-->

ТАРЫДАЙ БОЛЫП КІРЕ АЛМАЙ…

Дәл қазір Астанадағы орта білім беретін 84 мектепке 145 мың оқушы барады. 17 мың бала тек 1-сыныптарға қабылданған болса, тағы 6 мыңдай бала басқа сыныптарға сырттан ауысып келген. Мектеп бітіруші түлектердің саны 4978 болғанын ескерсек, жылдағы межеден 18 мыңға артық оқушыға орын табу қалалық Білім басқармасына салмақты мәселеге айналды. «Қырсыққанда қымыран іридінің» кері келіп, қаланың қақ ортасындағы №8 мектеп апатты жағдайда жабылып, ондағы оқушыларды онсыз да өз оқушыларын әрең сыйдырып отырған №4, 16, 56 мектептерге ауыстыруға тура келді. Бұл жағдайдан хабарсыз болып келген ата-аналар мен оқушылар үшін Осы жаңалық төбеден жай түскендей әсер етті.

Апатты мектептің жабылғаны жақсы
Осыдан он жыл бұрын қаладағы №6 мектептің опырылып құлағанын әлі ұмытқан жоқпыз. Осы тұрғыдан келгенде, талайдан бері талқыланып, қауіптілігі қордаланып келе жатқан №8 мектептің жабылғаны дұрыс та болды. Мектеп басшылығы басқарманың бұл туралы шешімді енді ғана шығарғанын айтып отыр. Қалалық Білім басқармасының оның алдын алмағаны орынсыз болды дер едік. Дәл сабақ басталар тұста оқушыларды оқитын жер іздеп, сандалтып қойғанына ата-аналар наразы. «Менің екі балам осы мектепте оқитын еді. Оларды №16 мектепке ауыстырыпты. Оған апарып келетін мүмкіндігіміз жоқ. Ақыры пәтер жалдап жүрген соң, аяқ астынан №61 мектептің жанына көшіп бардық.

Енді балаларымыз өздері барып келе беретіндей мүмкіндігі бар жерді іздегеніміз ғой. Ал мұнда үш баласы үш мектепке кеткен ата-аналар жүр. Мектепке барып келетін жол шығындарын есептемегенде, қауіпсіздігіне қарайтын уақыттары жоқ көбінің. Шырылдаған қара халықтың жағдайын ойлайтын бір адам бар ма?» дейді Алдамжар Төлепбергенов есімді азамат ашынып.

Үш ауысымды мектептер көбейді
Жаңа оқу жылы осындай қарбаласпен басталды. Бүгінде қала бойынша бірнеше мектеп үш ауысымға көшіп, оларға балаларды орналастыру әлі де жүргізілуде.

«Мектеп жаңадан салына ма, жоқ күрделі жөндеуден өте ме, ол жағы әзір белгісіз. Мектептің бастауыш сыныптары №16 мектепке, 3-4-сыныптар бізге, жоғары сыныптары №56 мектепке кетті. Біздің өзіміздің 1870 баламыз бар. Оған осы мектептің 20 сыныбы, барлығы 300 оқушы келіп қосылды. Одан әрі алуға біздің шамамыз жоқ. Мектеп резина емес қой» дейді Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектептің директоры Базаркүл Сыздықова. Бүгінде бұл мектептің бастауыш сыныптары үш ауысымда білім алуда. Оқушының көптігі мен кабинеттердің жетіспеушілігінен біртіндеп ауыстырылуы тиіс 5 күндік білім жүйесіне мектеп бірден көшіп алыпты. «Енді қайтеміз? 40 минутқа, 5 күндік сабақ жоспарына ауы­сып алдық.

Бұл біз үшін өте ыңғайлы болып тұр. №8 мектепке кабинеттер тауып бере алмай жатырмыз. Сондықтан сенбі күнге бөлінетін сабақтарды қойып амалдап отырмыз» дейді директор. Ал №16 мектептегі жағдай одан да жаман. 1500 орындық білім ошағына 2000 баланы сыйдырып отырған мектепке №8 мектептен тағы 500 бала келіп қосылыпты.
Одан бөлек, балаларды сыйғыза алмай әлекке түсіп жатқан мектептердің де қарасы көп. 600 ғана орындық №24 мектеп те 1500 баланы амалсыз оқытуға мәжбүр. 1200 орындық №84 мектеп-лицейдің де жағдайы мәз емес.

Биылғы 1-сынып оқушыларының өзі 1300-ден асып кеткен мектепке бүгінде 2300 бала барады. Осындай орын жетіспеушіліктен туындаған үш ауысымға ата-аналар жағы алаңдап, тіпті көбі наразылық шараларын жасап үлгерді.

«Бұл – бас қала! Мұнда неге ондай мәселе болуы керек? Мен осыған түсінбеймін. 1-сыныпқа баратын балам екі-ақ сағат оқиды. 5-сыныпқа баратын балам бес-ақ күн оқиды, бірақ сенбі күні қосымша сабаққа барамыз дейді. Сонда бұл не? Бес күндік болғаны қайда? Ал екі сағатта балам білім алып үлгере ме? Бір сыныпта 40 бала отыр. Айналдырған 40 минутта мұғалім үй тапсырмасын сұрай ма, жоқ еркелігі басылмаған бастауыш сыныптың 40 баласын ұйытып қойып, жаңа сабақ өтуге жұмсай ма?» дейді Нұрсәуле Көмекбаева есімді ата-ана.

Білім саласы жайбасарлықты көтермейді
Жалпы, қала бойынша бірде-бір жаңа мектеп ашылған жоқ. Тек 5 мектепке 2600 орындық қосымша нысандар ғана салынды. Қалалық Білім басқармасы жылдың соңына дейін 6 мектептің құрылысы аяқталады деп отыр. Содан кейін ғана тағы 4 мектептің құрылысы басталмақ. Әр мектепті 1500 орыннан есептегенде, бұл жаңа білім ошақтары 9 мың орынды ғана қамтиды. Оның арғы жағында тағы 9 мың оқушыға орын керек, оған келесі оқу жылында келіп қосылатын балаларды қосыңыз. Бұл жайбасарлықпен білім жүйесіндегі жайсыздықтың түйіні әзір шешілмейтін сияқты.

Жыл сайын «Жаңа оқу жылына сақадай саймыз» дейтін Білім және ғылым министрлігі бұл мәселені алдымен бас қаланың білімінен бастаса дейміз. Әрі-беріден соң елордамыздың үш ауысымды мектептері жылдан-жылға азаюдың орнына көбейіп барады. Оған ұстаздардың жетіспеушілігін қосыңыз. Демографиялық өсім мен жыл сайынғы көші-қон мәселесін ескере отырып, жос­пар жасауға болар еді.

Әсіресе, қаланың қақ ортасы саналатын, халық ең көп шоғырланған базардың маңы үшін мектеп мәселесі күйіп тұр. Осы маңдағы №4, 7, 8, 16 мектептер толып отыр. Енді бұл ауданда төрт-бес мектеп салынбаса, жыл өткен сайын жағдай ушыға түседі.

Соңғы 5 жылда 130 мың бала дүниеге келген
Демографиялық өсім демекші, бүгін дүниеге келген сәби – бес-алты жылда 1-сыныптың оқушысы. Үкімет басшылары мұны неге ескермейді? Бұған ешқандай есептің керегі жоқ. Еліміз бо­йынша соңғы 5 жылда 130 мыңнан астам бала дүниеге келсе, демек, дәл қазір елімізге жедел түрде соларға лайықты мектептер мен балабақшалар керек деген сөз. Белгілі бір деңгейде санақ жүргізе отырып, нақты санын шығарып, қанша білім ошағы керектігін жоспарлау билік басындағылар үшін қиын емес. Сондықтан бұл мәселеден тек салғырттықты ғана көруге болады.

Астана бойынша да тура осындай. Қаламызда қанша бала тіркелсе, оған сырттан келушілерді қоса есептеп, жылдағы жоспарға өзгеріс енгізіп отыруға болады. «Бала – болашағымыз» деп биік-биік мінберлерден шешіле сөйлеген шешендеріміз алдымен оларға қалай білім беруге бастарын қатырса дейміз.

Жекеменшік мектептер қажет пе?
Мемлекеттік мекемелерге бала сыйдыра алмай жатқан соң, амалсыз жекеменшік білім ошақтары туралы ойлай бастайсың. Мұндай мектептер Астанамызда өте аз. Бір ғана Алматы қаласында 50-ге жуық жекеменшік мектеп тіркелген болса, Астанада дәл қазір 11 ғана жекеменшік мектеп бар. Бұл да қаламыз үшін аздық етеді. «Жекеменшік мектептерде білім беру стандарты ҚР Білім министрлігі бекіткен талаппен жүзеге асады. Мемлекеттік мектептерден артықшылығы – бұл мектептерде бір сыныпта 30-40 бала отырмайды. 12-15 баладан аспайды. Мұғалімнің әр баланың қарым-қабілетін анықтауға, үй тапсырмасын тексеруге, жаңа өткен тақырыпты түсінген, түсінбегенін білуге мүмкіндігі болады. Бұл бүгінгідей уақыт тапшы заманда ата-ана үшін де қолайлы» дейді педагог-психолог Ерлан Қуантқанұлы.

Әлемде мемлекеттік мектептерге қарағанда, жекеменшік білім ордалары өте аз. Олар жалпы есептің 18,67 пайызын ғана құрайды екен. Ал еліміздегі білім сапасына келер болсақ, жекеменшік мектептердің оқушылары мемлекеттік мекемеде оқитындарына қарағанда, білім сынақтарынан 50 балл жоғары жинайды. Ендеше, неге қалталы азаматтарға осындай мектептерді ашуға мүмкіндік бермеске? Ақыры мемлекет оқушыларды білім берумен толық қамтып, жағдай жасай алмайтын болса, талапқа сай жекеменшік мектептерді неге ашпасқа?

P.S:
Жаңа оқу жылының жаңалығы көп болды. Әңгіме оның оқушыларға әсер етер салмағында болып тұр. Басқасын айтпағанда, бүгінде қаламыз бойынша бастауыш сыныпта сабақ беретін тәжірибелі мұғалімдердің екі бірдей сыныбы бар. Демек, олар күніне 80 баланы оқытып, 80 баланың тәрбиесімен айналысады. Балаңыздың жағдайын айтып, алаңдап, білім деңгейін талқылауға сынып жетекшінің еш уақыты да жоқ. Өйткені мұғалімдердің жетіспеушілігі мен 1-сыныпқа қабылданған бала санының көптігі мектеп басшылығын осыған мәжбүрлеп отыр. Осыдан кейін балаңыздың білім сапасын өзіңіз-ақ бағамдай берсеңіз болады…

Гүлжан  РАХМАН

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*