«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тарихты тұлғалар жасайды

0 64

Ұлттық академиялық кітапханада Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты шығарған «Сұлтанмәмет Сұлтан: мемлекет қайраткері, дипломат және батыр» монографиясы мен «Орта жүздің сұлтандары мен батырлары» атты екі кітаптың тұ­саукесері өтті.

Алғашқы еңбекте қазақ-жоң­ғар және қазақ-қалмақ со­­ғысында ерлік көрсеткен Қып­шақ ұлысының басшысы, хан Абылайдың немере ағасы, хан Әбілмәметтің қайын атасы – Сұлтанмәметтің өмірі мен қай­раткерлігі баяндалады.
Ертістің оң жағалауын жай­лаған халыққа үстемдік жүр­гізген Сұлтанмәметтің рөлі, Ресей империясына қарсы саяси қарсылықтар, ханның сауда-шаруашылық қызметі, Ертіс жағалауындағы хан сарайының салынуы, оның отбасы мен үзеңгілестері туралы мол мәлімет жазылған. Сұлтанның атақты ұрпақтары мен олардың бергі заманда саяси қуғындалуы да осы кітаптың арқауын ашып тұр.
– Өкінішке қарай, ХVІІІ ға­сырдағы жалпыұлттық деңгейдегі бірегей тұлға – Сұлтанмәметтің өмірі мен қызметі зерттеушілер назары­нан тыс қалды. Тұлғаның қазақ тарихындағы еңбегін айт­қанда, Ертістің оң жағалауын қазақ хал­қына қайтарып бергені ұмы­тылмауы тиіс. Хан Абылай қайтыс болғаннан кейін, 1781 жылы жал­пы­халықтық құрылтайда бү­кіл қазақ тағын иеленген бас­ты үміткерлерінің бірі болды. Бұл дегеніміз оның қазақ мем­ле­кеті құрылымындағы орнын дәлел­дейді, – дейді инс­титуттың директоры, тарих ғы­лымдарының докторы, профес­сор Зиябек Қабылдинов.
Астаналық зиялы қауымның алдында тұсауы кесілген екін­ші жинақ – «Орта жүздің сұл­тандары мен батырлары» атты мұрағат ­материалдары жи­нағы. Оған Омбы және Орын­бор облыстарындағы тарихи мұрағаттарының құпия ма­териалдарының жарыққа шы­ғуы Абылай ханды тұтқындау әре­кеттері, «Шаңды жорық» ке­зіндегі Орта жүздің 50000 әскерінің атқа отыруы және сол кезеңдегі маңызды тарихи құжат­тар топтастырылған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды