«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тарихи сананы жаңғырту жолдары

0 176

Ұлттық бірегейлікті сақтау мәселесін бүгінгі күннің қажеттілігі тұрғысынан қарастыратын болсақ, оны Қазақстанның өркениетаралық және конфессияаралық диалогқа қосқан үлесі контексінде қарастыру өзекті әрі маңызды. Бұл жайлы Қазақстан Президенті Н.Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында тиянақты ой-тұжырымдар келтіреді.

Тәуелсіздік тарихына аздаған шегініс жасасақ, қоғамдық санадағы өзгерістерге куә боламыз. Елбасының һәм саяси биліктің бұқара халықпен қарым-қатынасында соңғы кезде бір жарасымды дәстүр өмірге еніп келе жатыр. Бұл, әсіресе, елдің рухани өміріне үлкен ықпал етуде. Мысалы, қазір дәстүрлі түрде тағдырлы, тұжырымдамалық мәселелер қарастырылған белгілі бір мақала немесе арнайы құжат халықтың назарына ұсынылуда.
«Ұлттық бірегейлікті сақтау». Алғаш рет бұл сөз тіркесі Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрініс тапты. Онда былай деп атап көрсетілген: «ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Оның екі қыры бар. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту». Біздің пайымдауымызша, бүгінгі қоғамның дамуындағы негізгі идеология­лық діңгек дәл осы қағидаттың негізінде қабылданып, өрбісе, қоғамдық сананы жаңғырту мақсаты өз нәтижесін берері анық.
Бүгінгі күні ресми айналымға «Ұлттық бірегейлік» аталатын жаңа түсінік (ұғым, термин) келіп қосылды. Н.Назарбаевтың қазақстандықтардың санасын жаңғыртудың алты бағытының ішінде үшіншісі етіп осы «ұлттық бірегейлікті сақтау» мәселесін алғаны, оның салмағының қаншалықты маңыздылығынан хабар берсе керек. Негізгі міндет – рухани бірегейлікті, ұлттық құндылықтарымыз бен озық дәстүрімізді сақтап қалу және оны жаңғырту.
«Қазақстандық бірегейлік» түсінігі, әсіресе, әлемдік деңгейде қазақ қоғамының соңғы жылдары жеткен жетістіктері, оның Қазақстанның өркениетаралық және конфессияаралық диалог­қа қосқан үлесі тұрғысынан қабылдануына қатысты мәселелерді анықтауға қолданылып келеді. Бұл – орынды да. Бұған көрнекі дәлел: Қазақстан халқы ассамблея­сы және «Мәдениеттер мен діндердің» халықаралық орталығы мекемелерінің қызметі.
Қазақстан халқы ассамблеясы өзінің 20 жылдан аса тарихында дербес заңды тұлға, әлеуметтік-саяси институт болып қалыптасты. Ол – өзінің ішкі даму заңдылықтары мен ережелеріне сәйкес түрлі этнос өкілдерінің дәстүрі мен мәдениетін қалыпты дамытуларына үлкен мүмкіндік тудырып отырған құрылым. Қазіргі қоғамда ассамблеяның үлгісімен өзге де елдерде осыған ұқсас ұлттар мен этностардың басын біріктіретін орталықтандырылған құрылымдардың ашылуы – оның қоғамда өзіндік орны бар әлеуметтік қажеттілік екенінің айғағы. Мұның бастауында, әрине, қазақстандық қоғамның ұлтаралық қатынас­тардағы бренді – «қазақстандық бірегейлік» тұр.
«Мәдениеттер мен діндердің» халықаралық орталығы өзінің 10 жылдық қызметінде әлемдік діндер мен конфессиялардың сыйласымдылықта, бір кеңістікте, көршілік қарым-қатынас жағдайында өмір сүре алатынын іс жүзінде дәлелдеп келеді. Бұған қоса, аталмыш орталық бүкіл әлемде бұрын-соңды болмаған құбылыс – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін Қазақстанда өткізуді дәстүрге айналдырып отыр. Съезд алаңында бүкіл әлем халықтары үшін тағдырлы деп танылған мәселелер талқыға салынып, оларды шешу жолдары қарастырылады. Діндер мен мәдениеттердің бейбітсүйгіш әлеуетін адамның мүддесіне бағыттаудың әлемде жоқ үлгілері Қазақ елінің топырағында дүниеге келуде. Оған қатысушылар Қазақстан қоғамындағы діни ұйымдар және этностар мен конфессиялардың ортақ мүддеге, бейбітшілік пен жасампаздыққа бағытталған тірлігіне қызығатындарын, осы елге ерекше ықылас танытатындарын мойындап отыр.
Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «ұлттық бірегейлікті сақтау» мәселесі өзінің тәжірибелік тұс­тарымен көрініс табады. Мақаланың негізгі лейтмотиві – ұлт руханияты жетістіктерімен мақтану, оны дәріптеу және еселеп арттыру десек, автордың мақсаты да сол – Ұлы даланың ұлылығын көрсету, оны мақтан ету.
Ұлы даланың бүгінгі мұрагері Қазақ елі екендігін бүкіл әлем мойындап отыр. Ұлы далада бүгінгі өркениеттің талай үлгілері алғаш рет пайда болып, кейіннен осы жерден барлық өзге елдер мен құрылықтарға тарады. XVI ғасырдың ортасына дейін түркі тілдес халықтардың ортақ тілі
болып келген қыпшақ (көне түрік) тілінің қара шаңырағын қазақ тілі иемденіп қалды.
Тарихи сананы жаңғыртудың ең ұтымды жолдарының бірі – қазақ тілін меңгеру. Қазақстан қоғамын жете тануда, оның арғы-бергі тарихын білуде, ұлт тамырының тереңіне бойлап, одан нәр алу және оны бүгінгі өміріне азық етуде қазақ тілін үйренудің маңызы зор. Бұл қағида «Рухани жаңғыру» бағдарламасында «ұлттық код» түсінігі арқылы негізгі шарттардың бірі болып қарастырылған. Оның шеңберінде «намыс», «ұлттық сана», «ұлтжандылық», «ар­ождан» сияқты түсініктерді игеру, оларды тәрбиенің негізі етіп алу мәселелеріне назар аударған жөн.
Тарихи сананы жаңғыртудың және бір жолы – тарихты қас­терлеу, ондағы ұлы тұлғаларды мақтан ету һәм оларды дәріптеу. Мұндай тұлғалар біздің арғы-бергі тарихымызда да, бүгінгі ортамызда жүрген замандастарымыз арасында да жеткілікті. Олар өздерінің білімі мен еңбегінің арқасында өркениет тарихын кезінде дүр сілкіндірген, әлемдік деңгейде тарихи сананы жаңғыртқан тұлғалар, әлемдік өркениет тарихында ойып тұрып орын алған отандастарымыз.
Әлемдік өркениетте өшпейтін із қалдырған тұлғаларымызды мақтан тұтудың өзі ұлттық сананы тәрбиелеудің, ұлттық бірегейлікті сақтаудың өзіндік жолы екендігін түсіну маңызды.
Бұл тарапта академик, техника саласының ғалымы Ақжан Машановтың өркениет тарихына қосқан үлесі еске түседі. Ол Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен қызметіне кезінде үлкен қызығушылық танытты. Әл-­Фарабидің Фараб (қазіргі Отырар) қаласында дүниеге келіп, өмір сүріп, ғылымды дамытып, артында бай ғылыми кітапхана қалдырып, қалайша Мысыр елінде жерленгенін және де ол қай этникалық құрылымнан шыққанын, қалайша Орта Азия халықтарының көпшілігі оны өзінің ұлтына телитіндігін зерттеді. Нәтижесінде әл-Фарабидің шыққан тегіндегі тайпа-рулардың XV ғасырда қазақ этнонимін құрап, қазіргі қазақ ұлтының құрамына енгенін дәлелдеп шыққан. Осылайша даулы мәселе шешілді, қоғамдық сана жаңғырды. Қазір Қазақстандағы байырғы беделді жоғары оқу орны – Қазақ ұлттық университетіне Әбу Насыр әл-Фарабидің аты берілген.
Айта кететін мәселе, академик А.Машановқа 50 жастан ас­қан шағында Мәскеуде бірнеше жыл арнайы араб тілін үйренуіне, одан Ұлыбритания, Каир кітапханалары мен мұрағаттарында бірнеше жыл зерттеумен айналысуына тиісті қолдау көрсетіп, жағдай жасаған және оны өзі тікелей бақылауда ұстаған Дінмұхамет Ахметұлы Қонаев болатын. Таланттарды қолдаудың осындай тамаша үлгілерін қазір де біз дәріптеуіміз, кеңінен насихаттауымыз керек.
Тарихи сананың дамуы мен жаңғыруын қарқынды жүргізудің жолы – жекелеген таланттар мен білікті мамандарды, зиялы қауым өкілдерін мемлекет тарапынан жүйелі түрде әлеуметтік-қаржылық қолдау және ынталандыру.
Білімді дәріптеудің тарихи сананы жаңғыртудағы рөліне Н.Назарбаев үлкен мән береді. Осыған байланысты жоғарыда жазылған белгілі межелерге жетудің тиімді амалдарының бірі ретінде мынадай ұсыныс айтуға болады. Біздің елдің жағдайында білім жүйесінің ағымдағы тәртібіне түбегейлі өзгеріс енгізу қажеттілігі туындайды және оны басты назарда ұстаған тиімді болмақ. Нақтырақ айт­қанда, ғылым мен білім саласын қаржылық қамтамасыз етудің қосымша жолдарын қарастыру қажет. Тарихи сананы жаңғыр­тудың негізгі себепкерлері ғалымдарға, ғылыми-педагогикалық қызметтегі мамандарға, өнер саласы қызметкерлеріне, ғылыми-зерттеу саласына, тарих және басқа гуманитарлық ғылымдар бағытындағы қызметкерлерге еңбекақыларын көтеру, оларға түрлі қосымша материалдық қолдау көрсету механизмдерін іске асыру маңызды.

Қамажан ЖҰМАҚАСОВА,
«Ұлағат» мәдениет және

даму қорының атқарушы директоры

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды