«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тарихи мұра цифрланып тұрсын

0 8

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында архив саласына үлкен серпіліс беретін «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасау қажеттігі аталып өтілді. Осы мақалада айтылғандай, қазақ тарихына байланысты алыс және жақын шет елдердің архивтеріндегі қазақ тарихына қатысты барлық құжаттарды әкелуіміз керек, әкеліп қана қоймай, цифрландырып көпшілікке қолжетімді етуіміз қажет.

Шын мәнінде архив құжаттары кез келген адам үшін қолжетімді болуы тиіс. Соңғы кезде атамұра тарихына қызығатын жас­тар көбейді. Олар ақпаратты қайдан алады – интернеттен, олай болса, архив құжаттарын ұсынуда солардың ыңғайына бейімделуіміз керек. Бұл ретте цифрландырудың мәні зор.
Елбасының бағдарламалық құ­жатының жариялануы қарса­ңында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт ми­нистрлігінің Қазақстан Респуб­ликасы Ұлттық архиві Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдар мен ұйымдар өкілдері, тарихшы-ғалымдар, республикамыздың 17 өңірінен архив саласының қызметкерлері, архив ісі бас­қармаларының, облыстардың мемлекеттік архивтері басшылары мен мамандары қатысқан Қазақстан Республикасының «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заңының 20 жылдығына арналған «Архивті цифрландыру: дамудың жаңа траекториясы» республикалық ғылыми-практикалық конференциясын өткізді.
Конференция барысында сала қызметкерлері архив ісінің өзекті мәселелері бойынша қызу талқылау жасап, әрқилы көзқарас, алуан пікірталастар кең орын алды. Елбасы өз мақаласында айтып өткендей, архив құжаттарын белсенді түрде цифрлық форматқа көшіру қажеттілігіне тоқталды. Сондықтан бұл мақала біздің жұмысқа үлкен серпіліс беріп отыр.
Қазақстан үшін тарихи және мәдени құндылығы бар құжат­тарды шетел мемле­кеттерінің архивтерінен, кітапханаларынан және ғылыми мекемелерінен іздестіру және сатып алу жө­нін­­де қабылданған шаралар нәтижесінде Ұлттық архив қо­рының құрамы мен мазмұны едәуір байып келеді. 2007 жылы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында Армения­да, Египетте, Ұлыбританияда, Германияда, Ресейде, АҚШ-та, Түркияда, Қытайда мыңдаған бағалы тарихи құжаттық деректер анықталды. Осы жылдың қыркүйек айында Түркияның арнайы шақыруымен біздің делегация Ыстамбұлдың Осман архивінде болды. Сапар барысында Қайып ханның 1715-1720 жылдар аралығында Осман империясының сұлтандарымен жазысқан хаттарына қол жет­кіздік.
Ұлттық архивтің қорларында жоғарыда аталған шет мем­ле­кеттерінен әкелінген құ­жат­­тардың басым бөлігі ауда­рылмаған. Осыған байланысты тарихшы ғалымдармен бірлесіп көптеген құжаттарды аудару бойынша көлемді жұмыстар кешенін жүргізу қажет. Өйткені бүгінгі таңда Қазақстан тарихына деген қызығушылық күн арта ұлғайып келеді. Осы орайда Елбасы мақаласында өз тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатып, отаншылдық тәрбие беру мектеп қабырғасынан басталу керек екенін атап өтті. Сондықтан да мақалада көрсетілген ба­ғыт­тарды орындау аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық ар­хиві жас ұрпаққа архивтік құ­жаттар арқылы тарихына деген қызығушылығы мен патриоттық сезімдерін ояту мақсатында мектептермен тығыз байланыс орнатуды жоспарлап отыр.
Соның бір дәлелі ретінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған іс-шаралар аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық архивіне танымдық экскурсиялар өткізіле бастады.
Бүгінгі таңда «Архив – 2025» бағдарламасы іске асырылатын жеті жыл ішінде архивистер, тарихшы ғалымдар, мәдениеттанушылар бірігіп Қазақстан тарихына қатысты құжаттар елімізге қайтарылу жолында еңбек етеді деген сенім білдіреміз.
Сондай-ақ, біздің архив қыз­меткерлері алғаш рет «Асыл мұра» республикалық қоғамдық бірлестігін құрды. Бірлестік тек Қазақстанда ғана емес, шет елдерде де архив құжаттарын жинаумен айналысатын болады. Оның құрамына тәжірибелі архивис­термен қатар архив саласының ардагерлері де кіреді, жастармен өз тәжірибесімен бөліседі.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 219 архив бар, олардың әрқай­сысында цифрландыру дербес жүріп жатыр. Оны біріктіру үшін бірыңғай құжат айналымы жасалады, осылайша, жақын арада Қазақстанда бірыңғай деректер базасы болады, яғни азаматтар бір архивте барлық архив құжаттарына қол жеткізе алатын мүмкіндікке ие болады. Бұл жұмыс қазірдің өзінде қолға алынуда, ал 2019 жылы толық жүзеге асырылады.
Алдымызда үлкен жұмыстар күтіп тұр, өйткені біздің мем­ле­кетіміздің архивтерінде сақтауда тұрған құжаттар мен материалдардың жалпы саны 24 миллионнан асады. Бізге күн сайын жедел түрде жауап беру туралы сұранымдар келіп түседі және біз осы 24 миллион құжатты цифрландыруға тиіспіз, ал екінші жағынан, бұл көлем жыл сайын артып келеді. Жыл сайын ұлттық архив 30-50 мың сақтау бірлігімен толығуда. Кейбір министрліктер материалдарды цифрландырылған нұсқада беру арқылы біздің міндетімізді біршама жеңілдетіп жатыр.
Ең бастысы, «Бірыңғай элек­трондық архив» бағдарламасы бар, соның аясында осы жұ­мыстар атқарылатын болады. Әсіресе, ҚР Президентінің жуырдағы мақаласы біздің бағдарламамызға серпін береді. Архив – бұл стратегиялық бағыт, бұл біздің тарихымыз. Біз оны «көздің қарашығындай» сақтап, көбейтуіміз керек.
Президенттің жаңа мақала­сында Ұлы даланың тарихына қатысты терең көзқарас жатыр деп ойлаймыз. Өскелең ұрпақтың бойына «Мәңгілік ел» идеясы негізіндегі игі қасиеттерді сіңіре отырып, мақалада көрсетілген маңызды шараларды жүзеге асыруды архив саласының мамандары патриоттық борышы деп санайды.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды