«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ТАРИХИ ЖЕҢІС

0 25

Еуропа лигасында өнер көрсетіп жатқан «Астана» төртінші турдың ойы­нын Нетания қаласында өткізіп, Израильдің чемпионы «Маккаби» командасын 1:0 есебімен ұтты. Бұл УЕФА-ның клубтық турнирлеріне қатысқан қазақстандық клубтың еуропалық команданы өз алаңында және сырт алаңда жеңген бірінші нәтижесі болды. Сонымен қатар, «Астана» отандық клубтардың арасынан УЕФА рейтингінде тұңғыш рет 72-орынға көтерілді.

Осыдан екі апта бұрын Астанада 0:4 есебімен ұтылған израильдіктер өз алаңындағы қарымта матчта тек жеңісті ғана ойлағаны сөзсіз. Алайда «Астанаға» да ұпай ауадай қажет еді. Осылайша, плей-офф ойындарына шығуды мақсат тұтқан екі команда да барын салып бақты. Әсіресе, «Маккаби» футболшыларының бірінші таймдағы қарқыны қатты болды. Дегенмен салқынқанды Стойловтың тактикасы жемісін берді. Бірінші таймда есеп ашылмады. Ал үзілістен кейін астаналықтар біртіндеп ойын тізгінін қолға алып, матчтың 57-минутында Абзал Бейсебеков «Маккаби» қақпасына қарай әуелетіп пас шығарды. Ал «Астана» сапындағы ганалық «қара маржан» Патрик Твумаси әріптесінің әдемі пасын тағдыршешті голға айналдырды. Осы есеп ойын соңына дейін өзгермеді. Осылайша, «Астана» тарихи жеңіске жетті.
Қалған екі ойынды «Астана» Испанияның «Вильярреал» командасына қарсы – Астанада, ал екінші ойынын Прагада «Славия» клубымен өткізеді.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды