт залы алдында Тәшенев ескерткіші орнатыла қалса, мұны тарихи заңдылық деп санар едік. Кезінде Тәшенев Қазақ КСР Министрлер Кеңесін басқарғанда Алматыда ұлы Абай ескерткішін орнаттырып, сол арадан бастау алатын Абай даңғылын салдырды. Осындай тарихи сабақтастықтарды неге ескермеске және осы екі ескерткіштің арасында адамдардың көптеп жүретінін, шетелден келген қонақтардың ұлтымыздың бетке ұстар тарихи екі тұлғаға қо­йылған ескерткіштерін көруге ынтызар болатынын естен шығармайық.
Қандай да бір тарихи тұлғаға ескерткіш орната салу оңайға түспейтін іс және орнатылған ескерткішті бұзып, басқа жерге орнату одан да қиын шаруа. Сол себепті осындай істе асығыстыққа жол бермей, көпшіліктің пікірлерін ескере отырып, Жұмекеңе арнап қойылатын ескерткіш мәселесін ақылмен шешкен дұрыс деп санаймын.
Жұмабек Ахметұлы Тәшеневке халқы қандай сый көрсетсе де артық емес. Ол өзінің бүкіл саналы ғұмырын ұлтына адал да үлгілі ­қызмет көрсетуге арнады.

Мейрам БАЙҒАЗИН,
Қазақстанның
құрметті журналисі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды