«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тарихтың ақиқатын түгендейік

0 129

Елордалық тарихшы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің PhD докторанты Жазира Хасенова – саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақталуы мәселелерінің зерттеушісі. Ол жақында ҚР Ішкі істер министрлігінің мұражайын­да атылып кеткен арыстардың үстінен жүргізілген қылмыстық іс-тергеу қағаздарымен көпшіліктің танысуына мұрындық болды. Бұл көрмеде Ахмет Байтұрсынұлы, Ораз Жандосов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, молдалар мен дін қызметкерлерінің, соғыс тұтқындарының тергеу барысындағы материалдары іріктеліп, жинақталған еді.

– «Тек қана Сәкен Сейфуллиннің тергеу ісіне қатысты сегіз іс бар, басқа арыстарымыздың да қағаздары толық қолымызға түскен жоқ. Одан басқа Алаш тұлғаларын тұтқындау кезінде көптеген жеке құжаттарын, заттары мен кітаптарын тәркілеген. Олар табылса көп нәрсеге қанығар едік» дейді ізденуші.
Мен қазір Ахмет Байтұрсынұлының саяси қуғынға ұшырауы мен оның ақталуының тарихи дәйектерін зерттеуге кірістім. Ең соңғы рет 1937 жылы 13 тамызында тұтқындалып, сол жылдың 25 қарашасында атылып кеткен ұлт ұстазының тергеушіге берген жауаптарына қарап таң қаламын. Осындай кемеңгер адам, әр жауабында өмірін халықтың жарқын болашағына байлағанынан бас тартпай, өмірі қылға байланып тұрса да, жан алушыдан биік тұрғанына риза боламын.
– Ізденіс барысында «күннен күнге Ахмет Байтұрсынұлына ғашық болып бара жатырмын» деуіңіздің сыры да осында екен ғой.
– Мұндай жайтты маған дейін Арыстың екі жақын адамы басынан кешірген екен. Олар да Ахмет Байтұрсынұлына жағыл­ған қара күйеге сенбей өткен. Сталиннің өлімінен кейін, 1930-1940 жж. террор құрбандарын ақтау басталғанда Ахметтің қарындасы – Бектемісова Сәуле Халиевна, ағасының адал есімін қайтару үмітімен 1959 жылы 15 ақпанда екінші мәрте КСРО Бас Прокуроры атына арыз жазады. «Менің Сізге жолданған бірінші арызым Қазақ КСР Прокуратурасына түсті. Алайда арыз қаралмады. Мен ағамды қазақ халқының жауы болды дегенге сенбеймін. Ол мүмкін емес» деп жазады.
А.Байтұрсынұлы есімі кеңестік жүйеге қорқынышты болғандығы соншалықты, шындықты ашып көрсетуге қауқарсыздық танытты. Шындықтың салдарынан, халықтың көңіл-күйінен қорықты. Сол себепті де азаматтың адал атын ақтау туралы сөз болған жоқ. Сәуле Халиевнаға: «Ағаңыз А.Байтұрсынұлы 1937 жылы тұтқындалып, дұрыс жазаланған» деген жауап береді.
– Арыстың жақсы атын қайтаруға тарихшылар немесе сол кездегі ел басшылары емес, өз туғандары кіріскен екен ғой.
– Сталин өлсе де, жүйе құлаған жоқ. Кенесарының атын ақтағаны үшін жазаланған Ермахан Бекмахановтың тағдырын білесіз. Едігені, Мұрат, Дулат, Шортанбай жырауды, Махамбет-Исатай жырларын әдебиет тарихына кіргізіп, студенттерге дәріс оқығаны үшін сол кезде Қажым Жұмалиев түрмеге тоғытылды. Одан кейін кімнің батылы жетсін?
Ахаңды ақтаудың мүмкіндігі Қазақстандағы кеңестік тәртіптің саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау процесінің келесі кезеңі, қайта құру жылдарында Ахметтің қызының арызына сәйкес іске асты. Шолпан Ахметқызы Байсалова 1988 жылы мамыр айында КОКП ОК Саяси бюросы атына, заңсыз саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар ісін қарастыру бойынша Комиссияға арыз түсіреді.
– Мұндай деректі білмейді екенбіз.
– Оның «Ахмет Байтұрсынұлы ісі бойынша» №909-59 құжатында тігулі тұрған хатында ол өзі туралы былай деп жазады: «Менің өзім жер аударылудан 1933 жылы Алматыға қайтып оралдым, Байсаловқа тұрмысқа шықтым, алайда 1950 жылы әкем үшін түрмеге қамалып, Қазақ ССР Қылмыстық кодексінің 58-бабы бойынша 10 жылға сотталдым. Кесімді мерзімді Шамалғанда өтедім және 1953 жылы бостандыққа шықтым, содан кейін толық ақталдым» деп жазады. Сталиннің «баласы әкесі үшін жауап бермейді» деген қағидаты орындалмады. Тоталитарлық тәртіп «халық жауының» туғандары мен жақындарын мұқият бақылады. Шолпан Ахметқызы оған «Менің әкем Ахмет Байтұрсынов­тың жасап кеткен қазақ тілінің грамматикасын осы уақытқа дейін қолданып келеді, ал оның авторының есімі әлі де жабық күйінде қалып отыр. Сондықтан да, Ахмет Байтұрсынұлының әдеби және ғылыми еңбектеріне қойған шектеуді алып тастауларыңызды және оның авторлық құқын қалпына келтірулеріңізді өтінемін» деп КОКП-ның Саяси Бюросының комиссиясына жазған хаты дәлел болады. Осы арыздың негізінде Шолпан Ахметқызына 1988 жылы 10 қарашада әкесінің ақталғаны туралы анықтама беріледі. А.Байтұрсынұлы ақталғаннан кейін оның балалары мен немерелері ғалымның атындағы Қоғамдық қор құрып, ғалымның отбасы тұрған үйін музейге айналдырды. 2000 жылы Қостанайда ескерткіш орнатылды.
Елі үшін атылып кеткен Алаш арыстарының тағдыры ел зиялыларының жүрегінде жүрді десе болады. Оған негіз ретінде мына құжатты айтар едім. Онда Бектеміс Әшімбек 1976 жылы (Қазақстан коммунистік партиясының ХІV съезіне) ашық хат жазады.
Ол да арыстарды ақтау мәселесіне назар аудартып, Алматының түбіндегі бұрынғы Өжет колхозының аумағында Қара-сай деп аталатын, халық Қанды сай деп атап кеткен жерде атылып кеткен Сәкен Сейфуллин, Ильяс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің сүйегі жатыр. Жермен-жексен болып кеткен бауырластар зиратын қазып, халықтың аяулы ұлдарының тырнағына дейін қалдырмай жинап алып, қайта жерлеу керегін айтады.
– Статистикалық мәліметтерге қарасақ, Қазақстанда тек қана саяси айып тағылып сотталған 105 000 адамның 25 000-ы атылған екен. Осылардың бәрі ақталып болды ма?
– Түбірі латыннан шығатын реа­билитация деген сөздің мағынасын ақтау, өз атын қалпына келтіру деп түсініп жүрміз ғой. Оның заңды, саяси, көпшілік (публичный) әлеуметтік ақталу сияқты түрі бар. Жалпы алғанда, қуғын-сүргіннің құрбаны болған жазықсыз жанның адал есімін қайтару. Алғашқы толқын Сталин өлгеннен кейін 1953 жылдың наурызында амнис­тиядан басталып, 1957-58 жж. тынышталды. 1960-1978 жылдары елімізде 7112 азамат сот процесі арқылы ақталды. Бірақ 1970 жылдың соңында бұл үрдіс тоқтатылды. Тек он жыл өткен соң барып, тоталитарлық қоғамның бет пердесін ашуға мүмкіндік туды. 1989 жылы сотта қарамай-ақ үкімнің күшін жою туралы шешімді прокуратура қабылдайтын болды. 1993 жылға дейін Қазақстан прокуратурасы 75 мың азаматты ақтады.
– Атылып кеткендердің іс­терінде қандай мәліметтер бар және олармен кімдер және қалай таныса алады?
– Ақталған азаматтардың артында қалған ұрпақтары, күші жойылған қылмыстық және әкім­шілік істермен танысуына болады. Онда сақталған қолжазбалары мен суреттері және басқа жеке құжаттарын көруге болады. Мұндай істерде жергілікті органдар берген түрлі анықтама, жұмыс істеген жерінен алынған мінездемесі, үкім мен айыптау қорытындыларымен танысады. Сондай-ақ туыстары атылған адамның қашан, қай жерде аты­лып, қайда жерленгені туралы мәлі­меттерді біле алады. Бірақ іс-қағаздардағы деректерді қылмыстық іске қатысты тұлғалардың және олардың ұрпағының заңды мүддесі мен құқығына қарсы пайдалануға тыйым салынады.
– Атылып кеткен немесе отызыншы жылдары Сібірге айдалған туыстарының іс-қағаздарымен танысу үшін не істеу керек?
– ҚР Ішкі істер министрлігінің ақпараттық сараптау орталығына өтініш жазасыз. Өткеніне үңіліп, тарихтың ақтаңдақ тұстарын қалпына келтіру бүгінгі ұрпақтың алдындағы маңызды іс деп ойлаймын.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды